Вальс падишасының жылдар бойы орындалмаған әндері ұлықталды

Вальс падишасының жылдар бойы орындалмаған әндері ұлықталды

08.08.2018 Off 433

OQSYZ.TÚRKISTAN.// Бүгін Түркістан облысында  аса көрнекті сазгер, ән жанрының әйгілі майталманы, Қазақстан мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, осы заманғы қазақ эстрадасының негізін салушылардың бірі, Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығын насихаттауға арналған дәстүрлі «Менің Қазақстаным» облыстық ән байқауының іріктеу кезеңі өтті, деп хабарлайды Oqsyz ақпарат агенттігі.


Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру, Астананың 20 жылдығына арналған байқауға аудан, қалалардан 200-ге жуық  үміткер өтініш білдіріп, оның  56-сы облыстық іріктеу кезеңінде өнер көрсетсе, 21 өнерпаз ақтық мәреге жолдама алды.

                      


Сырлы әнмен қазақ халқының бітім-болмысын, шынайы бейнесін сипаттап, ән әлемінде айрықша орнын қалдырған ұлы композитор атын ұлықтайтын дәстүрлі өнер додасында 15 – 29 жас аралығындағы үміткерлер бақ сынап, байқаудың бірінші кезеңінде Ш.Қалдаяқовтың, келесі кезеңде Түркістан облысы композиторларының  әндері шырқады. Қазақтың музыка өнерінде Шәмші Қалдаяқовтың орны ерекше 300-ге жуық әндері бар.
“Шәмші әндері ғажайып саздылығымен, сылдырап аққан бұлақ суындай тап-таза сыңғырымен, лирикалық наздылығымен ерекшеленеді. Оның шығармашылық жағынан сіңірген еңбегі қазақ эстрадалық әндерінің әуенін ұлттық нақышпен құнарландыруында, яғни халықтық қайнармен қабыстыруында жатыр.
Оңтүстік өлкесі қазақ өнерінің – алтын ордасы. Осы тұрғыда халық арасында ән өнерін дамытып, ұлысын ардақ тұтуға арналған төл байқауға биылғы жылы келген қатысушылардың деңгейі өзгеше. Ән падишасы Шәмші Қалдаяқов ағамыздың шығармашылығына терең үңілу, орындалмай жүрген әндерді жарыққа шығару бағытында көп жұмыс жасалғаны қуантты. Көптеген әндері бүгін шырқалып, елге жаңалық сыйлап жатыр”,-дейді, ҚР Мәдениет қайраткері, әнші, қазылар алқасының төрайымы Үрәлхан Сейілбекова.


Байқаудың биылғы жетістігі ұлы  композитордың орындалмай жүрген  15-тен аса әні жарыққа шығарылып, арнайы аспаптардың сүйемелдеуімен орындалды. Олардың қатарында “Кел, Бурабайға”, “Байқоңыр”, “Келін келді”, “Көккөлдегі кештер-ай”, “Егіз мақта”, “Ғашық күндер” және Абай Құнанбаевтың сөзіне жазылған “Тыңда мені, достарым” сынды әндер де бар.
Түркістан облысының мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен  өткен өнер аламанының мақсаты- композитор Шәмші Қалдаяқовтың шығармаларын дәріптеу, халық арасында ән өнерін дамыту, қазақ әндерін орындаушылар арасынан жас талант иелерін анықтап кәсіби бағдар беру, жеке шығармашыл тұлғалардың қалыптасуына ықпал ету, әншілердің орындау шеберліктерін арттыра отырып оларға қолдау көрсету және отансүйгіштікке баулу, ұлттық рухта тәрбиелеу болып табылады.
Айта кетсек, 1992 жылдан бері дәстүрге айналған бұл байқаудан елімізге танымал Шакизада Байбатжанова, Құрман Шойынбаев, Сәуле Желдібаева, Марат Әйтімов, Нұрғали Тұрлыбеков, Хадиша Сейітова, Жұбаныш Жексенұлы, Гүлжазира Қайырбекова, Тоқтар Серіков, Асқар Жүнісбеков, «Жігіттер» квартеті, Нұржан Жүсіпбеков, Мәдіхан Дүйсеев, Ахынбеков Руслан,  «Сарын» тобы сынды өнер иелері қанат қаққан.
Шәмші Қалдаяқов-Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Шәуілдір ауылында дүниеге келген. Оның  елге, жерге, Отан мен ата-анаға деген сүйіспеншілігі  шығармаларының басты тақырыбы болса, соның ішінде, «Менің елім», «Ана туралы жыр», «Бақыт құшағында», «Теріскей», «Арыс жағасында», «Отырардағы той», «Өмір-өзен» сынды көптеген әндері халықтың жаттанды өмір жырына айналды.
Түркістандықтардың төл додасына айналған “Менің Қазақстаным” облыстық ән байқауының жеңімпаздары 15 тамызда анықталмақ.

НашарҚанағаттанарлықОрташаЖақсыӨте жақсы (5 Баға, Орташа: 5,00 / 5)
Loading...