Қазақ музейлерінің пірі жайлы пікірлер

Қазақ музейлерінің пірі жайлы пікірлер

21.01.2019 Off 205

OQSYZ. Қазақ халқының ұлттық мәдениетінің, ана тілі, дәстүрі мен әдет-ғұрпының жаңарып, дамуына елеулі үлес қосқан мемлекет қайраткері, этнограф, тарих ғылымдарының кандидаты Өзбекәлі Жәнібеков жайлы сарғайған баспасөз беттерінде жарияланған пікірлерді назарларыңызға ұсынуды жөн санадық.

Қандай мамандық, қызмет иесі болса да Өзекеңмен – Өзбекәлі Жәнібековпен дәмдес-тұздас, қызметтес болған, көзін көрген адамның бәрі де ол кісіні пір тұтты. Өйткені, Өзекең мемлекеттік, қоғамдық істердің де, өндірістің де, мәдениеттің де ғылыми концепциялық, технологиялық құрылымдарын жетік білетін, біліп қана қоймай, іс жүзінде өзі орындайтын, орындаттыратын энциклопедист қайраткер ғалым болатын. Өзекеңнің дарабоз білімпаздығы, тума талант ұстаздық қарым-қабілеті, аялы алақаны, шуақты көңілі әрбір кісіні өзіне баурап, жұрт оған үйренуге, білуге баратын. Сондықтан да адамдар білімі, адамгершілігі жағынан кемелденіп, тезге түскендей сұлуланатын. Өзекең кешіре де, кешірім сұрай да білетін киелі адам еді. Сондықтан да Өзекеңнің көзін көргеннің бәрі бақытты болатын.
Біз Өзекеңді өз саламыздың – қазақ музейінің пірі дейтінбіз. Өзекеңнің заманында Қазақстандағы музей құру ісіне байланысты бір проблема туындаса Өзекеңсіз шешілмейтін. Мейлі, ол сонау Торғайда қызметте жүрсе де Мәдениет министрлігінде оның ой-кікірі сұралатын. Қай қызметте жүрсе де, шетел асса да оның ой-санасында қазақ музейлерінің проблемалары тоғысты.
Өзекең музей құру ісін негізінен үш басым бағытта жүргізді. Бірінші – ғылыми іздестіру, жинастыру-өткен ғасырларда ұстағанның қолында, тістегеннің ауызында кетіп шетелге асырылған Тайқазан секілді құнды жәдігерлерімізді елге қайтару; екінші- ғылыми-қайта жаңғырту, қалпына келтіру, сақтау – тарих пен мәдениет ескерткіштерін сақтау, қалпына келтіру мақсатында қорық-музейлер ашып, соның негізінде ашық аспан астындағы музейлерді қалыптастыру, қоғамдар құру, қайта жаңғырту, қалпына келтіру шеберханаларының жұмысын ғылыми негізде қайта жандандыру, филиалдарын ашу, оған халық шеберлерін тарту; үшінші- Қазақстан музейлерінің ғылыми – жинастыру, ғылыми-зерттеу, ғылыми–қор, ғылыми-экспозиция, ғылыми-экспедиция, ғылыми-қайта жаңғырту, ғылыми – көпшілік, ғылыми – ағарту, ғылыми – баспа, ғылыми – байланыс, т.б. жұмыстарын барынша жандандыру.
Өзекең тоталитарлық режимнің аса жауапты, саяси демократиялық мүмкіндігі шектеулі, ой-ауқымы сірескен атқамінерлік қызметінде жүрсе де оны ұлт игілігіне бұрып, өмірінің соңғы сәтіне дейін аянбастан жанқиярлықпен еңбектенді. Адал емген ақ сүтін ақтады. Тайқазан қайтарылды, Отырар, Тараз, Үстірт, Әзіреті Сұлтан қорық-музейлері ашылды, «Қазмузейреставрация», музей жұмыстары жанданды, ғылыми негіздегі тақырыптың – экспозициялық жоспарлар жасалынды… қазақ халқының заттық және рухани мәдениетіне арналған «Қазақ қолөнерінің мәдениеті» (1982), «Жаңғырық» (1991), «Уақыт-керуен» (1992), «Жолайрықта» (1996), «Қазақ киімі» (1996), «Ежелгі Отырар» (1997), «Тағдыр тағлымы» (1996ж 1-кітап, 1997ж 2-кітап) еңбектерін жазды.

Жас Алаш” газеті 

Әбіш Кекілбайұлы:«Ақ емген адал сүтін халқына түгел қайтарып беру жолында көз жұмғанша аянбай еңбек етті».

«Егемен Қазақстан» газеті
24 ақпан, 1998 жыл.

Шерхан Мұртаза: «… ол: ей, адамдар, кім екеніңді біліңдер, өздеріңді, өз тегіңді, ұлтыңды таныңдар. Халқыңның әдет – ғұрпын, салт – санасын, тұрмыс тіршілігін, өнерін, мәдениетін біліңдер деп кетті».

«Егемен Қазақстан» газеті
24 ақпан, 1998 жыл.

Мұхтар Әлиев:«Өзбекәлі Жәнібеков – қазақ халқына шынайы перзент бола білген туған халқын құшағына тұтас қысуға тырысатын айрықша тұлға еді».

«Егемен Қазақстан» газеті
24 ақпан, 1998 жыл.

Мырзатай Жолдасбеков:«Өзбекәлі Жәнібеков – ел тарихынан ерекше орын алатын мемлекет әрі қоғам қайраткері, аса ірі ұйымдастырушы, этнограф, қазақ мәдениетінің білімпазы».

«Егемен Қазақстан» газеті
24 ақпан, 1998 жыл.

Манаш Қозыбаев:«Өзбекәлі – қазақ халқының ХХ ғасырдағы біртуар перзенттерінің бірі».

«Егемен Қазақстан» газеті
24 ақпан, 1998 жыл.

Рахманқұл Бердібай:«Көтерген мәселелерінің күрделілігімен, ұлт мұратына фидайы адалдығымен ол ХХ ғасырдағы қазақ ойшылдарының алғы легіне шықты».

«Егемен Қазақстан» газеті 
24 ақпан, 1998 жыл.

Нұрлан Оразалин:«Бар саналы өмірін алаш дейтін аталы жұрттың амандығына арнаған, өзгеге ұқсай бермейтін табанды мінезімен, таңғажайып талғамымен, сирек бітімді парасат – пайымымен өз биігін өзі жасаған, өз болмысын өзі қашаған өз – ағамыздың … мінезі санамызда, биігі жадымызда қалды».

«Егемен Қазақстан» газеті
24 ақпан, 1998 жыл.

Мұхтар Шаханов: «Өзбекәлі Жәнібеков басынан бақайшығына дейін ұлттық рухпен тыныстаған, аса жауапты, мүмкіндігі шектеулі, ой – ауқымы сірескен атқамінерлік қызметтердің өзін де ұлт игілігіне бұрудың тамаша үлгісін көрсеткен және еліміздің қаһарман қаласы – Отырар топырағына терең тамыр жіберу бақытына ие болған осы өлкенің маңдайы жарқыраған арайлы перзенті еді».

«Оңтүстік Қазақстан» газеті
6 наурыз, 2001 жыл.

Әмір Мұсақұлов:«Еліміздің қазақтың ежелгі тарихына, көне сарынына қолданбалы өнер әлеміне ашқан үлкен терезесі – Өзбекәлі болатын».

«Отырар алқабы» газеті
26 ақпан, 1998 жыл.

Деректер “Руханият-Әбу Насыр әл -Фараби” музейінен алынды