Абайдың тұңғыш жинағына – 110 жыл

Абайдың тұңғыш жинағына – 110 жыл

02.11.2019 Off 112

OQSYZ.Хакім Абайдың өлеңдері өз заманында жатқа айтылып, қазақ еліне кеңінен таралды. «Қазақ ортасында Абайдың шығармаларын сүйіп, сүйсініп оқып, ұзатылар кезінде Мүрсейіт, Самарбай, Дайырбай сияқты көшірушілерге жаздырып алып, өздерінің жасау сандығына салып алып кеткен бір топ қыздарды білеміз»,- деген М.Әуезовтің сөздері ақын шығармаларының сол уақытта қолжазба түрінде де көшіріліп таралғанын айғақтайды.


Абайдың 1909 жылғы жарыққа шыққан тұңғыш жинағынан бұрын баспа арқылы жарияланған бірнеше өлеңдері белгілі. Солардың бірі «Жігіттер ойын арзан, күлкі қымбат» деген өлеңін Жүсіпбек Шайықсіләмұлы деген адам Абайдың атын көрсетпестен бастырған. Ол жайында М.Әуезов «Ол адам баспахана иесі байға сәлем хат жазғанда:
Бізләргә ойын арзан, күлкі қымбат,
Нәрсе ғой екі түрлі сыр мен сымбат, – деп тұрып, Абайдың ұзақ көркем өлеңін түгелімен көпе-көрнеу, әдебиет ұрысы ретінде жазып жіберген. Өз сөзі етіп бастырып та шығарған», – деп жазады.
Мұнан өзге 1886 жылы «Дала уәлаяты» газетіне Көкбайдың атынан «Жаз», «Болыс болдым мінеки» өлеңдері басылып шығады. Ал осы газеттің 1889 жылғы 7-ші санында «Жаздыкүні шілде болғанда» өлеңі «Семей оязы, Шыңғыс елінің қазағы Ибраһим Құнанбай аулының Көпбейіт деген жерге қонып жатқандағы түрі» деген тақырыппен басылады.
Абай қайтыс болғаннан кейін қоғам алдында ақынның шығармаларын жинақтау, сақтау, халық арасында насихаттау тұрғысындағы үлкен міндеттер тұрды. Осы міндеттерді жүзеге асыру ісінде сол уақыттағы қазақ зиялылары түгелдей мүдделі болды десек қателеспейміз. Солардың бірі және бірегейі абайтанудың алғашқы бастамасын салған ұлт жанашыры – Әлихан Бөкейханов. Ол 1905 жылы Семей қаласындағы Географиялық бөлімшесінің «Семипалатинский листок» газетінде Абайдың азалы ғұмырнамасын жариялаған.
«1915 жылы Қазақ» газетінде Ә.Бөкейхановтың Абай мұрасын алғаш жинақтап бастырушы, ақынның інісі Ысқақтың баласы Кәкітайдың қайтыс болуына орай «Кәкітай» мақаласы жарық көреді. Мақалада «1904 жылы Абай марқұмның өлеңін кітап қылып басыңдар деп балаларына хат жаздым. 1905 жылы апрель аяғында Кәкітай Абайдың жазба кітабын алып, Омбыдағы маған келді», – деген сөздері Әлихан мен Кәкітай арасында тығыз байланыс болғандығын, және де Абай өлеңдерін бастыру ісінде Әлиханның қамқорлық танытып, бағыт-бағдар көрсетіп отырғандығының айқын дәлелі бола алады. [1,134 б.]
М.Дулатұлының 1914 жылы «Қазақ» газетіне басылған «Абай» мақаласында Абайдың тұңғыш жинағын шығару жұмыстарын ұйымдастырудың басында Әлихан Бөкейханов тұрғаны және жинақтың баспадан шығуы турасында былай дейді: «1905 жылы «Семипалатинский листок» газетасында һәм онан кейін Семейдегі Географическое обществоның ығарған бір кітабында Әлихан Бөкейханов Абайдың тәржімә халін жазды һәм кешікпей кітабы да басылатынын білдіріп еді. Бірақ тез шықпады, 1909 жылы Абайдың балалары һәм өлілерінің ризалығы һәм Әлиханның ыждаһатымен Абай кітабы Петербургта Бураганский баспаханасында басылып шықты. Бұл күнгі қолымыздағы кітап сол бірінші баспасы». [1,103 б.]
Ә.Бөкейхановтың Абай мұрасына, оның ішінде алғашқы жинақты шығарудағы қамқорлығы турасында келесі архив деректері бұлтартпас дәлел болады. «1906 г. января 10 дня г. Павлодар. Мне, мировому судье 2-го участка Павлодарского уезда, при посещении сего числа тюрьмы, арестованный по шифрованной телеграмме ротмистра Рутланда из г. Омска, Алихан Нурмухамедович Букейханов, содержащийся в Павлодарской тюрьме, заявил, что он просит об аресте его довести до сведения прокурорского надзора, объявить ему о причине задержания и об обвинении, которое ему предъявлено, а также просит освободить его из под стражи на поручительство или под залог, а также просит принять меры к сохранению рукописи на киргизском языке, имеющейся в арестованном у него портфеле, содержащей стихотворения, так как она оценивается в 5.000 рублей. Стихотворения эти принадлежат киргизскому поэту Кунанбаеву» (Государственный архив Омской области, фонд 270, опись 1, дело 200, лит. 10). Бұл архив дерегіне жазушы Р.Мұсаұлы «Абай өлеңдерінің алғашқы жинағы» мақаласында сілтеме жасайды. [2,10 б.]
Алаш қайраткері А.Байтұрсынов өзінің 1913 жылғы «Қазақтың бас ақыны» мақаласында Абай сөздерімен 1903 жылы алғаш рет танысқанын айта отырып, Абай өлеңдерінің өзіне тән ерекшелігін ажыратып, ақын өміріне, қоршаған ортасына тереңірек үңіліп мән береді. Сөзінің соңында «Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білу керек. Абайдың сөздері 1909-шы жылы кітап болып басылып шықты. Бірақ жұртқа тарамай жатыр. Басылған кітап Ақмола, Семей болысынан басқа облыстарға таралмай жатқаны кісі таң қаларлық іс. Абайдың сөзін Семей ләпкесіне қамап, жасырып қоймай, кіли қазақ баласы бар уалаяттардағы кітап сатушылардың бәрінің де магазиндерінде жүргізу керек еді. Абайды қолымыздан келген қадырлы жұртқа таныту үшін мұнан былай кейбір өнегелі, өрнекті сөздерін газетаға басып, көпке көрсетпекшіміз», – деп ақынның тұңғыш жинағының ел ішінде таралмай жатқандығына алаңдаушылық білдіріп, алаш зиялыларының осы олқылықтың орнын толтыру жолында қызмет етуге дайын екендігін алға тартады. [1,71б.]
Жоғарыда аталып кеткен М.Дулатұлы «Абай» мақаласында да 1904 жылы июнь айының басында Омск қаласында Абай өлеңдерінің жазбасын Ахмет Байтұрсыновтың қолынан көргенін, Ахметтің Абайға арнайы барып, өлеңдерін бастыру жайында сөйлеспек болғанын, алайда ақынның дүниеден озып, бұл кездесудің орын алмағаны турасында айтады.
Осылайша, Әлихан бастатқан Алаш қайраткерлері Абай мұрасының халыққа берер өнегесін, тәлім-тәрбесін терең ұғынды, түйсінді. Қазақ зиялылары ақынның ғибратты мұрасын қазақ даласындағы әрбір қазақтың санасына жеткізу жолында қызмет етті. Өздері бас болған ұлттың азаттығы жолындағы күреске толы аумалы-төкпелі заманда Абай өнегесін шамшырақ етіп ұстанды.
Абай шығармаларының толық жинағы тек ақын дүние салғаннан кейін жарыққа шығады. Ә.Бөкейханов жанашырлық танытқан ақын өлеңдерін, қарасөздерін жинақтап бастыру сынды күрделі де, маңызды іспен інісі Кәкітай мен баласы Турағұл айналысады. Бұл бастаманың күрделілігі сонда, ақын көзі тірісінде өз шығармаларын кітап түрінде жинақтамаған, көпшілік өлеңдері ел аузында жатталып, ал қолжазба ретінде жазылған нұсқалары толық сақталмаған. Сол себепті ақын шығармаларын кітап етіп баспадан шығару келер ұрпаққа Абай мұрасын аманат ретінде қастерлеп жеткізумен маңызды болды.
Ел ішінен тірнектеп жиған ұлы ақын мұрасын реттеп қағаз бетіне түсіруді Кәкітай Ысқақұлы Мүрсейіт моллаға тапсырады. Мүрсейіт Абай ауылында бала оқытқан, ақынның тапсыруымен өлеңдерін жазып алып отырған адам. Жинақталған өлеңдер саны 5 дәптерге жеткен. Жоғарыда атап кеткендей, Абай өлеңдеріне сұрау салған адамдарға да көшіріп беріп отырған. Жалпы, Мүрсейіт қолжазбалары халықты ақын шығармаларымен таныстыратын негізгі нұсқа болып табылады.
Абай өлеңдерін баспадан жариялау жұмыстары қалай жүргізілгені жайында Әрхам Кәкітайұлы өз естелігінде: «1906 жылы жаз шығып, киіз үй тіккенде Кәкітай Абылайша қос тіккізіп, Мүрсейіт молланы шақыртып алып: «Сен мына біз жинаған Абай өлеңдерін реттеп жаз», – деп оңаша қосқа отырғызады. Мүрсейіт асықпайтын, одан кейін бір жағына ақ тастап қайта көшіртіп, бір ай шамасында дайындатып алып Кәкітай Семейге өзі алып жүрді. Жол расхотына сатуға екі семіз ат, екі семіз түйе әкетті. Петербург, Ленинградтағы баспаханалармен шарт жасастым. Тез екі жүз сом ақша перевод ет», – деген. Айтқанандай екі жүз сом жібердік. Кәкітай бір айда қайта оралды. Корректорлық міндетін өз мойнына алатын болыпты. Ленинградтағы баспахана бір баспа табақ қағазға басып, Семейдегі Әнияр үйіне жіберіп тұратын болды. Әнияр Кәкітайға жеткізіп тұрды. Кәкітай оның қатесін түзеп қайта Ленинградқа жіберетін болды. Осындай сергелдеңмен жүріп Абайдың бірінші өлең жинағы 1909 жылы яғни үш жылда зорға жарыққа шықты. Абайдың өмірбаянын қысқаша ғып Кәкітай өзі жазды» деп баяндайды.
Ақын өлеңдерін жинақтап, жазудағы Мүрсейіт молданың сіңірген еңбегіне абайтанушы ғалымдар өз бағасын берген. М.Әуезов: «Қазір Абайдың басылып жүрген таңдамалы өлеңдер жинағы немесе толық жинақтары болса, барлығы да біздің асыл нұсқа есебінде сүйенетініміз де сол Мүрсейіттің көшірмелері. Өйткені, Абайдың өз қолымен жазылған нұсқалары сақталмай жоғалып кеткен.
Мүрсейіттің қолжазбаларын біз нақтылы жазба дерек есебінде бағалаймыз»,- деген сөздерімен Мүрсейіт қолжазбаларының ақын шығармаларының сақталып, бізге дейінгі жетудегі атқарған теңдесіз еңбегін көрсетеді. [3,19 б.]
Абайтанушы, ғалым Қ.Мұхамедханов өз еңбектерінде Мүрсейіт молда турасында мәліметтер келтіреді. «Мүрсейіт жас шағында ауыл молдасынан оқып, сауатын ашқан соң, Семей қаласындағы Кәмали қазіреттің медресесіне оқуға түсіп, медресені бітіріп, молда болып қайтады. Қалада болған жылдары орысша да үйреніп, аздап сөйлей, жаза білетін болыпты. Мүрсейіт жазуды әрі анық, әрі шебер жазатын молда болады. Мүрсейіттің өмірбаяны туралы қысқаша мәлімет осы», – дей отырып, Мүрсейіт молданың өз заманына орай білімді, көзі ашық адам болғандығын көрсетеді. [4,8 б.]
Абайдың алғашқы жинағы 1909 жылы Санкт-Петербургтегі Илияс Бораганский баспаханасында басылып шықты. Ол Петербургте бірінші мұсылман баспаханасын ұйымдастырушы, хұсни хат өнерінің шебері. 1882 жылы Петербургте мұсылман баспаханасын ашуға рұқсат алып, орыс, араб, парсы, түрік тілдерінде кітап басу жұмыстарымен айналысқан.
1909 жылғы тұңғыш жинақ шыққан баспахананың иесі И.Бораганский жайында абайтанушы, ғалым Қ.Мұхамедхановтың 1971 жылы 21 мамырда «Семей таңы» газетінің № 103 санында «Қадірлі есім, аяулы еңбек» және осы жылы 2 маусымда «Қазақ әдебиеті» газетінің №24 санында «Абай кітабын тұңғыш басқан кім?» тақырыптарымен басылып шыққан мақалалары негізге алынып, «Абай кітабын алғаш шығарған Илияс Бораганский» атты жинақ жарық көрген. [5,5 б.]
Алғашқы жинақтың кітап болып шығуындағы Кәкітайдың жинақтаушы, ұйымдастырушы ретіндегі еңбегін М.Әуезов жоғары бағалап, «Абайдың баспаға шығуындағы тарихтық, зор еңбек етуші – Кәкітай дейміз», – деп өз бағасын береді. Жазушы Кәкітайдың аталмыш жинаққа жарияланған «Абай (Ибраһим) Құнанбайұғлының өмірі» мақаласының құндылығын көрсете отырып, жинақ мазұнын талдауға сыни тұрғыдан келіп, жеке пікірін білдіреді: «Кәкітай Абай шығармаларынан қарасөздерді түгелімен алып қалған… Абайдың аса сүйікті баласы Әбдірахман ауырып жатқанда, кейін сол қаза болғанда шерленіп шығарған сан алуан шебер жырлары баспаға берілмей қалады. Кәкітай ол өлеңдерді Абайдың өзіндік үй-ішілік сыры ғана деп ағат ұғынып, көпке танытудан іркіліп қалған. Абайдың ел жуандарының, атқамінерлерінің талай бұзар, бұзық мінездеріне әдейі нақтылап арнап айтқан сатиралық сөздері баспаға берілмейді. Сол қатарда «Абыралыға», «Дүтбайға», «Күлембайға», «Қыздарға», «Көкбайға», тағы талай сол сияқты ер сипатты адамдарға қадап айтқан сыншы өлеңдері баспаға берілмей қалған. Кейбір «Қараша желтоқсанмен сол бір екі ай» деген сияқты көпке мәлім атақты өлеңінің ішінде Тәкежандай туысына арнап, қатты ызаланып, сынап айтқан екі шумақ – сегіз жол өлең Кәкітай бастырған жинақтан және шығарып тасталған.
Жалпы бұл алуандас өлеңдерді Кәкітайдың баспаға бермеуінің себебі белгілі. Сол Абай сынаған адамдардың өзі, немесе бала, бауырлары «баспаға шығарушы адамдарға» өкпелейді, араздық ұстанады деп жасқанып қалған.
Осындай себептердің салдарынан Абай шығармаларының үштен біріне жуығы Кәкітайдың бастыруында жарыққа шықпай қалады». [6,17 б.]
Тұңғыш жинақта «Халық туралы», «Өлең туралы», «Өзі туралы», «Ғашықтық туралы», «Ой туралы», «Насихат туралы», «Замандастар туралы», «Сегіз аяқ», «Сұлу ұрғашы туралы», «Жазғытұры», «Жаз», «Күз», «Қыс», «Аңшылық туралы деген атаулармен 97 өлеңі, «Переводтар» атауымен 42 аударма өлеңі, «Әңгіме Масғұт», «Ескендір әңгімесі» дастандары және кітап соңында Кәкітай жазған Абайдың өмірбаяны мен фотосуреті берілген.
Абайдың тұңғыш жинаққа енбеген өлеңдері мен қарасөздерінің әдеби айналымға еніп, М.Әуезов айтқан олқылықтың орны толып, халық сусындайтын әдебиет бұлағының арнасы толыса түскенін абайтанушы ғалым М.Мырзахметұлының «Абайдың тұңғыш өлең жинағында ақынның өз өлең саны – 97, оның өлең жолы – 3362 болса, аударма өлеңдер саны – 42, ал өлең жолы – 1372. Екі поэмасының өлең жолы – 292-ге жетті. Яғни 1909 жылғы тұңғыш жинақтағы өлең жолының жиынтығы 5326 болып, халқымыздың мәңгі тозбас қазына көзіне айналды. Бүгінде ол екі есеге жуық молығып, 7546 өлең жолына жетіп және 46 қара сөзін қоса қамтып отырған әдеби ұлттық басты атамұрамызға айналды», – деген сөздері айғақтайды. [7,3 б.]
М.Әуезовтің шәкірті абайтанушы, ғалым Қ.Мұхамедханов өзінің Абай шығармаларына ғылыми түсінік беруде үлкен зерттеу жұмыстарын атқарады. «Абайдың шығармаларына ғылыми түсініктер», «Абай шығармаларының текстологиясы жайында» еңбектерінде ақынның әр жылдардағы өлеңдерінің мәтініне ғылыми түсініктемелер жазғанда 1909 жылғы тұңғыш басылымды басшылыққа алып, сілтеме жасайды.
И. Бораганский баспасынан жарық көрген ақынның тұңғыш жинағына қазіргі абайтанушы ғалымдар баса назар аударып, зерттеуде. Филология ғылымдарының докторы, профессор А.Еспенбетов ақынның тұңғыш жинағына 100 жыл толуына орай «Тұңғыш жинақ – абайтанудың алғашқы қарлығашы» атты мақаласында «1917 жылға дейін Санкт-Петербургте басылған қазақ кітабы біреу ғана! Ол – Абай жинағы!» -, деп атап көрсетеді. Сонымен бірге 1909 жинақтың құндылығын былайша тізбектеп, ажыратады: «Тұңғыш жинақ, біріншіден, ақын мұрасын қазақ оқырманына алғаш таныстыруымен қымбат; екіншіден, Кәкітай жазған өмірбаян болашақ ғылыми ғұмырнаманың дүниеге келуіне жол ашты; үшіншіден, абайтану ғылымының тууына қолғабысын тигізді, төртіншіден, бірінші кітап – Мүрсейіт қолжазбасына сүйеніп түзілгенін ескерсек және қолжазбада Абай мәтінінің түбегейлі сақталғандығын құнттайтын әйгілі абайтанушылар пікіріне ден қойсақ, бір сәт те жібі үзілмеуге тиіс текстологиялық ізденістер жүргізуде әдебиетші қауымның қолына түспейтін маңызды еңбек». [8,7 б.]
Жазушы Р.Мусин, тарих ғылымдарының кандидаты А.Исиннің ақынның тұңғыш жинағына арналған ғылыми мақалалары жарық көрген. Қазіргі уақытта Абай музейі қорында Мүрсейіт көшірген Абай өлеңдері жазылған дәптердің фотокөшірмесі, 1909 жылы жарық көрген ақын өлеңдерінің тұңғыш жинағы және жинақтың фото-көшірмесі сақталған. Сонымен бірге Абай шығармаларының 1909 жылғы араб әрпімен басылған баспасының аудармасын жасаған Ахат Шәкәрімұлының және Тауфиқ Досаевтың (Шәкәрімнің жиені) қолжазбалары, жинақтың факсимильді басылымы бар.

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
1.«Қазақ» газеті. – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» бас редакциясы, 1998.
2. Р.Мұсаұлы. Абай өлеңдерінің алғашқы жинағы. «Абай» журналы. 3/1992.
3.М.Әуезов. А.Құнанбаев. Алматы, 1995.
4.Қ.Мұхамедханов. Абайдың ақын шәкірттері. Екінші кітап. 1994 жыл.
5.Қ.Мұхамедханов. Абай кітабын алғаш шығарған Илияс Бораганский. Ильяс Бораганский – первый издатель книг Абая. Алматы, 2009.
6.М.Әуезов. Жиырма томдық шығармалар жинағы. Алматы «Жазушы», 1985. 20-том.
7.М.Мырзахметұлы. Ғасыр жүгін арқалаған ақын. «Абай» журналы.- 3/2009.
8.А.Еспенбетов. Тұңғыш жинақ – абайтанудың алғашқы қарлығашы. «Абай» журналы. 3/2009.

М.АБЛАМБАЕВА,
Абайдың «Жидебай-Бөрілі»
қорық-музейінің бас қор сақтаушысы