«Қазақ әлемі» атты ерекше кітап жарыққа шықты

«Қазақ әлемі» атты ерекше кітап жарыққа шықты

04.12.2019 Off 37

OQSYZ. «Отандастар» қорының бастамасымен әрі қолдауымен жарық көрген «Қазақ әлемі» (2 том қазақ тілінде) – «Мир казахов» (2 том орыс тілінде) кітаптары жобасының тұсаукесері өтті.

Өмірбаяндық циклдің қазақ-орыс тілдерінде жазылған екі томдық алғашқы екі жинағында шет елдерде тұратын, өз саласында көш басынан көрініп жүрген танымал 50 қазақтың әңгіме-сұхбаты қамтылған. Ғалымдар, бизнесмендер, спортшылар, артистер, компания жетекшілері – олардың әрқайсысының өзіндік тарихы бар.

Өзге елдерде елеулі жетістіктерге қол жеткізген қандастарымыз өз өмірі, таңдаған жолы мен болашаққа жоспарлары туралы өздері әңгімелейді.

Туған жерден шалғайда жүрсе де, олар шеттегі қазақтардың басын қосып, әркез қолдау көрсетуге дайын. Олар әлемнің түпкір-түпкірінде: Англия, Германия, Нидерланды, АҚШ, Жапония, Қытай, Түркия, т.б. мемлекеттерде қазақ қоғамдарын құруда. Қазір жолыңыз түсіп, қай елге бара қалсаңыз да, белсенді һәм білімді қандастарымыз құрған бірлестіктерді тауып алуға мүмкіндік бар.

Осы кітап арқылы біз қазақ деген қасиетті ұлттың біртұтас, мызғымайтын мықты әрі аса қабілетті халық екенін, қай елді, қай жерді мекен етсе де, ұлттық болмыс-бітімін, түп-тамырын жоғалтпайтынына отандастарымыздың назарын аударғымыз келді. Сондай-ақ, қазақтардың әлемдік қауымдастықтағы өзіндік бірегей орнына, қонақжайлылық, кеңпейілділік, үлкенге құрмет, кішіге ізет сынды құндылықтарын әлемге өз салт-дәстүрі, музыкасы мен көркемөнері, мінез-құлқы арқылы танытып келе жатқанына кеңірек тоқталып, көбірек көңіл бөлуді мақсат еттік.

«ҚАЗАҚ ӘЛЕМІ» – «МИР КАЗАХОВ»

Шет елдердегі қазақтардың өнегелі өмірі, ерен еңбегі және елеулі жетістіктері жайында сыр шертетін жаңа жинақ – ерекше кітап.

Ерекшелігі сол – бұл туындының белгілі бір авторы жоқ. Кітап кейіпкерлері өзі жайында өздері баяндайды. Әр өмірбаян – өзгеше бір әлем.

 Бірінші кітапта 24 этникалық қазақтың өмірбаяны топтастырылған. Ал, екінші кітапта 26 жас кейіпкердің өмір тарихы қамтылды.

Тілі жатық, әсерлі әңгімемен өрілген кітапты оқу барысында туған-туыстарынан, достарынан алыс, өз Отанынан жырақта өмір сүретін қазақтардың төл тарихымен танысуға  болады. Әлбетте, шетте жүрген әр қазақтың жүрегінің бір түкпірінде Қазақстанына деген шексіз махаббат бары ақиқат. Осы құштарлық әлемнің әр қиырында жүрген қандастарымызды қауыштырып, отандастарымызды біріктіреді. Олар өзінің ұшқан ұясы – Ұлы Отанын естен шығармай, жадында ұстайды. Осы отансүйгіштік, қазақылық қасиеттерінің арқасында кейіпкерлеріміз өмірдің әр саласында жетістіктерге жетіп, биіктерді еңсеріп жүр.

Кітапты құрастырушылардың айтуынша, кітапқа дәл осы адамдар әдейілеп таңдап алынбаған. Бұл елу кейіпкер – өз ұлтының ұлылығын көрсетуді, қай елде, қай жерде болмасын, қазақ деген атты мақтанышпен алып жүруге мүдделі. Қайда жүріп-тұрмасын, өмірден өз орнын табуына болатынын әрқайсымыздың санамызға жеткізуді мақсат тұтқан жасампаз жастар – «Отандастар» қорының бастамасына алғаш үн қосқандар.

Бірінші кітапта қамал бұзар қырық жастан асып, қатарластары мен ізінен ерген жас буынға еңбекқорлық пен адамдықтың үлгісі болып жүрген қандастарымыз туралы айтылады. Олардың қатарында самайын ақ шалса да, қажыр-қайратын сарқа әлі де адамзат игілігіне еңбек сіңіріп келе жатқан атпал азаматтар бар. Қай шет, қай қиырда жүрсе де, олар атамекенін есте ұстап, Қазақстанның мәдени және экономикалық дамуына қомақты үлестерін қосып жүр.

Екінші кітапқа жасы отыз-қырыққа жетпеген жас буын өкілдері топтастырылған. Олардың арасында біз үшін әлі бала көрінетіндері де бар. Ойлап қараңызшы, айналамызда жасы жиырмаға толса да әлі күнге дейін ата-анасының, туған-туыстарының қанатының астынан шықпаған, дербес шешім қабылдауға қауқарсыз бозбалалар мен бойжеткендер қаншама? Ал бұл кітаптың кейіпкерлері – жасы кіші болса да, өзгелерден ақылы асып, өмірде таңдаған жолдарында жетістіктерге жетіп, ұжымдардың басын қосып, өзгелерге көмек көрсетіп жүрген, қалыптасқан тұлғалар.​ ​ ​

2019 жыл елімізде «Жастар жылы» деп жарияланған болатын. Сондықтан мемлекетіміздің ортақ мақсаты – қазақ жастарына қолдау жасап, өз замандастары үлгісімен жарқын болашаққа үндеу үшін «Отандастар» қорының қосып отырған осы қомақты үлесін жақсы ниет, жанашыр қадам деп қабылдауға болады. Әзірге жас буынға үлгі болар 26 кейіпкер қамтылды, алда әлі де талай тарих айтылып, тағылым алар тамаша сырлар ақтарылары сөзсіз. Жағымды жаңалыққа толы жақсы кітап жалғасын табады деп сенеміз.

Фариза АЙТҚҰЛОВА