Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Нұрғиса Төремұратов

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Нұрғиса Төремұратов

29.03.2019 Off 234

Нұрғиса Төремұратов. Ақын, 1975 жылы Өзбекстанда дүниеге келген. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Бірнеше облыстық, республикалық мүшәйралардың жеңімпазы. “Самала”(Шымкент 2007),
“Көңіл көкжиегі”(Алматы 2013) жыр жинақтардың авторы.

Өлеңдері

Қыздар-ай, нəзік, құбылған қылық,

дидары дүрия нұр шашқан.

Ғұмырда мынау арулар жайлы,

жазылды талай жыр-дастан.

 

Алаулы құшақ, кіршіксіз сезім,

көңілге көркем гүл екті.

Ерте үзіп кетті, ерке қыз кетті,

елемей дертті жүректі.

 

Дариға дəурен! Сұлулық тұнған

бал кезең- тұғын тым-тəтті.

Бағалай алмай қалдық-ау, шіркін,

қолдағы тұрған қымбатты.

* * *

Жолыңа жөні бөлек жыр атадым,

Атады сағынышпен құба таңым.

Сүйем деп айтсам саған ыңғайсыз,ау

Алайда мен өзіңді ұнатамын.

 

Япыр-ай, қайда апарар бойдағы ағын,

Сен енді алыстықты қой, қарағым.

Өзіңді құшақтауға оқталам да,

“Өкпелеп қалады-ау”- деп ойланамын.

 

Ойлысың, аңқылдаған өзімдейсің,

Тым қатал мендік көзге көрінбейсің.

Ерекше бір сезімің сезіледі,

Қинамай еркіңменен берілгейсің…

 

Ойыма керек емес кеңес мүлдем,

(Тағдырмен талай рет егестім мен)

Жолықса жақсы жандар құрақ ұшам,

Алайда көрсеқызар емеспін де.

 

Шырмалдым мазалаған сұрақтарға,

Не айып тағылады ұнатқанға.

Жақсы ғой ұғынысу…

түбі біздер

Кетеміз жер астына, жырақтарға.

* * *

Құрал осы миға салмақ, жүгі нық,

Тіршілігім қалғандайын кідіріп.

Ойға батып отырамын бейуақта,

Смартфонның хаттарына үңіліп.

 

Көңіліңнен шаттығыңды табам шын,

Сезіміңді сезе алмасам маған сын.

Сендегі үн көкжиегі кеңейіп,

Қиялыма қанат берген адамсың.

 

Жұмбақтар көп жер бетінде мәні кең,

Жалыққандай көрінесің бәрінен.

Жанарыма сағым болып барасың,

Құпияңды ұға алмадым әлі мен.

 

Иек арттық әрбір апта, әр айға,

Мұны енді аяқтайық алайда…

Қинағаннан шаршамайын десең сен,

Дидарласып сырласайық. Жарай ма!?

 

 Егер гүл болсаң…

Иіскер едім тек өзіңді аялап,

Сабағыңа тізе бүгіп саялап.

 

Егер нұр болсаң…

Жұтар едім бар құмарым қанғанша,

Мас болып бір естен әбден танғанша.

 

Егер сыр болсаң…

Ғұмыр жетсе тағдыр атты кешуде,

Тырысар ем жұмбағыңды шешуге.

 

Егер жыр болсаң…

Жаттар едім күндіз-түні көз ілмей,

Ақындықты көріп сенен өзімдей.

 

Егер Үр болсаң…

Өзіңді іздеп барар едім жұмаққа,

Айтшы,қалқам,сенімімді құлатпа…

 

Экспромт

Қолаң шашты,

Аққұба сұлу екен.

Аяқасты…

ойладым~жүру бекер.

 

Таяп бардым.

О,тоба,бұзық екем.

…аяп қалдым,

Пейіштің қызы екен.

 

Құшақтадым.

Біртүрлі…көзі мұңлы.

Ұстап қалдым,

(жынды бір) сезімімді.

 

Иіскедім…

Әдепсіз жорыттым,ау.

Тиіспедім.

Обалдан қорықтым~ау…

* * *

Албырт шағым өзіңде екен көрмей өскен қайтарым,

Нағыз қазақ қызы екенсің болмысыңнан байқадым.

Айналайын, күн дидарлы,

қарлығашым көктемгі,

Риясыз көңіліңді кір шалмасын — айтарым.

 

Сенде қазір махаббат бар,

жылылық пен жалын бар,

Бақ жұлдызын сыйлар анық көгіңдегі ағымдар.

Мендік тілек ақтарылсын мөлдір тұнған көзіңе,

Ағасының айтқан сөзін қабылдар.

 

Ұлылардың ұлағаты ұлан асу арманда,

серік болсын от жүрегің болашақ деп жанғанда.

Арайлы сəт аймаласып, шуағыңмен шомылсын,

Жарық шашып бар маңға.

 

Нəркес көзің əр күн сайын тек шаттықпен жайнасын,

(Сұлу болмау – Айға сын).

Əсемдікпен өрнектеліп жолың əркез құлпырсын,

Бітіміңді ұлт намысы,

қазақ ары қайрасын.

 

Көркем ойлар, шұғыла жыр сəулеленсін сөзіңде,

Ғашықтықтың ғаламаты жетелесін сезімге.

Жігіт сені қадірлесін маржан лебіз сыйлаған,

Бағалай біл, өзің де.

 

СМС ХАТ

Сәлем бердім, бейтаныс жан, жайдары,

Қызығатын дидарыңа Ай-дағы.

Сенің үнің–өткенімнің белгісі,

Сенің жүзің–болмысымның айғағы.

 

Мен өзімше әлеміңе енемін,

Бізге қайдан жақындайды неге мұң?

Айтарымның барын жайып келемін,

Сыр сақтайтын адамсың ғой сенемін.

 

Сенде қазір қабаттасқан тіршілік

Көрген емес артық қылық, үн шығып.

Бой жазатын мезгіл туған сәтінде,

Тәуекелмен көрсең етті құлшынып.

 

Жанымды ұғып жақынырақ келсеңші,

Өміріңнің бұрымын бір өрсеңші.

Сырласуға жарайтын ем сезбейсің,

Құрдасыңа теңеп бір сәт көрсеңші.

 

Болмайыншы мәмілені сезбеген,

Рухани жақындықты көздегем.

Құлыбыңды кілтіменен сақтай бер,

Тұнығыңды ластамаймын сөз берем.