Ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына дайындықты бастап кеттік – А.Райымқұлова

Ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына дайындықты бастап кеттік – А.Райымқұлова

11.08.2019 Off 167

OQSYZ. Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы ерекше жағдайда аталып өтпек. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мәлімдеді.

-«Қазақ елі кеше хакім Абайдың туған күнін атап өтті. Ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына бір жыл бұрын дайындықты бастап кеттік. Сәуір айында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке мерейтойды мемлекеттік деңгейде өткізу, оған қажет шараларды дайындау туралы тапсырма берді. 175 жылдық мерейтойда ойшыл Абайдың туған жерінің орны ерекше болмақ. Мемлекет басшысы атап өткендей, «ол жер бүкіл әлем туристерін қарсы алуға лайық болу керек», – деді министр.

Сондай-ақ, абайтанушылармен бірлесе отырып ұлы ақын жайлы тың деректер жинау жұмысы да қарқын ала бастаған.

«Абай Құнанбайұлының шығармашылық жолы күрделі де қызықты. Өзінің салиқалы туындыларын ол 40 жасына таман жазған.Тағдыр оған 59 жыл ғұмыр өлшеп беріпті… Абай еңбектерінің саны біршама: 170 өлең, 56 аударма, бірнеше поэма болғанымен, ақынның көзі тірісінде тек бірнеше өлеңі газет бетіне жарияланған, дүниеден өткесін бірнеше жылдан кейін бір мың дана тиражбен «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбаевтың өлеңдері» жинағы шыққан: Санкт-Петербург, 1909; Қазан, 1922; Тәшкент, 1922.

Жиырма жылдай уақыт өткесін барып Абайдың шығармалары қазақ және орыс тілінде шыға бастады, оның алғашқысы – Мұхтар Әуезовтің редакциялауымен шыққан «Абай Құнанбайұлы толық жинақ» (Қызыл-Орда, 1933). Кейінірек Мұхтар Омарханұлы дара тұлға туралы «Абай жолы» дана романын жазды.

Қазіргі таңда ұлы Абай есімі еліміздің барлық елді мекендеріндегі даңғылдарға берілген, сондай-ақ, Германия, Украина, Индия қалаларында көшелер аталған, Түркия, Ресей, Қытай, Египет, Иран, Өзбекстан, Венгрияда ескерткіштер қойылған, ақын мұрасы 60 тілде жарық көрген.

Абайды қастерлеп жерлеген орында кесене орнатылған, ал Семей қаласында Республикалық әдеби-мемориалды Абай музей-үйі жұмыс істейді. Біздің танымал жазушымыз Роллан Сейсембаев Лондонда Абай үйін ашты. Абай атымен Іле Алатауындағы шың, Жоңғар Алатауында мұзтау, Орталық Талғар мен Орталық Тянь-Шаньде тау ұштары аталған. 1993 жылдан бастап ақынның туған күнінде дәстүрлі «Абай оқулары» өткізіледі, 1995 жылды ЮНЕСКО Абай жылы деп жариялады, сол жылы Елбасы Алматы маңындағы Абай шыңына көтерілді. Мемлекеттік академиялық опера және балет театрына Абай аты берілген, ал Семейде 1883 жылы ашылып, Абай оқырманы болған кітапхана ақынның есімін алып жүр.

Қазіргі уақытта біз халқымыздың арыстары Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатовтардың ізбасарлары, еліміздің жетекші абайтанушыларымен кездесіп, сегіз қырлы бір сырлы кемеңгеріміздің тұлғасын айқындай түсетін дерек жинаудамыз», – деді министр фейсбук парақшасында.