Испандық кинематографистер Қазақстандағы қуғын-сүргін кезеңі жайлы фильм түсіреді

Испандық кинематографистер Қазақстандағы қуғын-сүргін кезеңі жайлы фильм түсіреді

11.03.2019 Off 161

OQSYZ. Испандық кинематографистер Қазақстандағы қуғын-сүргін кезеңі жайлы фильм түсіреді. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы фейсбук парақшасында жазды.

-“Достарым, осыдан біраз уақыт бұрын Қазақстанға Испаниядан мадридтік Plano a Plano жетекші кинокомпаниясы кинематографистері келген болатын. Алматы, Қарағанды, Астана қалаларында болған олар біздің елге деген сүйіспеншілігін жасыра алмады. Қазіргі таңда біз тарихи киножоба бойынша ынтымақтастық мүмкіндігін талқылаудамыз”,- деді министр.

Испандық продюсерлер мақсатты түрде Қарлаг пен «АЛЖИР» музейлеріне барып, Қарағанды облысына жер аударылған әскери тұтқындар мен репрессияға ұшырағандар тақырыбын терең зерттеуге кіріскен. Фильм Қазақстан тарихындағы қиын-қыстау кезең – 40-50-ші жылдар туралы болмақ.

Қарлаг – 1930-1950-ші жылдардағы ірі еңбекпен түзеу лагерлерінің бірі екені белгілі. Мұнда әртүрлі елдердің көптеген өкілдерімен қатар 150 испандық әскери тұтқын болған. Қазақстан сол қасіретті жылдар туралы архив құжаттарын ресми түрде Испанияға берген КСРО құрамындағы республикалардың ішіндегі бірінші ел болды. Бұл құжаттар тұтқындардың туыстары мен жақындары және зерттеушілер үшін баға жетпес айғақтар болып табылады.

-“Plano a Plano кинокомпаниясы өкілдері, продюсерлер Цезарь Бенитес, Эмилио Амаре, сценарийшілер Хуан Карлос пен Росио Мартинез елімізге келмес бұрын испандық Энрико Гаспар Родригестің «Қарағандыда ұмытылғандар» деректі фильмін көріп, ондағы тұтқын испандықтардың тағдыры ерекше әсер етіпті. Бұл жоба бойынша Қазақстан тарапынан «Жаңа әлем» продакшн» компаниясы келіссөздер жүргізуде,-деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

-«Қазақстанға сапарымыз біз үшін өте пайдалы және әсерлі болды. Біз сіздердің ұлы елдеріңіз, оның қиын да қызық тарихы туралы білдік. Қазақстан халқының қайырымдылығы, тарихы бізді шабыттандырды, локациялар да ұнады. Қазақстанмен бірлесе репрессия кезіндегі адамдар тағдыры мен қарым-қатынастарын суреттейтін көркем фильм түсірмекшіміз. Біз әртүрліміз, айырмашылықтарымыз бар, бірақ бізге ортақ дүниелеріз жетерлік», -деді Plano a Plano кинокомпаниясының продюсері Цезарь Бенитес.

Продюсер Цезарь Бенитес 30 астам көркем фильм мен 20 шақты сериал түсірген тәжірибелі маман. Оның картиналарында басты рөлдерде атақты Пенелопа Круз бен Хавьер Бардем ойнады. Бардем тұңғыш марапатты Испанияда ең салиқалы «Гойя» премиясында Цезарь Бенитес продюсер болған «Бетпе-бет» фильмі үшін алғанын, ал олардың «Шындық» сериалы 135 елге сатылғанын айта кеткен жөн. Испандықтардың Netflix, Amazon сынды ірі платформалармен ынтымақтастық тәжірибесі мол, сондықтан олар қазақстан-испан фильмі халықаралық аудиторияның, әсіресе испан тілінде сөйлейтін елдердің қызығушылығын туындатады деген үмітте.

Сондай-ақ, министр Арыстанбек Мұхамедиұлы жақында ғана Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы қол қойған «Кинематография туралы Заң» копродакшндегі халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге, кинорынок мамандарын тартуға және Қазақстанды халықаралық аренада көбірек көрсетуге мүмкіндік беретіндігі жөнінде айтып өтті.