Арыстанбек Мұхамедиұлы қоғам қайраткері Қажымқан Мәсімовтің отбасына көңіл айтты

Арыстанбек Мұхамедиұлы қоғам қайраткері Қажымқан Мәсімовтің отбасына көңіл айтты

08.04.2019 Off 74

OQSYZ. Еліміздегі мәдениет, спорт салаларының жанашыры, қоғам қайраткері Қажымқан Мәсімов өмірден озды.

Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы фейсбук парақшасында жариялап, орны толмас қайғыға көңіл айтты.

-“Бұл – Қажымқан Қасымұлының туған-туысы, жақындары, өмір жолында қатар жүрген адамдардың қабырғасын қайыстырған ауыр қаза.

Өз ісінің білімді де білікті маманы ретінде жастарға берері көп еді. Біз бірлесе ұйымдастырған жобалар кезінде Қажымқан Қасымұлының спортта, өнер мен мәдениет саласында жастарға қолдау көрсеткеніне талай куә болдық. Ол жан-жақты тұлға – Қазақ туризм және спорт Академиясының спорттық медицина кафедрасының құрметті профессоры, Қазақстан Йога ассоциациясының басшысы, кәсіпкер, Қазақстан Ұлттық агрокәсіптік палатасының жетекшісі, меценат, қоғам қайраткері, көмекке мұқтаждарға қол ұшын созған адам ретінде есімізде қалады.

Қажымқан Қасымұлы өзінің мүшелтойына бірнеше күн қалғанда дүние салды. Қажымқан Қасымұлының туыстарына, жақын адамдарына шын жүректен қайғырып көңіл айтамын. Орны толмас қазаға бекем болайық.
Иманды болсын”,- деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Еске сала кетейік, Қажымқан Қасымұлымен қоштасу рәсімі 8 сәуірде сағат 20:00-де Алматыдағы қабылдау үйінде өтеді. Ақтық сапарға шығарып салу рәсімі  9 сәуірде сағат 10.00-ден 11.00-ге дейін Алматы қаласында Ғалымдар үйінде (Ғылым Академиясы) өтеді. 9 сәуірде сағат 13:00-де Қабылдау үйінде ас беріледі.