«Қазақконцерт шақырады» концерті жоғары дәрежеде өтті

«Қазақконцерт шақырады» концерті жоғары дәрежеде өтті

04.11.2019 Off 108

OQSYZ.Мәдениет және спорт министрлігі, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының ұйымдастыруымен Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония залында «Astana sazy» және «Saz&soul» өнер ұжымдарының «Қазақконцерт шақырады» концерті өтті.

Қазақтың дәстүрлі музыкасы мен эстрада өнерін үндестірген тамаша синтездің үлгісі болып табылатын концертте ұлы даланың көне музыкалық сарындары заманауи жаңа форматта орындалып, қала халқы зор ықыласпен қабылдады.

Талантты мульти инструменталист музыкант, әрі белгілі композиторлар Бауыржан Ақтаев пен Әділжан Толықпаев жетекшілік ететін «Astana sazy» және «Saz&soul» ансамбльдерінің концерті «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған.

Осы орайда, талғамы биік тыңдарманға қос маэстро халық әндері, Құрманғазы, Ақан сері, Жаяу Мұса, Н.Тілендиев, Ж.Жабаев, К.Әзірбаев, А.Қоразбаевтың белгілі композицияларын жаңа форматта орындады. Сахнада қос өнер тарланымен бірге Қазақконцерт солистері Ерболат Шалдыбеков және Қайрат Сарыбаев та өнер көрсетті.
Көрермендер концертті тегін тамашалады.

Айта кетсек, ару қала Алматыдан бастау алған гастрольдік сапар Қазақстанның Өзбекстандағы жылы аясында Ташкент қаласында қорытыланады. Мәдени-рухани қарым-қатынасты нығайту мақсатында өтетін концертте еліміздің сүйікті әншісі Мақпал Жүнісова өнер көрсетпек.