Жеңімпазға – 1 000 000 теңге

Жеңімпазға – 1 000 000 теңге

21.05.2019 Off 90

OQSYZ. Ертең, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылған Мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің ІІ «Рухани қазына» фестивалінің жабылу салтанаты өтеді.
Жабылу салтанаты барысында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» арнайы жобасы аясында екінші мәрте өткізілген фестиваль шеңберінде отандық үздік кітапханалар мен музей ұйымдары мен қызметкерлері байқауының жеңімпаздары белгілі болады. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Шара барысында еліміздің түрлі деңгейдегі (үздік облыстық, аудандық (қалалық) маңызы бар) үздік деп танылған музейлері мен кітапханаларына, сондай-ақ олардың үздік деп танылған қызметкерлеріне ГРАН-ПРИ 1 000 000 (бір миллион) теңге табысталмақ.
Айта кетсек, Мәдениет және өнер саласы қызметкерлері күніне орай екінші рет ұйымдастырылған фестивальге облыстық, аудандық (қалалық) маңызы бар мемлекеттік музейлер, кітапханалар мен мәдени үйлерінің қызметкерлері қатысуда.
Фестивальдің мақсаты – мәдениет саласы қызметкерлерінің қызметінде тәжірибе алмасуға мүмкіндік беру, соның ішінде кітапхана, музей, мәдени ойын-сауық саласындағы қызметкерлердің кәсіби шеберлігін арттыру, қазақстандық патриотизм мен ұлттық-мәдени бірлікті дамыту аясында ұлттық мәдениетті насихаттау, аймақтық мәдениет ұйымдарының имиджін көтеру, үздік әлеуметтік-мәдени және білім беру тәжірибелерін ортаға салу болып табылады.Сондай-ақ, бірыңғай мәдени кеңістікті дамыту, аймақтардағы мәдени мұралармен танысу, жұмыс бойынша тәжірибе алмасу, қоғамдық сананы жаңғырту аясында мәдениет ұйымдары қызметтерінің мазмұнын жаңарту бойынша идеялар іздеу, мәдениет қызметкерлерінің кәсіби шеберлігін арттыру көзделген.