Ақтөбе облысынан алтын киімді сармат көсемінің қорғаны табылды

Ақтөбе облысынан алтын киімді сармат көсемінің қорғаны табылды

25.10.2019 Off 210

OQSYZ.Ақтөбе облысынан алтын киімді сармат көсемінің қорғаны табылды.  Облыс әкімдігінің қолдауымен  Ә.Марғұлан атындағы археологиялық институты тамыз айынан бастап зерттеу жұмыстарын жүргізген. Бұл туралы Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин фейсбук парақшасында пікір білдірді.

“Темір ауданынан сүйінші хабар жетті! Өздеріңізге белгілі «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында және Елбасымыздың тапсырмасына орай тарихи-мәдени жәдігерлерді зерттеуді қолға алған болатынбыз.
Қазба жұмыстарына тиісті шаралар алынып, қаржылай қолдау көрсетілді. Бүгін, археологтардан ақжолтай хабар келді. Темір ауданының Тасқопа елді-мекенінің маңынан б.з.д. V ғасырда алтын киіммен жерленген сармат көсемінің қорғаны табылды.
Кезекті «Алтын киімді көне ескерткіш» – Ақтөбе өңірінің ғана емес, бүтін қазақ елінің тарихында ерекше орын алатын тарихи құндылық.
Кешегі Есік қаласынан, Шығыс пен Атыраудан табылған көне ескерткіштердің жалғасы бүгін Ақтөбе жерінен де көрініс берді. Бұл дегеніміз сол заманда қазақ жерін мекендеген бабаларымыз өркениеттің жоғары сатысында өмір сүргендігін көрсетеді.
Бұл қойнауы құтты, тарихы тереңде жатқан Ақтөбе өңірінен табылған құндылықтардың бастамасы ғана деп білемін. Мұндай тарихи жәдігерлер әлі де көптеп табылып, Дүние жүзінің алдында Қазақ елінің мәртебесін көтереді деп сенемін”,- деді облыс басшысы.

Алтын бұйымдармен жерленген адам 5 метр 70 см тереңдіктен табылды. Зерттеу, анықтау жұмыстары алдағы үш жыл бойы жалғасын таппақ.