Сыр тұнған Сайрам

Сыр тұнған Сайрам

04.01.2019 Off 262

OQSYZ.Мәңгілік Ел болуды мұрат еткен, қастерлі ұлттың тарих-тамыры тереңде жатқаны анық. Оған куә дархан даласы мен қайсар халқы. Бабалардан мирас боп қалған, осынау кең байтақ өлке ғасырлық нәубеттерді басынан кешіргені мәлім. «Екі Отан жоқ, жалғыз Отан – мекенің» – деген М.Мақатаев әрбір адамның Отанының жалғыз екенін айтады. Дала даналарының жалғасы, жазушы Бауыржан Момышұлы: «Отан – адамның туып өскен жері, атамекені, ел-жұрты, табиғат байлықтары, халқы, қоғамдық және мемлекеттік құрылысы: тіл, мәдениет, тұрмыс-салт, әдет-ғұрып ерекшеліктері бар белгілі бір халықтың тарихи тұрағына айналған аумақ» – деп анықтама береді. Отанды сүюге, құнын біліп қадірлеуге, абыройын көтеруге кез-келген адамның азаматтық міндеті деп білемін.
Жас ұрпақ бойында тарихи сананың қалыптасуына ықпал ететін дүниелер көп. Соның бірегейі – ғылымның өлкетану саласы.
Өлкетану – тарих, әдебиет, география, музыка, тіл білімі ғылымдарымен тығыз байланысты. Кемеңгер бабаларымыз – жер-су атауларына аса мән берген. Туған топырақтың тарихын тану, болмысына сіңіріп, санада зерделеу, оны күнделікті өнегелі ісімен үндестіру – әрбір перзенттің борышы.
Қазақ даласы – туыстас Түркі халықтарының қара шаңырағы. Ордалы Оңтүстік дейтін аймақ – мемлекетіміздің мәйегі. Облыс құрамында этномәдениеті тереңде, көптеген этностық ұлт өкілдерінен құралған, сансыз бабтар мекені – Сайрам ауданы бар. Тарихи өлке барлық аумаққа танымал. Олай дейтінім, шөккен нардай жоталары, тұқсиған төбелері, қыраттары, сылдырап аққан суы, асау өзендері, қаншама ғасырлық шежіре толы тарихты бұғып, жасырып жатыр. Сайрам ауданының тарихын толық түгендеу алғаш «Сайрам шежіресі», «Сансыз бабтар мекені» атты кітаптары арқылы бірізге түсуге баспалдақ болды. Сонымен қатар, аудан тарихын өз шығармаларына арқау еткен талантты жандар да бар. Олар: Е.Қойбағарұлы, Т.Оразбаева, Ә.Байназаров, Б.Тіленшина, Т.Тұрапбеков, З.Исатайқызы, Қ.Төретайұлы, С.Нұрманұлы, Ә.Пратов, Н.Төремұратов және т.б.
Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаев: «Біз өз тарихымызды өзгелер тұрмақ, өзімізге де толық таныта алмай келе жатқан халықпыз. Зерттемесек, жазбасақ, жарияламасақ кім не деп таниды? Тарихты елдің азаматтары жасайды. Қазақ ұлтының басқа қай ұлтпен салыстырғанда да мемлекеттікке лайық екеніне сенімдімін. Мұны ол өзінің бүкіл тарихымен дәлелдеп отыр» – десе, келесі сөзінде, «Қазақ тарихында – қазақ ұялатын ештеңе жоқ» – деген тұжырым жасайды. Туған топырақтың атауына мән беріп, тарихы мен мазмұнына үңілу, санада ұғыну қиын да қызықты жұмыс екені ескергеніміз абзалырақ.
Мардымды жұмыстардың келешек игілігіне жұмсалуы одан да салмақты іс. Жер-су атауларының мәнін ашуды, қолға алып, аңыз-әңгімелерді жинақтап, аудандық «Мәртөбе» газетінде, республикалық басылымдар да жарияладық. Мұнан ұққанымыз аудан топонимдерінің тарихы – Сақ, Қарлұқ тайпаларына бертінде Түрік дәуіріне тіреледі. Көп атаудың төркіні түркі тіліне тән. Өзен-бұлақтардың, қырат-төбелердің қайсысы болмасын үлкен тарихтың кеніші.
Зияда ақынның тілімен өрнектесек,
Көне Сайрам кемеңгерлер мекені,
Даңқың көктеп, ғасырларға жетеді!
Сансыз баптың тарихына үңілсең,
Әр кірпіші шежіре боп кетеді. – деп ой толғайды.
Қазақтың төл тарихында өзіндік орны бар, Қарлұқ пен Ханқорғанның да біздің ауданға тиесілі ғасырлық жәдігерлер екенін аңғармау мүмкін емес. Манкент, Көлкент секілді кіші атақоныстардың атауларында қаншама мөлтек сыр барын білмеген екенбіз. Арыс, Ақарыс, Құтарыс атаулары, Сайрамсу, Ақсу, Қарасу, Ақбұлақ, Қарабұлақ, Көмешбұлақ мекендерінің тарихи атау мағынасына аса мән беріп, мағынасын ашуды мұрат еттік. Оймауыт, Ошақты, Шапырашты атанған қазақ руларының атауына негізделген аймақтар да көптеп кездеседі. Әсіларық, Сарыарық, Қыдырбайарықтардың елдің ырыс-арығына айналғандығын байқаймыз. Әйтеке би, Қасымбек датқа, М.Оразалиев, К.Тіленшин, Қ.Жандарбеков секілді елдің еңселі еріне айналған азаматтардың тарихына үңілуді жөн санадық.
Ғалым Е.Керімбаев жер-су атауларына байланысты топонимдер мен антротопонимдердің қалыптасуына 3 фактордың әсер ететінін көрсетеді:
1. Географиялық фактор
2. Этнографиялық фактор
3. Тарихи фактор. Аудандағы өлкелердің атауында осы факторлардың әсері барын аңғармау мүмкін емес.
Ақын, ауданның «Құрметті азаматы» Баян Тіленшина:
Сайрамым, жұмақ Сайрамым
Тұранның туы айдарым,-дей келе, «Тойыңда, елім, толғандым» деген өлеңінде:
Нұр сіңірген аспаннан
Сайрамым – дархан дастархан! – деп елдің құнын жоғары қойып, береке мен ырыстың ұйысқан ұясына балайды.
Көз жіберіп бұрынғы өткен көнеге,
Ұрпағына ұқтырып тұр өнеге.
Ұлтымыздың мүбәрәгі – Сайрамым
Туымыздай көтереміз төбеге! – деген ақын З.Исатайқызының ізін жалғап, ізгі мұратын ұран етуді көздедік.
Ұлттың қамын жер ұрпақ қажет болса, жас буынға туған топырақтың тарихын санасына ұғындырсақ игі болар еді. Әрбір атаудың тарихи құпиясы бар екенін ескерсек, оны жарыққа шығару сізбен-біздің еншімізде екендігі даусыз.
Қазақстан ономостикасының тарихи-мәселелерін анықтап, талдаудан танбаған профессор Мекемтас Мырзахметұлы «Қазақ қалай орыстандырылды?» еңбегінде: «Топонимика – географиялық жер атаулары жайындағы ғылым саласы. Шәкірт атаулының географиялық жер атауларына дәріс үстінде мән беруі, оның саяси-әлеуметтік түп-төркініне ой жіберуі немесе туған өлкесіндегі топонимикалық өзгерістердің себеп-салдарына сыншылдық көзбен қарауы – оқырман санасын жаңғыртып, рухани жағынан іштей түлеп өсуіне ықпал етеді. Сондықтан да орта мектептер мен жоғары оқу орындарында оқытылатын қазақ әдебиеті, халық тарихы, туған тілі мен ол пәндердің қосымша өтілетін арнайы курстары мен семинар сабақтарында шәкірт назарын жанама түрде болса да, кейде, тіпті саналы түрде арнайы назар аудартып, аса қажетті ұғым-деректер беріп, географиялық жер атаулары тарихынан хабардар етіп тәрбиелей білу – ұстаз атаулының азаматтық парызына жатады» – деп бағамдайды. Бастаған ісімді мақұл көріп, бағдарлы бағыт берген өмірлік ұстаздарыма ерекше, зор алғысымды білдіргім келеді. (Мұны жағымпаздықтың жыры емес, жасампаздықтың жалынды үні деп ұққайсыздар)
Адамзат болмысында білім нәрі сәуле шашсын десек, өскен елдің тарихын толық ұғыну шарт. Елдің игілігіне жұмсалатын туған жердің құнын білуде орасан зор маңызға ие. «Топырақ кие – бойтұмар» – дегендей әрбір атауға турашыл сыни көзқарас қалыптастырып, ұлт мүддесі үшін еңбектенуден аянып қалмайық!

Бекзат АХМЕД,

“Сыр тұнған Сайрам” кітабының авторы