Ақын Рахметов Абдул Ғабитұлы

Ақын Рахметов Абдул Ғабитұлы

05.04.2019 Off 332

Рахметов Абдул Ғабитұлы 1986 жылы 15 сәуірде БҚО, Жаңақала ауданы, Көпжасар ауылында дүниеге келген. Д. Нұрпейісова атындағы орта мектепті бітіріп, М. Өтемісов атындағы БҚМУ тәмамдаған. Мәдениет саласында қызмет атқарып келеді. Қазіргі таңда Ғ. Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармония директорының орынбасары.

 

Ақ қарда

Сейілгендей санамда аласа мұң,
Терең ойдың тағымен таласамын.
Аппақ арман секілді ақ ұлпалар
Жауды бүгін, жиырмасы қарашаның.

Мен де бүгін жаңа өлең жаттамап ем,
Өз әнімді өзіме бақ санап ем.
Бүгін тіптен өзгеше дүние де
Бүгін қала басқаша аппақ әлем.

Еске алып бала күнді, ауыл жақты,
Сағынышым өзгеше ауырлапты.
Ақ желкенін ақ арман түрген сәтте
Аппақ ұлпа жер бетін жауып жатты.

Аппақ үміт, ақ пейіл, санам да алтын,
Аппақ күйде балалық қалар бәлкім.
Аппақ қарға омбылап келген кезде
Күртешемді қағатын анам марқұм.

Жастығым кетті білем ендігі өтіп,
Сағыныш жүрегімді елжіретіп.
Әкеме қарап тұрсам қартайғандай
Ақ самайын ақ қырау селдіретіп.

Бәрі қызық балалық шақта қалған,
Өлең сынды әр жолын жаттап алған.
Аппақ қармен қонғандай аппақ бағым
Орындалар ендігі аппақ арман.
20. 11.2018 ж.

***

 

Арыңды сақта,ұлым-ау! Арыңды сақта,
Басыңа батпан түссе де сағымды шақта.
Төсінде сені тербеткен тұлымды кезде
Жеріңді сатпа құлыным,барыңды сақта.

Анаңның салған әлдиін тындаған далам,
Жат қолға тегін қима деп ымдаған маған.
Безбүйрек болып кеттік пе Бауырым бүгін
Қорғайық жерді, қорған ек сынбаған аман.

Демегің Аға не қайыр құрғыр ісімнен,
Кер заман қазір кімді ұғып,кімді түсінген.
Жыр жауһарларымның куәсі жазира далам
Жатқа кетпесін, күйлердің күмбірі сіңген.

Қол жайып дұға қыл кәне Аталар абыз,
Қабыл болған ғой қашан да баталар нағыз.
Ұрпаққа аман қалдырсақ туған мекенді
Өліп кетсек те тып-тыныш жатада аламыз.
***

 

Сагыңды сындырмасын ардақты анам,
Науқасың жанға батып қармақтаған.
Жаратқаннан тілеймін, шарам қанша
Дұғасын отыр балаң арнап саған.

Салса да маңдайыңа өмір әжім,
Шалықтап жүруші еді көңіл әнің.
Сен әлі шөбереңмен шаттанасың
Сезеді секемсіз-ақ соны жаным.

Ақ төсектен кетесің әлі-ақ тұрып,
Алланың ұлықтығын, ғажапты ұғып.
Сен мықтысың Анашым әлі талай
Еркелейсің шалыңа қарап күліп.

Руxыңды ала алмас салмақ мынау,
Қолда емес-ау тағдырды таңдап құрау.
Бір Алла өзі болса шын қолдаушы
Сен әлі көп жасайсың ардақтым-ау.
04.09.2016

***

Аттандым ауылдан сапарға,
Көңілім құлазып қайтемін.
Тағдырдың тармағы қатал ма,
Не шара, не амал, айт емін?

Құшағың жұмақтай көрінген,
Келгенде сүйген ең бетімнен.
Көз жасым тоқтаусыз төгілген,
Зар-мұңым жанарда шертілген.

Сен жоқсың Анашым, ардақтым,
Жолыма шыгарып салатын.
Мен енді қай жаққа бармақпын,
Қайырылып қалғандай қанатым.

Өзіңе асығып сағынып,
Мауқымды басуға келдім де.
Заңына тағдырдың бас ұрып,
Анасыз қалам деп сездім бе?

Әкем де көңілсіз бұл күні,
Аңсайды өзіңді Анашым.
Көмейде дірілдеп тұрды үні,
Бір өзі шығарып сап баласын.

Өмірге келу бар, өту бар,
Сағындым, бақиға қимадым.
Пейіште шалқытсын бір Аллам,
Жолдасың болсыншы Иманың.
Сағындым Анашым өзіңді
***
Жауапсыз жолдың жиегі ,
Жетектеп кайда барасын?
Туган жер деген киенің,
Безбүйрек аңғал баласын.

Сандалып жүрген қаланың,
Жыртығын жамар жан ба едім?
Сагындым жазық даланың,
Жусаны-жұпар, таң демін.

Туган жер мүмкін өкпелі,
Ұлына қамсыз қаланың.
Қамқоры болсын деп сені,
Қалдырдым әке-ананың.

Жол түссе біздің ауылға,
Қараша үйге бара сал.
Күтеді сені бауырға ап,
Қара кемпір мен қара шал.

Тірлікпен жүріп ұмытсам,
Кешірші туған мекенім.
Өзіңдей атамекенді
Мәңгілік жырлап өтемін..
***

Жазбадым ешбір жырдың көшірмесін,
Өткенім сен өзімнің есімдесің.
Өмір ғой, өкіндірсе өкіндірер,,
Білемін шалыс басса кешірмесін..
Тоқтатпа соғысыңды мендік жүрек,
Себебі туған жердің төсіндесің.
Ез болма, тікте еңсеңді Һас көңілім,
Ел барда ездер келіп есірмесін.
Тепкіден танім таяқ жесе дағы,
Тағдырдан көңіл-пердем тесілмесін.
Қуаныш көрмесе де қасқа басым,
Шаттықтан шарқат шапан шешілмесін.
Қазақтың ортасында қадір кетпей,
Құдайым бутін қылсын шет іргесін.
Бақытқа енді таяп келген кезде
Батыраштар тек мені өшірмесін.
***

Қойнына еніп караңғылыктың,
Отырмын тағы хат жазып.
Жүрегімдегі жалаң құлыптың,
Ашқышын таппай ақтарып.

Пердеден сауле бөлмеме түскен,
Үмітім сынды беймәлім.
Өзіңді сәулем көрмеген түстен,
Іздеп жанымды қинадым.

Сол жастық. Сол үй. Сол көңілсіздік,
Бар күнім ұқсап бір түнге.
Жүректің үнін он тоғыз түр ғып,
Мұң сыйлап кеткен күлкім де.

Телефон болып түңгі сырласым,
Ұйкысыз тағы жыр жаздым.
Үмітім етіп күнді қылғасын,
Күнім-ау сені қызғандым.

Көз ілмей қалқам өзіңді ойлап,
Қанша таңымды атырдым.
Көңілсіз салқын сезімге бойлап,
Сонша күнімді батырдым.

Р.S. Телефонымды қопарып тағы,
Күттім келмейтін хатыңды.
Бірақ та сәулем өшпестей қылып,
Жүрекке жаздым атыңды.
***

Ей, өмір! Қаншама қинасаң да,
Бар мұңды сыйласаң да.
Төбеме төнген бұлттай
Қайғыны жинасаң да,
Мен саған күліп караймын.

Өмірдің мәнсіз белесінен,
Үміттің үнсіз кемесімен.
Жағаңа жетем жігерімменен,
Сыртымнан осал демесін ел.

Білемін саған базынам егеш,
Өмірден жиған қазынам елес.
Ақ бетке аппақ сырымды айтсам,
Қолыма түскен құдай-ау мына,
Қалам да дұрыс жазылар емес.

Көкірек теуіп шеттесе бөтен,
Тағдырым төстен теппесе екен.
Жалғыз ұлымның ұрпағын көрмей
Жұлдызым сөніп кетпесе екен.
***