Ақбикеш мұнарасы – махаббаттың символы

Ақбикеш мұнарасы – махаббаттың символы

13.01.2019 Off 365

OQSYZ.«Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді.
Ұлттық салт дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз,мәдениетіміз,жоралғыларымыз бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс».
                                            Н.Ә.Назарбаев

Мен көрдім Ақбикештің мұнарасын,
Сомдап соққан дегендей құламасын.
Арада төрт – бес ғасыр өткен шығар,
Мен емес тарих айтсын бұл арасын…
                              Құлжабай Төлеуов,
                               халық ақыны

Ақбикеш мұнарасы – Қаратаудың батыс сілемдеріндегі Ақсүмбе кентінен оңтүстікке қарай орналасқан биік жота басындағы тарихи ескерткіш.
Ақсүмбе мұнарасы жергілікті маңызы бар сәулет және қала құрылысы ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген.


Мұнара «Ақсүмбе» деген атпен тарихшы Шараф әд-дин әл – Жүздінің «Зуфар – намесінде» (« Жеңіс кітабы») Әмір Темірдің 1389 – 90 жылдардағы Тоқтамысқа қарсы жорықтарын сипаттағанда Дешті Қыпшақ даласын бақылап отыру үшін Қаратау шыңына салынған қарауыл мұнарасы ретінде айтылады.Мұнара Ақсүмбе ауылының оңтүстік- батысындағы Қаратау қойнауынан бастау алған Ақсүмбе өзені аңғарының таудан шығаберісіндегі 200 метрдей биік жотаның үстіне тұрғызылған. Мұнараның іргетасы текше тастармен қаланып,жоғары жағы толығымен қам кесекпен өріліп шыққан. Мұнараның солтүстік – шығысында төбесіне шығатын есігі бар. Есіктен кірген адам төбесіне бұрғы басқышпен айналып шығады. Бірінші айналмадан өтіп 3, 5 -4 метрдей биіктеген соң,бір адам еркін тұратын және айналаға ешқандай кедергісіз қарай алатын солтүстікке қараған терезе кездеседі.. Терезеден Шу өзені бағытындағы мидай жазық даладағы тіршілік алақандағыдай анық көрінеді. Терезе жанындағы бұрғы басқышпен жоғары өрлеп,екінші айналымға көтерілгенде 6-6,5 метрдей биіктікте оңтүстікке қараған екінші терезе кездеседі. Бұл арадан оңтүстік беткейдегі тау аңғары мен оның қойнауы анық көрінеді.
Осы арадан бастап жоғары көтерілетін бұрғы басқыш бұзылып, жоғары көтерілуге мүмкін болмай қалған. Екінші терезе мен мұнараның төбесіне дейінгі арақашықтық шамамен 5,5 -6 метрдей. Қар мен жаңбыр суынан, биік шоқы басындағы таудан соққан самал салдарынан мұнараның оңтүстік- батысының тең жартысына жуығы мүжіліп құлаған.Мұнара арасын ірі қиыршық тастармен толтырып жасаған іргеліктің үстіне шикі кірпіштен тұрғызылған. Жота басында ақ керіш топырақтан құйылған қам кірпіштен тұрғызылған мұнараны жергілікті халық «сүтке илеген, арасына ту биенің құйрығын турап салған» дейді. Пішімі жұмыр. ХІІ ғасырда салынған деген дерек бар. Қазіргі тұрғандағы мұнара биіктігі 12 метрдей. Жалпы іргетасының диаметрі 14 метр болса, бүгінде қалғаны – 9 метр. Мұнара басында тып-тынық күннің өзінде жел қатты есіп тұрады. Мұнара орналасқан төбенің етегінде ескі бекініс жайдың орындары сақталған. Ол жай созылып барып, қазіргі Ақсүмбе елді мекеніне жалғасады.
Негізінде Ақсүмбе-Ақбикеш бір заманда әлемге әйгілі қала болған. 1254 жылы Кіші Арменияның патшасы Гетум 1(1227-1269) моңғол қағаны Мөңкеге бара жатып Ұлы Жібек жолы бойындағы Созақ даласын басып өтеді. Гетум-1 осы сапарын егжей- тегжейлі хатқа түсіріп кеткен. Осы шежіре-дерек бойынша Ақсүмбе ол заманда Хендахор Созақ болса, Хұзақ қаласы атанғанын зерттеушілер анықтаған.
Белгілі археолог Карл Байпақов « Қазақстанның ежелгі қалалары» деген кітабында Ақсүмбеге 1390 жылдары Алтын орданың ханы Тоқтамысқа қарсы жорық жасаған кезінде Ақсақ Темірдің әскері тоқтағанын жазады. Осы жерден олар өзіне қарсы жау әскерін бақыласа керек. Мұнараны бертінде В.Тизенгаузер, В.Бартольд, В.Воронина,Ә.Марғұлан,К.Байпақов сынды ғалымдар зерттеп, өз еңбектерін жазған.
Бүгіндері әбден шөгіп, мүжіліп бара жатқан мұнара ықылым заманның көзіндей болып, қазақ даласын қас қақпай күзетіп тұрған секілденеді. Алыстан қарағанда ата жұртты күзетіп, от басында шошайып қалған ақ жаулықты анаға да ұқсатуға болады. Қазіргі таңда ақсүмбеліктер Ақбикеш мұнарасына махаббаттың символы ретінде қарайды.
Орта ғасырдан бүгінге дейін жеткен ерекше мұнараның Қазақстан сәулет қорында алатын орны ерекше. Ақбикеш мұнарасы  ХІІІ-ХІҮ ғасырдағы қала құрылысы және сәулет ескерткіші ретінде мемлекеттік тізімге енгізіліп, сан ғасырлық тарихы бар жәдігерді сақтап қалу мақсатында аудан әкімдігінің бастама көтеруімен жергілікті тұрғындар реставрациялық жөндеуге дейін арнайы төзімділігі берік материалмен уақытша қаптау жұмыстарына «Ақбикеш мұнарасы» қоғамдық қорын құру арқылы ауқымды істер атқарған болатын.

Биыл Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Ақбикеш мұнарасы республикалық  маңызы бар  ескерткіштер қатарына еніп, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу қолға алынды.

Аңыздар не дейді? 

Осы күнге дейін жеткен әртүрлі аңыздарда мұнараны Ақбикеш арудың есімімен байланыстырады. Бірінде Ақбикеш ертеде есімі ел құлағына шалынған ерке қыз болған екен. Қосыла алмаған ғашығын осында жерлеп, қырық жыл қайыр тілеп, басына осы күмбез мұнараны соқса, екіншісінде Алшын руының аяулы қызы екен дейді. Ел шетіне жау тигенде алты ағасымен қатар аттанып, қанды жорықта ел азаттығы үшін жау қолыннан мерт болыпты.. Халық оны ардақтап, арулап төбе басына жерлейді де, есімін мәңгі есте сақтау үшін және моласын ашып, жаулары денесін қорлай алмастай етіп үстіне мұнараны тұрғызған екен.
Ел арасындағы әңгімелер мен жазба деректер Ақсүмбе мұнарасында төрт терезе ( солтүстік, оңтүстік, шығыс, батыс) мен төбесінде от жағып хабар беретін тегістік жай болған деседі.
Бұл көне мұнара Ақбикешпен қатар, кейде «Ақсүмбе» деп те аталады. Ақсүмбе аталатын себебі қазақ найзаның ұшын « сүме» дейді, алыстан ақ сағымға оранып, сүйір ұшы найзадай шаншыла біткендіктен солай аталған болуы керек. Сондай –ақ моңғолша «сүм» деген сөз қазақша «ғибадатхана» деген мағына береді.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Қазыналы Оңтүстік / Құраст.: Қ.Т.Тәжиев. -Т.22: 5- кітап : Әз-әулиелер.-Алматы : « Нұрлы Әлем», 2011.- Б.8. – («Түркістан кітапханасы» сериясы)
2. Оңтүстік Қазақстан облысы :Энциклопедия / Бас редактор Б.Ғ.Аяған.- Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» ЖШС, 2005.- Б. 63.
3. Тәбрізұлы С. Созақ өңірі.- Толықт.2-ші бас.- Алматы, 2007. – Б.260.
4. Көшербай Е. Ақсүмбе мұнарасы / Е.Көшербай // Алтын қазына . -2013 . -№ 15(41), тамыз.-Б.1.
5. Қарғабай М. Ақбикеш сәукелесін қайта түзесе…/ М.Қарғабай // Созақ үні. – 2015.- Б.3.
6. Олжабай С. Махаббат маздағы немесе Ақсүмбе-Ақбикеш аңызы / С.Олжабай // Жалын. – 201. -№ 1.-Б.36.
7. Райымқұлов Е. Ақбикешке айрықша назар аударылуда // Рейтинг. -2016. -29 қыркүйек.-Б.10.
8. Тәшенов Т. «Ақбикеш» мұнарасы – «Нұр Отанның» назарында / Т.Тәшенов // Теріскей. – 2011.- 13 тамыз.-Б.3.