Оқсыз

Оқсыз

13.07.2018 Off 349

   

Оқсыз – орта ғасырдың ұлы ғалымы – философ, астроном, математик, музыкант, филолог, ақын Әбу Насыр әл-Фараби туған (Уәсидж) қала. Қала үш бөлікті, цитадель, шахристан және қамалсыз рабадтан тұрады. Шахристан қамалын ормен қоршаған.

Оқсыз қалажұрты – Отырар ауданындағы Маяқұм ауылының солтүстігінен 9,5 км қашықтықта, Ақжар деген жерде орналасқан. Географиялық координаттары 42Т421244 UTM 4755998.

1900 жылы бұл аумаққа Н.В.Руднев кішірім қазба  жұмыстарын жүргізсе, 1947 жылы Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы (А.Н.Бернштам), 1975 жылдары  Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы (К.А.Ақышев, К.М.Байпақов) зерттеген.

Оқсыз – XIII ғасырда Зернук деген басқа атпен де белгілі болған. Зернук қаласы армян патшасы Гетум саяхатының сипаттамасында аталады. Зернук атауының шығу тегі де қызықты. Әбу Абдаллах Хорезмидің сөздігінде қала Сырдария өзеніндегі өткел қасында орналасқандықтан Зернук (Зурнук) шығырдың түрлерін білдіретін терминдер қатарында аталады. Суландыру жүйелерін зерттеу кезінде қала маңында бірнеше шығыр шұңқырлары мен шығырмен суландырудың кең таралғандығы анықталып, аталған жағдай Оқсызды Зернук қаласы деуге негіз береді. Қала-маңына бірнеше мекендерді шоғырландырған Сырдарияның сол жағалауындағы ірі ауылшаруашылық орталығы болған. Оқсыз және айналасында орналасқан егіншілік мекендер Оқсыздың оңтүстік-шығысында, 7 км жерде Сырдариядан бастау алатын Ақарық магистралды арығынан суландырылған.

Техника мүлдем жоқ кезеңде ирригациялық жүйелер жоғары деңгейде салынған. Егістік алқаптар он мыңнан астам гектар жерді алып жатыр. Қазірдің өзінде ирригациялық жүйелер мен алқаптардың ізі жер бетінде байқалып тұр. Егістіктерде, негізінен, тары, арпа, бидай сияқты дақылдар себілсе, бақшаларында қарбыз, қауын өсіп, жайқалған жүзімдіктер болған. Сонымен қатар, мақта да өсірген.

Қаланың орны қазіргі кезде бес бұрышты төбе түрінде сақталған. Солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан цитадель биіктігі 13,5 м, жандарының ұзындығы: солтүстік-шығысы – 90 м, солтүстік-батысы – 75 м, оңтүстік-шығысы – 180 м және оңтүстік-батысы – 150 м. Аласалау бөлігі шахристан. Оның көлемі: солтүстігі 165 м, шығысы 200 м, оңтүстік-шығысы 150 м, оңтүстік-батысы 195 м, батысы 180 м. Шахристанның биіктігі 3-5 м. Шахристан айнала қабырғамен қоршалған. Қабырғалардың бұрыштарында және 30-40 м сайын мұнаралары болған. Мұнаралардың орындары биіктігі 1,5 м төбешіктер болып қалған. Қаланы айналдыра ор қазылған, қазір оның тереңдігі 2-3 м. Қалаға екі жерден, шығыс және оңтүстік-батыс қабырғаларда орналасқан қақпа арқылы кіретін болған. Орталық төбеге оңтүстігі мен батысынан қамалсыз рабад жапсарласады. Рабад территориясынан магистралды канал (арық) өтеді. Рабад көлемі 20 га-дай.

Қазба жұмыстары қала жұртының цитаделінде жүргізілді. XI-XII ғасырларға тән сарайдың орны жартылай аршылды. Сарайдың еденіне шаршы пішінді күйдірілген кірпіштер (көлемі 24х24х4 см, 26х26х4 см) төселген, қабырғалары қам кесектен тұрғызылған.

Оқсыз – Отырар қаласының стратегиялық маңызы зор серіктерінің бірі болған.

Оқсыз (Уәсидж) қаласы  I – XV ғасырларда гүлдену дәуірін бастан өткізген.

НашарҚанағаттанарлықОрташаЖақсыӨте жақсы (2 Баға, Орташа: 5,00 / 5)
Loading...