Павлодар облысында  «Көне ғасыр күмбірі» республикалық жыршы, жырау,  термешілер  байқауы өтті

Павлодар облысында «Көне ғасыр күмбірі» республикалық жыршы, жырау, термешілер байқауы өтті

03.08.2018 Off 335

OQSYZ. PAVLODAR.// Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында Павлодар облысы әкімдігінің қолдауымен, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен «Шаңырақ» облыстық халық шығармашылығы және мәдени-сауық қызметі орталығының ұйымдастыруымен Баянауыл ауданының тумасы, Ұлы ғұлама, фольклоршы, этнограф, философ тарихшы, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің белгілі тұлғасы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 160 жылдығына арналған «Көне ғасыр күмбірі» атты республикалық жыршы, жырау, термешілер байқауы өтті.
Көне ғасыр жыр-термелерін қайта күмбірлеткен дүбірлі байқауға республиканың Батыс, Оңтүстік, Шығыс Қазақстаннан және Қызылорда, Қостанай, Көкшетау, Павлодар облысының жыр сүлейлері келіп Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының інжу маржандарын ән жырға қосып, өнегелі өнерлерін қазылар алқасының сынынан өткізді.


Ұлы дарын иесіне арналған байқау 2008 жылдан бастап дәстүрлі түрде әр 2 жыл сайын өтіп келеді. Биыл 5-ші рет шымылдығын түрген додаға 17 үміткер қатысса, оның ең кішісі 14 жастағы қарағандылық Шыныбек Ақжан болса, ең үлкені – 69 жастағы Павлодар облысы Ақтоғай ауданының жыршысы Бейсенбі Мұқажан. Барлық қатысушылар халық ауыз әдебиетінен ауызданған жыр-дастан, термелерін орындап, тілі мен мәдениеті, әдебиеті егіз қазақ халқының шеті мен шегі жоқ сұлу сөздерін, ойлы насихатын ел жүрегіне жеткізе орындады.
«Біздің қазақ – қабағы қату жауының өзін алмастай өткір тілімен, мірдің оғындай берік сөзімен жылытып, алысын жақын, жатын дос ете білген халық. Мәшһүр бабамыздың да өнегелі ізі – ойлы, сырлы, терең сөз маржандарында жатыр. Жыршы-жырау, термешілердің толқындай буырқана көкке атқақтап, екі иінінен дем алғандай жәй ғана ағыспен баяу ырғаққа бой алдырып, мәтін мен мағынаны өнер құдіреті арқылы тыңдарман жүрегіне терең сіңіруі – мұра өнер мен асылға толы нақылдар легін қайта тірілтіп, баба болып үн қатқандай әсер қалдырды. Ата жолын ардақтап, ұлысын ұлықтаған ұйымдастырушылар мен саф өнерді ұрпақ санасына қайта салып берген дарынды қатысушыларға көптен-көп алғысымды білдіремін»,-дейді екі күн бойы әдебиет қойнауындағы асыл да дара жолын даналықпен ұштастырған Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жерлесі, облыстық Шаңырақ орталығының халық шығармашылығы бөлімінің меңгерушісі Бұзаубаева Алмагүл Әшімқызы.

Байқаудың марапаттау рәсімі мен гала-концерті Мәшһүр Көпейұлы туған Баянауыл ауданы Ескелді ауылында өтті. Жиын соңында шараға қатысушылар мен қазылар алқасы қасиетті баба басына арнайы тағзым етіп, құран бағыштады.


Екі күн бойы мәдениет пен әдебиет тұлғасын дәріптеп, Баянауыл даласын жырға бөлеген доданы белгілі айтыскер ақын, жыршы, манасшы, режиссер-Баянғали Әлімжан жүргізді.
Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдеге Түркістан облысының дәстүрлі әншісі Ахынбеков Руслан лайық деп танылды.
Бірінші орынды Астана қаласының жыршысы – Жүсіп Қоныс,
екінші орынды Маңғыстау облысының қатысушысы – Толыбекұлы Бақдәулет және Екібастұз қаласынан – Мәліков Жәнібек, үшінші орынды Павлодар облысынан -Қисатова Салтанат, Қызылорда қаласынан – Қонысбаева Айнұр, Қарағанды қаласынан – Әділов Мұхтар иеленді.

Байқаудың мақсаты-еліміздегі орта және жас буын жыршы-жырау, термешілерді халыққа кеңінен дәріптеп, тәжірибе алмастыру, жыраулық дәстүрді, ұлттық тәрбие мен халықтық өнерді жас ұрпаққа насихаттау болып табылады.