Отырар ауданы Ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары нәтижеге қол жеткізді

Отырар ауданы Ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары нәтижеге қол жеткізді

30.06.2018 Off 224

Отырар ауданының әкімі “Алтын белгі” иегерлерін қабылдады.

Биылғы ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесінде Отырар ауданының білім саласы үлкен жетістікке қол жеткізіп, 90,4 пайызбен облыста алғашқы орынға шықты. Бұл жөнінде аудан басшысы Айтаханов Ерлан Қуанышұлы аймақтың жас түлектері және ұстаздарымен өткен  кездесуінде мәлімдеді.
Сондай-ақ, мектептегі қорытынды аттестаттаудың нәтижесі бойынша ауданда 49 оқушы «Алтын белгі» иегері атанып, ұстаздар мен ата-ананың үмітін ақтап шыққан.
«Бүгінде жастарымыздың сапалы білім алуына мемлекет тарапынан барынша қолайлы жағдай жасалынған. Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында балалық шақтан болашаққа қадам басқан жастар еліміздегі және шет елдердегі белді жоғары оқу орындарында білім алып, ғылыммен сусындауға мүмкіндік туып отыр.
Біз жыл сайын ауданымыздан түлеп шыққан үздіктерге мониторинг жасап, оларды «Алтын кадр» қорына тартуға жұмыс жасап отырамыз. Егемен елдің жалынды жастары ретінде білім нәрімен сусындап, алған білімдеріңізді туған жерлеріңіздің өсіп-өркендеуіне жұмсауларыңызға үлкен мүмкіндік бар. Сондықтан осы мүмкіндікті пайдаланып өз мамандықтарының үздіктері болуды қалайтын жандарды туған жерге қызмет етуге шақырамын.  Еліміздің кемел келешегі үшін Сіздердің болашаққа басқан қадамдарыңызға сенім арта отырып, алдағы істеріңізге сәттілік тілеймін», – деп жылы лебізін білдірген аудан әкімі Ерлан Айтаханов отырарлық түлектерді білім сынындағы үздік жетістіктерімен құттықтады.
Түлектермен кездесу, болашақ жайында аудан басшысымен ой бөлісіп, пікір алмасу келешек мамандардың арманына қанат байлатып, туған жерді түлетіп,  тарихы мен қадір-қасиетін қастерлеуге зор міндетті арқалатқандай. Кездесуде туған жердің тарихын тану, рухани танымын арттыру мақсатында аудан әкімі Ерлан Қуанышұлының қойған сауалдарына ойлы көзбен, салмақты жауаптарын жолдаған шәкірттер көпшілікке ерекше әсер қалдырды. “Еліміздің қай түкпірінде жүрсем де өз туған өлкеме ең қажетті саланың маманы болып ораламын”- деп, төрткүл дүниеге мәлім Отырардың тарихын, оны өзгеге насихаттау жолдарын терең оймен жеткізген Отырар жалпы орта мектебінің түлегі Айдана Тұрдалы аудан әкімінің арнайы сыйлығына ие болды.
Білім бәсекесінде   аудан атын асқақтатқан жастарға аудан әкімі арнайы сый-сияпаттар табыс етті.