Аты жоқ шыңға «Астананың 20 жылдығы» атауы берілді

Аты жоқ шыңға «Астананың 20 жылдығы» атауы берілді

15.09.2018 Off 482

OQSYZ. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі туризм индустриясы комитеті тапсырмасы бойынша Астананың 20-жылдығына арналған іс-шаралар аясында, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы Қазақстанның 20 шыңына экспедиция ұйымдастырды.
Бүгін Түркістан облысының Сайрам-Өгем Ұлттық паркінде орналасқан соңғы 20-шы шың Елорданың 20 жылдығына орай – «Астананың 20-жылдығы» атауын алды, деп хабарлайды OQSYZ.COM ақпарат агенттігі.

Альпинистер бағындырған шыңның биіктігі- 3446 метр.


“Бүгінгі ауқымды іс-шараға жастарды қарастырып отырмыз. Ондағы мақсат-өскелең ұрпаққа еліміздегі туризм саласын насихаттау, қадір-қасиетін терең түсінуге шақыру. Сондай-ақ, бүгінгі шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары,  «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басшылары, өңіріміздің билік өкілдері қатысуда. Алдағы уақытта Сайрам-Өгем Ұлттық паркінен жаңа туристік нысандар ашылатын болады. Қазіргі таңда жаңа инвесторлар тарту және түрлі жобаларды дайындау жұмыстары жүруде. Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай туристері қызығушылық танытуда. Келешекте ішкі және сыртқы туристік кестелер жасалып, 3-7 күндік демалыс сапарлар қолға алынады”, -дейді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ербол Тасжүреков.

Облыс әкімі орынбасарының айтуынша,  аталған жобалар жыл соңына дейін аяқталып, 2019 жылы 2 жоба іске асырылмақ.

“Елімізде туризм саласы енді ғана дамып келеді. Көрікті табиғатқа бай өлкелеріміз өте көп. Ішкі және сыртқы туристік жобаларды біз қолдаймыз. Алдағы уақытта қазақстандықтардың өзі шетел аспай-ақ, өз жеріміздің тамаша жерлерінде демалуына мол мүмкіндіктер ашылады”,-дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Олимпиада чемпионының халықаралық спорт шебері, Қазақстанның бокс бойынша еңбек сіңірген спорт шебері Серік Сәпиев.

Осы экспедицияны ұйымдастыру барысында туристік, экстремалдық спорт түрлерін дамытуға, экотуризм және трекинг бағдарларын ұйымдастыру үшін  әлеуеті жоғары 3 өңір – Алматы, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстары таңдалған. Экспедиция аясында кәсіпқой альпинистер шақырылып, бағдарлардың барлығы тыңғылықты зерттелген. Жалпы алғанда шараға 100-ден астам адам, оның ішінде кәсіби альпинистер және тәжірибелі саяхатшылар, танымал интернет – блогерлер қатысып, экспедиция нәтижесі бойынша олар осы маршруттарда инфрақұрылымды дамыту бойынша өз ұсыныстарын әзірлемек.
«Экспедиция Қазақстанның 5 негізгі таулы аймақтарын – Орталық Тянь-Шань, Іле Алатауы, Жоңғар Алатауы, Алтай мен Өгем жотасын қамтыды. Олардың нәтижесі бойынша жаңа туристік және альпинистік бағдарлар ашылады, ал жинақталған фото- және видеобанк жарнамалауға, жергілікті халықты ішкі туризм мен альпинизмге шақыруға қолданылатын болады.
Бүгінгі альпиниада болса ерекше болып табылады – өйткені альпинистер бағындыратын соңғы биіктік «Астананың 20 жылдығы шыңы» деп аталатын болады», – деп атап өтті «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Рашид Күзембаев.


Жоба жетекшісі Арман Хасенов, бұл экспедиция Қазақстан үшін маңызды екенін айтады.

«Жоба таулардың араларын зерттеуге, туристік әлеуетке баға беру мен инфрақұрылымды жақсартуға кеңес беру және жаңа Қазақстан туристік өнімін құруға бағытталған», – деді Арман Хасенов.
Бүгінгі таңда Тянь-Шань тауларының Қазақстан жағы айтарлықтай танымал емес. Сондықтан аталған шараның мақсаты қазақстандықтар мен дүние жүзіне елімізде тау туризмін дамытуға әлеуеті бар екенін көрсету. Келешекте экспедиция барысында жиналған материалдар туристік бағдарламалар мен тиісті халықаралық гайбуктерге енгізілетін болады.
Естеріңізге салайық, экспедиция Тань-Шань тауларының солтүстігінен Нұрсұлтан шыңынан басталды. Оның биіктігі – 4330,9 м. Экспедиция барысында қамтылған таулар 3200 метрден төмен емес. Олардың ең биігі – Алтай тауларында орналасқан – Мұзтау шыңы. Аталған шың 4506 метрді құрайды.
Батыс Тянь-Шаньдағы жаңа «Астананың 20-жылдыға» атауын алатын шың экспедиция қамтыған соңғы тау шыңы болады.
Астананың 20-жылдығына арналған «Ел жүрегі – Астана» іс-шаралары тек Астанада емес, басқа да аймақтарда жоғары деңгейде ұйымдастырылып жатыр.  Шаралар Қазақстанның жетістіктерін көрсетуге және қазіргі заманға лайықты және қауіпсіз қала, тарихи-мәдени, ғылыми, еліміздің іскерлік орталығы ретіндегі имиджін ілгері жылжытуға бағытталған.

Сержан Ақжол

Сурет авторы: Азат Дидарбек

НашарҚанағаттанарлықОрташаЖақсыӨте жақсы (10 Баға, Орташа: 4,90 / 5)
Loading...