Абай музейінің асыл жәдігерлері

Абай музейінің асыл жәдігерлері

18.02.2019 Off 44

OQSYZ. Қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың ұлы Мағауияға жазған хаты. Бұған дейін мәтіні белгілі жалғыз хат жас Абайдың 1866 жылы Қалиоллаға жазған хаты болыпты. Ал, екінші хат алдыңғысынан отыз жылдан кейінгі кемел, дана, ұлы ақын Абайдың хаты. Қысқа ғана сәлем хат болғанымен, оның әр жолынан Ұлы Абайдың өзін аңғарып, сөзіне құлақ қойып, бас ұрғандаймыз.
Абайдың Мағауияға жазған хаты сонымен былай оқылады.
«Дұғай сәлем
[Ғиза] тлу уа һәм хүрматлу Мағашқа жетіп мағлұм болсын-ки. Үй [ішіне] менен дұғай сәлем. Әлгі малды Бәкеңнен айдатып жібер. […] Ақылбай бірге келсін. Мұндағы істер жақсы жүріп (жаты) р.
Шаһкәрімге1) һәм сәлем айтыңдар ол да келсін.
Ой жүгіртіп қарашы Мағаш бала,
Сан дегенің тоғыз-ақ; бірден сана.
Нөлді ертпесе бұлар да қысырайды,
Единица сыфат деп біл тек қана.
Көп білгенге көп надан болады қас,
Маужуд пенен мансұхты ол айырмас.
Бәйтерек те күндейді көлеңкесін,
Байқап тұрсаң осы жұрт соған ұқсас.
Үшбу сөзді зейін қойып оқы һәм солай істе шырағым.
Амандықта ағаңыз Абай.
Семей 1896 – ыншы жылдың… »
«Шаһкәрімге» дегеннен кейін «сатарлық» деген сөз жазылып, көлденең сызықпен ортасынан бір рет түгел сызып тасталған.
Жүз жыл өтіп, жұртшылыққа жаңа таныс болып отырған Абай хаты – халқымыз үшін баға жетпес мәдени мұра. Хаттағы Шәкәрім, Ақылбай, Мағауия сынды тарихи тұлғалардың да өмір белестері осы хат арқылы танылады.

Абайдың «Жидебай-Бөрілі»
қорық-музейінің баспасөз қызметі