Ортағасырлық монша мен Қазақстанда кездеспеген мыс тиын табылды

Ортағасырлық монша мен Қазақстанда кездеспеген мыс тиын табылды

01.11.2018 Off 222

OQSYZ.Түркістан өңірі тарихи орындарға бай екені белгілі. Түркістан қаласында да ескерткіштер аз емес. Ежелгі тарихи орындардың бірі – Түркістан қаласының оңтүстік бөлігінде орналасқан Шойтөбе қалашығы болып табылады. Шойтөбе ғалымдардың пайымдауынша, Шауғар-Шавгар-Шафигар атымен танылған ерте ортағасырдағы Шауғар өлкесінің астанасы болған қала орны.


Биылғы жылы тарихта өз ізін қалдырған ескерткіште Ә.Марғұлан атындағы археология институтының Түркістан археологиялық экспедициясы ҚР Білім және ғылым министрілігінің қаржыландыруымен, «Түркістан археологиясы: ежелден Қожа Ахмет Ясауиге дейін» тақырыбы бойынша тарих ғылымдарының кандидаты Ерболат Әкежанұлы Смағұловтың жетекшілігімен зерттеу жұмыстарын жүргізді.
Үш ай көлемінде  жүргізілген зерттеу барысында Шойтөбе қалашығынан ортағасырлық монша ашылды.
“Монша қатты қираған, оның күйдірілген кірпіштерден тұрғызылған қабырғаларынан түк қалмаған. Нашар сақталғанына қарамастан, бұл ғимараттың жалпы жоспарлануы және де басқа белгілері жағынан монша екенін анықтадық. Сол кезде қалалық мәдениеттің деңгейін сипаттайтын қызықты деректің бірі – ғимараттан су құбырлары жүйесінің табылуы. Су құбырларының ұзындығы 73-78 см, диамтерлері 15-18 см болып келген. Олар өзара жалғасып отырған. Осы құбырлар арқылы сарқыраған су монша сыртындағы су сіңіргіш шұнқырға төгіліп отырғаны анықталды. Әзірше, екі каналды құбырлардың 20 метрлік учаскесі ашылды. Ал, монша мерзімі XI– XII ғасырларға тән екендігін бөлмелердің бірінен табылған күмістелген мыс теңгесі дәлелдеп отыр”,-дейді археологиялық топ жетекшісі  Ерболат Смағұлов.

Ортағасырлық мыс тиынды белгілі нумизмат маман П.Петров зерттеп, теңгелердің «бұхархұдат» түріне жататындығын анықтады. Мұндай ақшалар XI ғасырдың басында Саманидтер мен Қараханидтердің салықтық ақшасы ретінде шығарылған. Сондай-ақ,  ғалымның айтуынша, Қазақстанда ақшаның мұндай түрі бүгінге дейін кездеспеген.


“Археологиялық зерттеулер нәтижесі бойынша, Түркістан облысы қалаларында моншалар XI- XII ғасырларда пайда болған. Сол кезеңдерде монша қоғамдық құрылыстар қатарында көрнекті орын алған. Қазақстандық археологтар XI – XII ғасырлармен мерзімделетін моншаларды Отырар және Тараз қалашықтарынан ашып, зерттеді”,-дейді Түркістан облысындағы Тарихи өлкетану музейінің археология бөлімінің меңгерушісі Айсұлу Асқарқызы.
Ғалымдардың айтуынша, шығыс қалаларында монша қоғамдық құрылыстар қатарында көрнекті орын алған. Яғни, монша – мешіттен кейінгі адам ең көп баратын жер. Белгілі шығыстанушы И.А.Орбелидің «Монша және XII ғасырдың сайқымазағы» мақаласында монша жайлы кеңірек айтылған.
«… бүкіл Шығыстағы сияқты, Кавказда да қала бастығы да, цехтық ұйымдар да, өзі үшін және өз достары үшін монша салған жеке бай кісілер де ерекше қамқорлыққа лайық. Өйткені, монша –  жуыну үшін ғана емес, сонымен қатар күш-қуатты толыстыру, бұзылған көңіл-күйді көтеру, демалу үшін, достармен кездесіп, достық әңгіме-дүкен құру үшін, сатып алу мен сату туралы, сауда мәмілесі жайлы әңгімелесуге,  шахматтан немесе нардыдан шеберлік көрсету үшін қызмет етеді», дейді.
Сонымен қатар, моншалар өзінше бір емдеу орындары да болған. Закария ар-Рази IX – X ғасырларда өмір сүрген дәрігер. Ол моншаның ағзаға ықпалын суреттей келіп, ол орынды жақсы кескіндемелермен безендіруді ұсынған. “Шомылуға арналған нысан уайымнан арылтып, қаумалаған қалың ойдан сергітеді. Өйткені жуыну хайуандық, рухани және табиғи залалды қуаттарды әлсіретеді” деген.

НашарҚанағаттанарлықОрташаЖақсыӨте жақсы (1 Баға, Орташа: 5,00 / 5)
Loading...