Құрманғазы Сағырбайұлын халық не себепті «Күй атасы» деп атап кетті?

Құрманғазы Сағырбайұлын халық не себепті «Күй атасы» деп атап кетті?

06.11.2018 Off 24

OQSYZ.Бұл жайлы Орал қаласында өткен «Жаһандану әлемі және Құрманғазы Сағырбайұлының мәңгілік мұрасы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының халық музыкасы бөлімінің деканы, профессор Карима Сахарбаева мәлімдеді.

 – Күй атасы Құрманғазы – ұлы өнерде айрықша қол таңбасы бар, киелі қасиеттердің баршасы бір жүрекке қонған, топырақтан, қаннан дарыған тума талант, дарқан дарын иесі. Халық болмысынан тамырланған сан-қырлы мазмұндағы аспаптық шығармаларын дамытып, сайын дала төсінде әр аймақтың өзіне тән теңдесі жоқ мектептері болса, соның біргейін Құрманғазы қалыптастырды.

Арғы-бергідегі күйшілер қалың тобын көктей шолғанда Құрманғазы Сағырбайұлының өнерін ұштаған ұстаздары бола тұрса да, халық не себептен оған «Күй атасы» деп айдар тақты? Құрманғазының «Сарыарқа», «Серпер», «Адай», «Кішкентай», «Балбырауын», жеке орындаушылар репертуарындағы «Байжұма», «Теріс қақпай», «Машина», «Жыйма», «Қайран шешем», «Аман бол шешем», тағы басқа күйлерінің туған немесе жүріп өткен жерінде, сол аймақтың орындаушылары арасында ғана емес, республика бойынша кең таралуының себебі неде? Неліктен оның күйлері сан ғасырлар бойы ұлыланып, республика шеңберінен асып, қалайша әлемге жалғасын табуда? Әлемдік сахналарда Құрманғазының тірі пендені бейқам қалдырмайтын жәдігерлері арқылы қазақ күйі қалайша жоғары баға иеленді? Домбыраның қос ішегіндей дәстүрдегі орындаушылық пен қатар күй шығармашылық дара қасиетте ешбір музыкалық оқу орнын бітірмей-ақ күйшілердің қалың тобына қалай қонақтаған? Осындай сауалдардың шешімін табу үшін күйшінің өскен ортасын, оның қалың бұқараға сіңісті болуындағы әсерлі заманымен онда өткен оқиғаларды, орындаушылық, ерекше шығармашылық қырларын, шығармашылығының зерттелуін, мұрасының қазіргі замандағы жалғастығын, ол үшін мемлекет, музыкалық оқу орындары тарапынан атқарылып жатқан зерттеу, насихаттау шараларын, әлі де табылып жатқан жаңалықтарын кезегімен сипаттау арқылы баяндау орынды болмақ,-дейді профессор Карима Сахарбаева.

– Домбыраның қос ішегіндей дәстүрдегі орындаушылық пен қатар күй шығармашылық дара қасиет бір адам пешенесіне, Құрманғазы күйшіге ерекше қонақтаған. ХІХ ғасыр күйші композиторлары қатарынан Құрманғазы Сағырбайұлын даралайтын тұсы да осы. Ол, саны да сапасы да, дәстүрлі жалғастығы да заманмен ғарыштаған және өзіне дейінгі күйшілік мектептерді дамыта отырып жаңашылдығымен халық жүрегіне ұялаған 100-ге тарта күйдің авторы. Өкінішке орай кейбірі бізге әлі жетпеген сөз жүзінде қалып отыр.

Құрманғазы Сағырбайұлының тұла бойына ерекше біткен қайраткерлік намыс, дарын дауылымен күрескерлік қасиетін шыңдады. Сондықтан күйлерінің жойқын жігерлілігі, ерлік пафостағы туындылары басым. Мысалы, Исатай-Махамбет көтерілісіне арнаған «Кішкентай» күйі «тырнақалды» туындыларының бірі. Алайда бұл теңдесі жоқ күрделі шығарма. Айтжан Тоқтаған айтқандай, «Серпер», «Сары арқа», «Адай», «Ақбай» күйлері де теңдесі жоқ туындылар. А.Затаевич «Серпер» күйін «…секундты сенімді пайдаланған, екі дауысты шедевр» деп бағалаған.

Құрманғазының алдында да ұстаздары Ұзақ, Байжұма, Боғда, Махамбет сынды күйшілердің болуы оның өзіндік, ерекше күй мектебін қалыптастыруына жол ашты. Құрманғазы өзіне дейінгі күй құрылымы арнасын кеңейтті, күрделілік сипат, кәсіби классикалық бағыт беріп, домбыраның бар мүмкіндігін сарқа пайдаланды. Оның күйлерінің тақырыптары да өзінің өткен өмірнамасындай,-дейді Карима Сахарбаева.

– Техникалық құралдар жоқ заманаларда күйші мұрасының мұндай дәлірек және мол жетуі бірінші себебі – оның таланты шәкірттерінің көп болуынан. Құрманғазы күйлері Мәмен Ералыұлы, Ерғали Ещанов, Меңдіғали Сүлейменов, Дина Нұрпейісова сынды күйшінің төл шәкірттері және асқан орындаушы ізбасарлары Тоғайбай, Көкбала бастаған күй жарыстырған дарындар арқылы жетті. Құрманғазыны көрген, Мәменнің қолынан күй алған біздің заманның күйшілері М.Бөкейханов, О.Қабиғожин, Т.Аршанов, И.Жанханов, Қ.Жантілеуов сияқты ұлылармен Ахмет Жұбановтың тікелей кездесіп, хаттауының арқасында және жойқын күйлерін оркестрлік орындауда тыңдарманға жеткізе білген еңбегінің арқасында Құрманғазы мұрасы әлемге әйгіленді. Ұлы баба күйлерін бүкіл әлемге паш етудегі Құрманғазы атындағы академиялық ұлт аспаптар оркестрінің ролін ерекше атау орынды,-дейді .

Ұлтты сақтаймын, рухани байлықты көз қарашығындай аялап, уақыт сынына тап қылмай болашаққа жолдау,  қазақтың барша қасиетінің негізі, асылдық сүйегі, тарихы  бар домбыра мен күйді қастерлеу тек қана осы саладағы мамандар емес, барша қандастарымыздың бабалар алдындағы борышы. Бұл жөнінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың: «…Құрманғазысыз Қазақстанның мәдениетін, Қазақстанның музыка өнерін, оның бүкіл болашағын елестету мүмкін емес. Ендеше, сол ата-бабаларымыздың тарихи-мәдени мұрасын бірлесіп түлетейік» дегеніндей, өткізіліп отырған шаралар өте маңызды, жалғасын таба берсін! Домбыра, күй –  аманат. Ұлттың төлқұжаты, ар-намыс туы. Сондықтан әрқашан биікте желбірегей! –деп аяқтады сөзін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының халық музыкасы бөлімінің деканы, профессор Карима Сахарбаева.

Нұрлыбек Рахманов,

zhaikpress.kz

НашарҚанағаттанарлықОрташаЖақсыӨте жақсы (1 Баға, Орташа: 5,00 / 5)
Loading...