Арыстанбабқа түне, Қожа Ахметтен тіле

Арыстанбабқа түне, Қожа Ахметтен тіле

17.07.2018 Off 1  150

Ахмет Ясауидің алғашқы ұстазы, жүгінер пірі болған Арыстанбаб есімі Отырар, Сайрам,  Иассы өңіріндегі сопылардың рухани жолбасшысы ретінде кеңінен жайылған. Ел арасында «Арыстанбабқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деген ұлағатты сөз бар.

К.Г. Зельман, Ә. Диваев, В.В. Бортольд, М.Е. Массон,  А.А. Сменов, Дж. Тирмингэм, И. Меликофф еңбектерінде Арыстанбабтың Қожа Ахмет Ясауиге ұстаздық еткені туралы баяндалады.  Арыстанбаб есімі Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани Хикметінде» жиі айтылады. Бірінші хикметте «Жеті жаста Арыстан бабама сәлем» деп  ұстазымен алғаш кезіккен уақытты көрсетеді. Екінші хикметте: Жеті жасымда Арыстан бабамды іздеп таптым, Көре сала пердемен  бүркеп жаптым. Биһамды – л – лаһи таныдым деп ізімді сүйді, сол себептен алпыс үште  жерге кірдім деген. «Диуани Хикмет» бізге Арыстанбаб пен Қожа Ахмет бабалар өмір – өнегесінің мазмұны – сопылық, ал ол адамның рухани жағынан жетілу жолы екенін уағыздайды.

Арыстанбабтың дүние салуы Қожа Ахмет Иасауи хикметінде былайша суреттеледі:
«Бабам айтты: Ей балам, қасымда тұр өлейін,
Жаназамды оқып көм, жан тәсілім қалайын.
Медет берсе Мұстафа, ғарыш биігіне шығайын.
Арыслан бабам сөздерін есітіңіз – тәбәрік.
Жылап айттым: ей бала, жас көдекпін білмеймін.
Көріңізді қазармын, көтеріп сала алмаспын.
Хақ Мұстафа сүндетін, балапанмын, білмеймін.
Бабам айтты: Ей балам, періштелер жиылады.
Жебірейіл имам болып, өзгелер оған ұйиды.
Макаил мен Исрафил көтеріп көрге қояды».

Отырар өңіріндегі көнекөз қариялардың жастарға айтар аңызының бірінде Арыстанбаб дүние салған соң, оның денесін ақ бураға артып, еркіне жіберіп, соңынан ілесіп отырған. Ақ бура жүре-жүре осы жерге шөккен екен. Дәл сол орынға Арыстанбаб қойылыпты  десе, «Алпамыс жырының» бір үлгісінде Байбөрі мен Аналық «Самарқанда сансыз баб», Бұқарадағы «Баһауәдин Нақишбент» молаларына зират қылады.
“Түнейді үш күн Байбөрі
Әзіретті сұлтанға.
Түркістанда түмен бап,
Сайрамда бар сансыз бап,
Отырарда отыз бап,
Бабалардың бабын сұрасаң,
Ең үлкені Арыстан бап.
Әулие қоймай қыдырып,
Бабалардың бәрін қылды сап»,-деген өлең жолдары кездеседі.

Әзірет Сұлтан қорық-музейінің сақтаулы тұрған Баян ауылдың бір зияратшысының қолжазбасында мынадай қызық мағлұмат бар: Арыстанбаб дүние салған соң, оның моласының басына екі құс – бірі лашын, бірі қарға ұшып келеді. Бұл әңгіме бізді ежелгі түркі шаманизміне жетелейді. Көне түркілер бұл аталған құстарды киелі деп санаған. Мысалы, ескі жылнамаларда жазылған аңыз бойынша көне түркілердің Ашина тайпасына жау шауып, жаппай қырып кетеді. Сонда жалғыз қалған бала ғана аман қалады. Баланы қасқыр емізіп, аспан әлемінің елшісі – қарға ет әкеліп асыраған. Осы баладан түркілердің ұрпағы тараған деседі. Қазақтардың қарғаны киелі құс санағаны жөнінде деректер аз емес. Қарға сөзімен байланысты мынадай мақал-мәтелдер бар: «Біздің де қолымызға қарға тышар», «Қарға тамырлы қазақ», «Қарғам-ау» деген сөз қарағым, қалқам деген мағынада қолданылады. «Қарғам, қарғашым, қарғатайым” деп қарттар немере-шөберелерін еркелеткен.

 

Азия алабындағы ежелгі сәулет өнері ескерткіштерінің бірі – Арыстанбаб кесенесі және Отырар қаласының маңына жерленген  Арыстанбаб ата қабірінің басына салынған. Кесене дәлізхана мешіт, құжырхана, азан шақыратын мұнара сияқты жеке бөлмелерден құралған. Кешеннің ең көне бөлігі – қабірхана.

Қабір үстіне алғашқы белгі ХІІ ғасыр шамасында салынса, мазар ХІҮ ғасырда қайта жөнделген. Осыған орай ел арасында таралған мынадай аңыз бар: «Қожа Ахмет  мазарының қабырғалары қаланып болған түні алып көк өгіз келіп, дуалдарды мүйізімен соғып, құлатып кетеді. Ғимараттың қабырғасы қайта тұрғызылып, күмбездер қайта қалана бастағанда осы оқыс оқиға тағы қайталанып, құрылыс үйілген төбеге айналады. Тегін емес бұл жай  Әмір Темірді көп ойландырады. Бір күні түсіне ақ киімді шал еніп, ол Қожа Ахметтің  ұстазы –Арыстанбабтың қабірі үстіне мазар сал деп аян береді. Осы аян-өсиет орындалған соң ғана Әмір Темір Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи мазарының құрылысын ойдағыдай тамамдапты».

Арыстанбаб кесенесі  ХХ ғасырдың басында жергілікті халықтың қаражатымен, күйдірілген кірпіштен тұрғызылған. Ауданы-35х12 метр, биіктігі – 12 метр, есігі Әзірет Сұлтанға бағытталған. Солтүстік жағы кесене, күнгей тұсы мешіт есебінде қайта жөнделіп, дәліз қақпа маңдайшасына хижра бойынша соңғы құрылыс жүрген уақыт «1327 жыл» деп таңбаланған мәрмәр тақта қаланған.

 

 

НашарҚанағаттанарлықОрташаЖақсыӨте жақсы (12 Баға, Орташа: 4,58 / 5)
Loading...