Елбасының қатысуымен «Астана клубының» бесінші отырысы өтеді

Елбасының қатысуымен «Астана клубының» бесінші отырысы өтеді

29.10.2019 Off 68

OQSYZ. Ағымдағы жылдың 11-12 қараша күндері Нұр-Сұлтан қаласындағы «Назарбаев Орталығында» аймақтағы геосаясат пен қауіпсіздік мәселелерін талқылауға арналған үлкен алаң «Астана клубының» бесінші жылсайынғы отырысы өтеді. Екікүндік шара аясында дүниежүзіндегі ауқымды құрлықты не күтіп тұр және жаһандық үдерістер қай бағытқа қарай қарқын алуда деген маңызы сауалдар талқыға түспек.

Бесінші отырыс «Үлкен Еуразия: жаһандық ынтымақтастықтың жаңа құрылымы жолында» тақырыбы аясында өтеді.

Мерейтойлық форумның бірқатар негізгі спикерлерінің есімдері белгілі болды.

Клубтың сараптамалық талқылауына АҚШ, Қытай және Ресей арасындағы қырғи-қабақтың ушығуы, сауда протекционизмі мен популистік көңіл-күйдің артуы, сондай-ақ Иран мен Солтүстік Корея төңірегінде жаңа шиеленістердің бой көрсетуі сынды мәселелер арқау болмақ.

Әсіресе, Еуразияда ынтымақтастықтың болашақ құрылымын қалыптастыруға үлкен көңіл бөлініп, жаһандық қауіпсіздіктің сын-тегеуріндеріне қарсы тұру жолдарын іздеу, сондай-ақ ядролық қаруды бақылаусыз тарату мәселелеріне назар аударылады.

Шара аясында Әлемдік экономика және саясат институты Астана клубының қолдауымен жаһанның жетекші сарапшыларының стратегиялық болжамын жинақтаған «Еуразия 2020 үшін 10 басты сын-қатер» рейтингісінің кезекті шығарылымы таныстырылады.

Кезекті басқосуға шартараптың 23 мемлекетінен геосаясат, экономика мен халықаралық қатынастар саласының маңдайалды сарапшылары ретінде мойындалған 50-ден астам халықаралық спикерлер қатысады деп күтілуде. Құрметті меймандардың қатарында – 3 бұрынғы мемлекет басшысы, 5 экс-премьер-министр, 10 министр және 1 Нобель сыйлығының лауреаты бар. Форумға қатысатын сарапшылардың географиясы кең. Атап айтсақ, АҚШ, Испания, Италия, Ресей, Жапония, Сербия, Австрия, Норвегия, Қытай, Үндістан, Бельгия, Ауғанстан, Швеция, Португалия, Оңтүстік Корея, Египет, Бангладеш, Словения, Қырғызстан, Иран, Ұлыбритания, Пәкістан елдері бар.

 Қазақстанның Тұңғыш Президентінің төрағалығымен өтетін Клубтың пленарлық отырысының негізгі өзегі «Үлкен Еуразияны құру: серіктестіктің жаңа үлгісі» тақырыбын талдауға арналады. 

Шараға қатысатын  «Астана клубының» негізгі спикерлерінің құрамы:

Мұхаммед әл-БАРАДЕИ, Нобель сыйлығының лауреаты (2005), МАГАТЭ-нің Бас директоры (2013-2014), Египет
Джейкоб ФРЕНКЕЛЬ, JP Morgan Chase International Директорлар кеңесінің төрағасы, 30 (G 30) халықаралық тобының төрағасы, Израиль Ұлттық банкінің төрағасы (1991—2000), АҚШ
Жозе Мануэл БАРРОЗУ, Еуропалық Комиссия төрағасы (2004-2014 жж.), Goldman Sachs International атқарушы емес төрағасы, Португалия.
Хамид КАРЗАЙ, Ауғанстан президенті (2001-2014), Ауғанстан.
Хосе Луис САПАТЕРО, Испания премьер-министрі (2004-2011), Испания
Ив ЛЕТЕРМ, Бельгия премьер-министрі (2008, 2009-2011), IDEA халықаралық институтының бас хатшысы, Бельгия.
Шаукат АЗИЗ, Пәкістан премьер-министрі (2004-2007), Пәкістан.
Данило ТЮРК, Словения президенті (2007-2012), Словения.
ЮН Бёнсе, Корея Республикасының Сыртқы істер министрі (2013-2017), Оңтүстік Корея.
Франко ФРАТТИНИ, Италияның Сыртқы істер министрі (2002-2004, 2008-2011), Италия.
Михаил ФРАДКОВ, Ресей стратегиялық зерттеу институтының директоры, РФ Үкіметінің төрағасы (2004-2007), РФ Сыртқы барлау қызметінің директоры (2007-2016).

Шара ұйымдастырушысы – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры және Әлемдік экономика және саясат институты.

«Астана клубының» миссиясы – Қазақстанның сыртқы саясатының басымдықтары тұрғысынан жаһандық күнтәртібін қалыптастыру үшін Еуразияның жетекші сарапшылары, саяси көшбасшылары мен дипломаттарын бір алаңға біріктіру.

«Астана клубының» жұмысына дәстүр бойынша Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қатысады.

«Астана клубы» отырыстарының бір бөлігі «Chatham house» ережелеріне сәйкес өткізіледі. Бұл талқылаудың жабық сипатта өтуін сақтайды және қазіргі уақыттағы Еуразия мен әлемнің ең өзекті мәселелерінің өткір әрі ашық талқылануына мүмкіндік береді.

Осы жылдар ішінде клуб отырыстарына 40 елден 200-ден астам спикер қатысқан.