Тарихқа тұнған Отырар сырлары фильмдер арқылы да насихатталуда

Тарихқа тұнған Отырар сырлары фильмдер арқылы да насихатталуда

11.08.2018 Off 1  149

 

 

 

 

 

 

OQSYZ. TÚRKYSTAN.// Түркістан облысындағы киелі және тарихи мекенді балаларға арналған туындылар арқылы кеңінен насихаттау жұмысын тұңғыш рет Отырар ауданы әкімдігі жүзеге асырғаны белгілі. Өнер мен тарихқа бай киелі өңірдің тасқа қашалған қағидалы өткені тарих тұғырында мәңгілік берік орнын сақтаған. Көне Отырар жері – сәулет өнері ескерткіші ретінде төрткүл дүниеге мәлім Арыстанбаб кесенесімен, 160-тан аса археологиялық, 15-тен аса архитектуралық ескерткіштерімен ғасырдан – ғасырға тарих бағасын шежіреше тарқатып келеді. Соның бірі кезінде өркениет пен ғылым, білімнің ордасы, мәдениет пен өнердің ортасы, сауда мен кәсіпкерліктің қайнаған мекені болған – Отырар төбе мен қақпасы. Ұлы Жібек жолы бойындағы негізгі шаһарға айналған ғұламалар өлкесі, ұрпақтың білім нәрін алып, жан-жаққа таралған, қасиет шұғыласы күн көзіндей әр тарапқа шуақ төккен ордалы аймақ- қазіргі күні өткенін еске алып, терең ойға шомып тыныштықты ғана қалаған абыз ақсақалдай құшағын құпияға, әр кірпіші мен сары топырақ арасын ғасырлық шежіреге толтырып, үнсіз ғана далаға көз тастап тұр. Халықтың қара қазаны қайнаған қатпар-қатпар қалажұрт “Отырар төбе” атты мәңгілік айрықша атаумен сайын дала төсіндегі үйінді қорғанның сырын, жырын, ізін, қадірі мен қасиетін үнсіз ғана баяндап тұрғандай. Осы орайда, ұрпақ баласы қызығып, алыс-жақын шетелдік туристер табан тіреген мекенді таныстыру, саналы ұрпақ жадына тарих тамырынан нәр сеуіп, ұғындыру мақсатында қолға алынған анимациялық фильмдер жобасы “Көне құмыраның сыры” және “Отырар дастаны” атауымен екі туынды болып дүниеге келді. Негізгі бағыт пен идея – Отырар тарихын таныту.

“Отырар дастаны” анимациялық фильмі

“Көне құмыраның сыры” (Отырарды қорғау) анимациялық фильмі

Тарихи жазбалар мен түрлі аңыз-əңгімелер, көне Отырардың мəңгілік бейнесі күні бүгінге дейін əдеби туындылар жəне кино саласы арқылы ұрпақ жадында сақталса, құнды деректер шоғыры бүлдіршіндер тілінде де болашаққа із салды.
Елбасы Н. Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында жүзеге асқан «Көне құмыраның сыры» 10 минуттық анимациялық фильмі кішкене ғана Аружан мен Әжірәннің іс-әрекеті арқылы түрлі шытырман оқиғалар желісінде өрбиді.

Фильм кейіпкерлері -Аружан мен Әжірән

Фильмде жасырынбақ ойнап жүріп тауып алған көне құмыра  Отырар тарихы жөнінде сыр шертеді. Қасиетті Отырардың топырағы мен нағыз хас шебердің қолынан шыққан тарихи жәдігерге тіл бітіру арқылы қос қызды шаһардың өткеніне серуендетіп, көне қаланың тарихы таныстырылады.

Көне құмыра Аружан және Әжірәнға Отырар тарихы жөнінде баяндауда

Фильм барысында Отырарды қорғау шайқасына қос бүлдіршін де қатысып, оқиғаларды көзбен көреді

Ал, Мұхтар Шахановтың «Отырар дастаны» шығармасы желісінде жасалған анимациялық фильмде алты ай бойы Отырар қамалын ала алмаған  Шыңғыс хан мен оның əскері, сатқындық пен батырлық іс-əрекеттер бейнеленген.

Ондағы қарияның даналығы мен даралығы, қаншама ғасырлардан соң ақын ұлдың баба жеріне оралып, қаһарман бабалар рухымен сырласуы бүлдіршіндер тұрмақ ересектер үшін де әсерлі. Бұл фильмнің ерекшелігі кейіпкерлер емес, бастан-аяқ Отырардың тумасы, ақиық ақын Мұхтар Шахановтың “Отырар дастаны” шығармасы оқылуымен көрсетіледі. Мəтінді əнші, актер Марат Оразметов оқып, əрбір сəтке рухты тебіреністер сыйлай білген. Шығарма кейіпкерлері Шыңғыс хан, Шыңғыс ханның ұлы Шағатай, Отырар ханы,ақылды, ойшыл Қадырхан (Қайырхан) жəне сатқын Қараша (Қарашоқы) мен сатқынның әкесі, ақылды, данышпан қария толғауы түпсіз ел өткенін қызықты əрі шытырман мəнмен бейнелеп, көрермен көзайымына айналды.
“САҚ” киностудиясында жасалған анимациялық фильмдердің режиссері Батырхан Дəуренбеков балаларға көрсетілім қуанышын сыйлай отырып, өткенін ұғыну, мұра қадірін сезіну, жəдігер жайын білу, болашаққа патриоттық сезіммен қарауға тəрбиелеу мазмұнды фильмнің басты нысанасы болғанын айтады.
Қуаныштысы жыл ішінде қос фильмді миллиондаған көрермен тамашалап үлгерсе, сонымен бірге “Балапан” арнасы да тұрақты түрде көгілдір арнадан насихаттауда.
“Аталған фильмдерді жарыққа шығару тарих үшін де ерекше қолтаңба ретінде қаланды. Оған себеп, “Отырар дастаны” анимациялық фильмінде кейіпкерлердің дастан оқылымы аясында сөзсіз қимыл жасауы, туындылар ішінде ерекше жоба болғаны анық. Тарихи, киелі мекендерді осындай дүниелер арқылы насихаттау ұрпақтың өткеніне деген сауаты молайып, ұғынуына септігі мол. Фильм жарыққа шыққан соң көптеген көрермен алғыстарын білдіріп жатыр”-дейді фильм режиссері.
“Немерем Шымкентте түсірілген фильмдер мен мультфильмдерді алып келді. Түгел қарап шықтық. Өте әсерлі. Жастар түгілі өзіміз қызығып, қосыла көрдік. Тарихты осылай көрсету ең тиімді жол деп ойлаймын. Фильм тамашалап болып кәдімгідей ойда қалдым. Өз еліміздің, жеріміздің қадірін біле бермейтініміз өкінішті. Құндылықтарды осылай сезіндірген дұрыс екен”,-дейді Түркістан облысы, Төлеби ауданының ардақты әжесі Ханзада Әмірқұлова.
Отырар ауданы әкімдігінің мәлімдеуінше, аудандағы тарихи жерлерді насихаттауға арналған жұмыстар ары қарай жалғасын таппақ. Осы орайда, Отырар ауданының тумасы, қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов және Абдулла Жұмашевтің авторлығымен “Отырар жәдігерлері” кітабы жарық көрді. 
Тарихи өлкеге қатысты мәліметтердің бәрі де кітап ішінде жинақталған. Сондай-ақ, алдағы уақытта тағы да бірқатар айрықша жұмыстар жасалып, ел болашағы жастар өткен күннің ұлағатты мұраларымен таныспақ.

Маржан Қаржауқызы

НашарҚанағаттанарлықОрташаЖақсыӨте жақсы (9 Баға, Орташа: 5,00 / 5)
Loading...