Анкарада «Ұлы дала: тарих және мәдениет» көрмесі ашылды

Анкарада «Ұлы дала: тарих және мәдениет» көрмесі ашылды

12.09.2019 Off 107

OQSYZ. Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі Түркия Республикасы Анкара қаласындағы Анадолы өркениеттер музейінде «Ұлы дала: тарих және мәдениет» көрмесін ашты.

Шараның ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Төтенше және өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлы, Музейлер мен мәдени ескерткіштердің Бас директоры Гокхан Язгы, ТЮРКСОЙ Бас хатшысы Дюсен Касеинов қатысты.

Айтулы шараның ашылуымен құттықтаған Арыстанбек Мұхамедиұлы: “Қазақстан әлемдік қауымдастықты өзіндік көшпелі өркениетімен және тарихымен ерекше қызықтырады. Қазіргі уақытта елімізде ҚР Тұңғыш Президенті Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың “Рухани жаңғыру”, “Ұлы даланың жеті қыры” бағдарамаларының аясында мәдениет пен өнер саласында көптеген жұмыстар атқарылуда. Соның бірі және бірегейі өздеріңіз куә болып отырған “Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі” халықаралық жобасы. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық музейі жүзеге асырып отырған бұл жоба аясында Қазақстан тәуелсіздігінің символына айналған Алтын адам Еуропа, Азия және өзге де жиырмаға жуық мемлекеттің назарына ұсынылмақ. Түркия Республикасының Анкара қаласында ұйымдастырылып отырған бүгінгі көрменің мақсаты Еуразияның ұлы дала белдеуінде ерте темір дәуірінен қазіргі заманға дейінгі қалыптасқан тарихи-мәдени бауырлас Түркия еліне таныстыру болып табылады”, – деді.

Сондай-ақ, Арыстанбек Мұхамедиұлы көрмені ұйымдастыруға көмек көрсеткен Түркияның Мәдениет және спорт министрлігіне, Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Елшілігіне, Халықаралық ТЮРКСОЙ ұйымына алғыс білдірді.

Аталған көрме «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрме жобасы аясында 2019 жылғы 12 қыркүйектен 12 қазанға дейін жалғасады.

Көрмеге Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің қорларынан барлығы 207 зат ұсынылды.