Бүгін Шәмші Қалдаяқовтың туған күні

Бүгін Шәмші Қалдаяқовтың туған күні

15.08.2019 Off 485

OQSYZ.1930 жылы 15 тамызда  Түркістан облысы, Отырар ауданы, Шәуілдір ауылында дүниеге келген аса көректі сазгер, ән жанрының әйгілі майталманы, Қазақстан мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, осы заманның қазақ эстрадасының негізін қалаушы, Қазақстанның халық әртісі, Шымкент, Тараз, Жетісай қалаларының Құрметті азаматы Шәмші Қалдаяқов – ұлттық музыка өнерінің ән жанрына аса айқын, соңғы леп ала келген сазгер.

Бала кезінен бойындағы бар талантын алқалы жиын, аламан бәйгелерде көрсете білді. 1950 жылдан бастап шығармашылықпен түбегейлі түрде шұғылданды. 1956-1962 жж. Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясында В.В.Великанов класында оқыды. Шәмші әндері ғажайып саздылығымен, сылдырап аққан бұлақ суындай тап-таза сыңғырымен, лирикалық наздылығымен ерекшеленеді. Оның шығармашылық жағынан сіңірген еңбегі қазақ эстрадалық әндерінің әуенін ұлттық нақышпен құнарландыруында, яғни халықтық қайнармен қабыстыруында жатыр. Ал бұл оның қазақ жұртының музыкалық дәстүрі сүтін еміп өскендігіне дәлел.

Осылайша бағзы мен бүгінгі мақамдарды керемет ұштастыруы Ш.Қалдаяқов туындыларының даңқын дүрілдетіп шығарып, дүйім далаға кең жайылуға кепілдік берді. Мұхтар Әуезов өмірден озар тұсында университет студенттері алдында сөйлеген әйгілі сөзінде Шәмші саздарын Ақан, Біржан өнерпаздығынан кейінгі бір “жыл келгендей жаңалық” сезіндіретін үздік құбылыс ретінде бағалағаны мәлім. Жұрт аузында “бүкіл қазақ еліне ән салдырған Шәмші” атануының сыры сонда. Сазгер әндері, әсіресе, 60-70-жылдардагы жастардың аузында жүрді. Кешеулеген “хрущевтік жылымық” дәуірінің жас адамдары шетел композиторлары мен орындаушыларына, мәселен, “Биттлзге” калай ынтықса, қазақстандық өз сазгерлерімізді де солай сүйіп тыңдады. Бұл соңғысы мен арасында, әрине, Қалдаяқов бірінші орында тұрды.

Әсем да ақылды көкөрім жасты ғана емес, ересек, егде қауымның да, сан түрлі мамандық, алуан ұлт адамдарының да көңілін баурап алды. Халық арасында әсіресе күллі отаншылдық, елшілдік нотасын тап басқан “Менің Қазақстаным” туындысы айрықша мәшһүр болды. 1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне қатысушы ұл-қыздар Алматы алаңдары мен көшелерінде Шәмшінің осы әнін ұрандай шырқап шықты. 2005 жылдан “Менің Қазақстаным” туындысы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны болып бекітілді.

Елге, жерге, Отан мен ата-анаға деген сүйіспеншілік композитор шығармаларының басты тақырыбы болса, соның ішінде, «Менің елім», «Ана туралы жыр», «Бақыт құшағында», «Теріскей», «Арыс жағасында», «Отырардағы той», «Өмір-өзен» сынды көптеген әндері халықтың жаттанды өмір жырына айналған.Қазақтың музыка өнерінде Шәмшінің орны ерекше 300-ге жуық әндері бар.


Əн тарихында айырықша із қалдырған Ш.Қалдаяқов күллі қазақ халқының ұлттық мақтанышы. Еліміздің кең байтақ даласы мен аспанында қалықтаған, махаббат пен сағыныш сезімінде қайталанбас Шәмші әуендері өнер көкжиегінде әуелей берері сөзсіз.

Барша қазақ баласын ұлы сазгер Шəмші Қалдаяқовтың туған күнімен құттықтаймыз! Əз бейнесін мәңгілік етіп тағылымды тарих төріне қондырған өміршең əндер ел жүрегінде айрықша құрмет, ықыласпен жасай берері хақ.