Нұр туралы шығарма қазақ тіліне аударылды

Нұр туралы шығарма қазақ тіліне аударылды

10.01.2019 Off 83

OQSYZ. Нұр туралы шығарма көне түркі тілінен қазақшаға аударылды. Ізгілік пен мейірімділік, жылы сөз бен адалдыққа шақыратын қасиетті шығарманы түпнұсқадан тәржімалаған қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша педагогика ғылымдарының магистрі, тарихшы –
Құралбек ЕРГӨБЕКОВ.
Төменде Нұр шығармасының аудармасын толықтай жариялап отырмыз.

БҰЛ КІТАПША ТЕҢДЕСІ ЖОҚ
НҰР ТУРАЛЫ ШЫҒАРМА ЖИНАҒЫ

 Аса қайырымды, ерекше мейірімді Тәңір атымен

Бәрінен жоғарғы Тәңір ең алғаш жаратқан нәрсе – ан Һәзіреттің (оған Тәңір ризашылықпен бата берсін және қошамет сәлемі болсын) нұры. Ең жоғарғы мәртебелі Тәңір он сегіз мың ғалам және Адамнан бұрын ан Һәзірет (оған Тәңір ризашылықпен бата берсін және қошамет сәлемі болсын) нұрының басын иіліп тәжім етуге қойды. Құдай құдіреттен бұйрық жетті және былай деді:
– Әй, менің нұрым және әй, менің сүйіктім, тағы әй, менің қалаулым, оған қоса әй, менің ерекше артықшылығы бар құлым, сенің достық ізгі махаббатыңнан жеті ағыл-тегіл теңіз жараттым. Ең алғашқысы – ілім телегей-теңізі, екіншісі – момын құлық жұмсақтық ағыл-тегіл теңізі, үшіншісі – ақыл-парасат сарқылмайтын дариясы, төртіншісі – дана нақыл таусылмайтын теңізі, бесіншісі – пақыр кедейлік ұшан-теңізі, алтыншысы – даналық білім шет-шегі жоқ теңізі, жетіншісі – мархабат кешірім ағыл-тегіл дариясы.
Ан Һәзірет (оған Тәңір ризашылықпен бата берсін және қошамет сәлемі болсын) нұры бар болуы лайық жаратушы Һәзірет ием бұйрығымен әр телегей-теңізде он мың жылдан тұрақтап тұрды да, жетпіс мың жыл өткен соң бәрінен жоғарғы Тәңірден пәрмен жетті және былай деп айтты:
– Әй, менің нұрым және әй, менің сүйіктім, тағы әй, менің қалаулым, оған қоса әй, айрықша артықшылығы бар құлым, әй, сенімді достым! Шет-шегі жоқ ұшан-теңіздерден шық.
Ан Һәзірет нұры ағыл-тегіл теңізден шықты. Және де он сегіз мың ғалам иесі Құдай пәрменменен айтты:
– Әй, менің нұрым және әй, менің сүйіктім, әй, менің қалаулым, әй, менің ерекше артықшылығы бар құлым, қасиетті тән бойыңды қағып сілкілендір, – деді.
Ан Һәзірет нұры қағып сілкілендірген еді, құтты дене мүшелерінен ағыл-тегіл және жүз жиырма төрт мың тамшы су тамды. Сондай-ақ барша пайғамбарлар содан пайда болды.
Үш жүз он үш тамшы су қасиетті басынан тамды. Үш жүз он үш жіберілген пайғамбар (мүрсәл, кітап иесі болған) пайда болды. Екі тамшы су құтты оң көзінен тамды. Тақтаны, тағдыр-кітабын (лаух), тағдыр жазуын (қалам) пайда қылды. Екі тамшы су құтты сол көзінен тамды. Әуелгі тамшыдан көк аспанды (ғарш) пайда қылды. Бір тамшысынан тақты (күрсі) пайда қылды.
Және екі тамшы су құтты оң құлағынан тамды. Жәбірейіл және Микайіл періште пайда болды. Тағы екі тамшы су құтты сол құлағынан тамды. Одан Исрафил, Ғазірейіл періште пайда болды. Және де сегіз тамшы су құтты мұрнынан тамды. Сегіз пейіш жәннат пайда болды. Тағы жеті тамшы су құтты ашу-ыза қаһарынан тамды. Жеті жаһаннам тозақ пайда болды. Екі тамшы су қасиетті жүзінен тамды. Одан ай, күнді пайда қылды.
Бес тамшы су құтты оң қолынан тамды. Әуелі – жетінші қат аспанда өсетін лотос ағашын (сидратүл мүнтаха), екінші – жәннаттағы үлкен туба ағашын жаратты. Үшінші – жұмақтың кәусар бұлағын, төртінші – киелі ғибадатхананы (байтүл мұқаддас), бесінші – Адамның аса таяғын жаратты. Аса таяқ Адамнан (онда тыныштық, берекет болсын) Шиш Тәңір елшісіне қалды, одан Мұса пайғамбарға, одан барша діни қауым басшыларына қалды.
Және бес тамшы су құтты сол қолынан тамды. Әуелі – екпіні күшті суық жел пайда болды, екінші – қанаттас жел (Исрафил мақамы) пайда болды. Үшінші – күн күркіреу, найзағай пайда болды. Төртінші – Сүлеймен пайғамбар мөр белгісі бар жүзігі пайда болды. Бесінші – Исрафил періште мүйізден жасалған кернейі пайда болды. Және екі тамшы су қасиетті аузынан тамды. Одан түнді және күндізді жаратты.
Және Һәзірет Тәңір ешбір олқылығы жоқ кіршіксіз пәк және ең жоғарғы мәртебелі, ауыз қуысы мен жұтқыншағы жоқ, оған қоса тілі мен сөзі жоқ, сондай-ақ ауызы мен ерні жоқ, сонымен бірге тісі жоқ және барлығын билеп-төстеуші жалғыз иеден көтеріңкі лепті шақыру келді. Айтты:
– Әй, менің нұрым, әй, менің сүйіктім, әй, менің қалаулым, әй, менің айрықша артықшылығы бар құлым! Сенің достық мейір махаббатыңнан төрт нәрсе жараттым. Менің Құдай Тәңірлігім, сенің пайғамбар елшілігіңді ең алғашқы жаратылыстан ең соңғы ақырына дейін әйгілеп хабардар қылайын деп, ой-өре пайымына жеттің бе? – деді.
Ан Һәзірет (оған Тәңір ризашылықпен бата берсін және қошамет сәлемі болсын) нұры айтты:
– Әй, жалғыз Тәңір, әй, ішіп-жемейтін мәңгі жаратқан ие, әй, саф таза Құдай, әй, пәруардігер, сен білерсің, – деді. Ең жоғарғы мәртебелі Құдай болса, одан көтеріңкі лепті шақыру келді:
– Йа Мұхаммед, мен саған баяндап айтып берейін, әуелі – от, екінші – самал жел (ауа), үшінші – су, төртінші – топырақ (жер).
Нұр ан Һәзірет болса, Тәңірі бұйрығымен бірінші іле-шала дереу самал желге барып, сәлем берді. Самал жел болса, Тәңірі пәрменімен тілге кіріп:
– Уа ғалейкум ассалам, – деді.
Нұр ан Һәзірет болса, былай деп айтты:
– Әй, самал жел, сен кімсің?
Самал жел айтты:
– Мен аса қайырымшыл Тәңірі құлымын.
Нұр ан Һәзірет сұрады:
– Сен бұл әлемде нендей іс қыласың?
Жауап берді:
– Қандай да ой-ниет тілегім болса, өз қалауыммен жасаймын.
Нұр ан Һәзірет айтты:
– Сен өз олқылығыңды білесің бе?
Самал жел сұрады:
– Менің нендей айыбым бар?
Нұр ан Һәзірет былай деп жауап берді:
– Сен барлық адамды көрерсің, сені ешнәрсе де, кім болса да көрмес.
Самал жел айтты:
– Ей, Нұр ан Һәзірет, рас па? Шынымен сен олқылықсыз күнәдан пәк болғаның ба?
Нұр ан Һәзірет:
– Әй, самал жел, «Тәңірім, кешірім жаса» дегін, құл пәнденің айыбы көп, кемшіліктерден ада бәрінен жоғарғы Тәңірі, – деді.
Одан кейін самал жел:
– Құдайдан басқа Тәңір жоқ және Мұхаммед Тәңірінің құдайшыл құлы, тағы елшісі деп куәлік беремін, – деп ең жақсы қасиетке ие болып, ізгі жолға лайықты дін исламға мойынсұнды.
Содан соң ан Һәзірет нұры судың алдына келді және сәлем берді. Ол да өз хал-күйі тілімен:
– Сау-саламатсың ба?! – деді.
Ан Һәзірет нұры сұрады:
– Әй, су, сен кім боласың?
Су жауап берді:
– Құдайдың құлымын.
Оған қоса:
– Жарық дүниеде нендей іс жасайсың? – деп сұрады.
Жауап берді:
– Әрқандай мақсат қалауым болса, өз ой-ниетіммен жасаймын.
Нұр ан Һәзірет айтты:
– Әй, су, «Тәңірім, кешірім жаса» деп айт. Құл пәнде өз ой-ниет тілегімен іс жасай алмас. – Және былай деді: – Әй, су, сен өз олқылығыңа қара, нендей айыбың бар?
Су сұрады:
– Менің қандай айыбым бар?
Нұр ан Һәзірет жауап берді:
– Барша нәрсені таза қыларсың, бірақ өзің ластанып былғанарсың.
Су айтты:
– Рас па? Шынымен сенің кемшілік күнәң жоқ па?
Нұр ан Һәзірет айтты:
– «Тәңірім, кешірім жаса» дегін. Құл пәнденің басынан аяғына дейін олқылық бар. Айыпсыз бәрінен жоғарғы Тәңірідүр.
Сонда су:
– Құдайдан басқа Тәңір жоқ және Мұхаммед Тәңірінің құдайшыл құлы, тағы елшісі деп куәлік беремін, – деп бұл да ізгі мұсылман болды.
Содан кейін Мұхаммед нұры оттың алдына келді. Оған да сәлем берді. Ол да тілге кіріп:
– Аман-есенсің бе?! – деді.
Нұр ан Һәзірет сұрады:
– Әй, от, сен бұл әлемде не істейсің?
От жауап берді:
– Қандай да ой-ниет тілегім болса, өз қалауыммен жасаймын.
Нұр ан Һәзірет айтты:
– Құл пәнде өз тілек қалауынша іс жасай алмас. Әрбір іс Тәңірідендүр, – және сұрады: – Әй, от, сен өз олқылығыңды білесің бе?
Сауалға сауалмен жауап берді:
– Менің не айыбым бар?
Нұр ан Һәзірет айтты:
– Әй, от, «Тәңірім кешірім жаса» дегін. Құл пәнденің басынан аяғына дейін кемістік бар. Бір сенің айыбыңды алсақ, дүниеде тіріліп пайда болмағың, от шашып жалынға айналмағың самал желменен, ал тұншығып өшпегің суменен. Айыбы жоқ тек Жаратқан ие, – деді.
От болса бұл кәлиманы айтып, өте діншіл (мүслім) және мұсылман болды:
– Құдайдан басқа Тәңір жоқ және Мұхаммед Тәңірінің құдайшыл құлы, тағы елшісі деп куәлік беремін.
Мұнан кейін нұр ан Һәзірет басшылық, жетекшілік рөлді иеленген (сари) топырақтың алдына барды. Оған да сәлем берді. Топырақ та өз хал-күй тілімен:
– Уа ғалейкүм ас-салам, – деді.
Нұр ан Һәзірет сұрады:
– Әй, топырақ, сен кімсің?
Топырақ жауап берді:
– Мен ерекше мейірімді Құдайдың құлымын.
Нұр:
– Бұл жарық дүниеде нендей іс қыларсың?
Топырақ айтты:
– Бәрінен жоғарғы Тәңірі қандай да бір нәрсені әмір етсе, соны жасаймын, – деді.
Нұр ан Һәзірет болса, іле-шала жылдам топырақты аймалап құшақтады және айтып баяндады:
– Ең алғашқы жаратылыс дүниесінен соңғы ақырына дейін сені қалап таңдаймын. Неге десең, оның себебі, сенде даңдайсыған тәкаппарлықты көрмедім, еш кездестіргенім жоқ. Һәзірет Адамды сенен жаратып шығарса керек. Және тағы саған жіберер.
Бәрінен жоғарғы Құдай хабар берер, ең жоғарғы мәртебелі Тәңірі сөзі: «Уа Һува бикулли шаи’ин ‘ӓлим» («Ол [Құдай] барлық нәрсені толық білуші» [«Нұр» сүресі, 35-аятының соңы]).
Әр адам табиғаттың бастапқы, алғашқы төрт әсілі негізінен (элементінен) құр емес. Кейбіреудің туа біткен жаратылысы – от және кейбіреудің табиғаты – самал жел (ауа), кейбіреудікі – су, сондай-ақ кейбіреудікі – топырақ (жер). Әр құл пәндеде бар.
Кім де кім бұл нұр туралы шығарманы оқыса немесе тағы өзімен бірге алып жүрсе, екі дүниенің қайғы-қасіретінен, бәлекетінен аман болғай. Тағы әрбір жиын-мәжілісте оқыса, жиын-мәжіліс болып жатқан үй-іші естісе, ол құл пәнденің амал кітабына сансыз көп сауап жазылғай. Қатаң сот болатын күні (маһшарда) амал кітабы оңынан келгей. Барлық қанша көп күнәлары болса, бәрін де кешіргей. Көрде тән денесі шірімегей. Иманы шайтан малғұнның залалы мен бәлесінен аман болғай.
Және де ол құл пәңдеге Тәурат, Інжіл, Зәбүр, Құранның сауабын берер. Және тағы ата мен анасының күнәларын өтеп, кешірім шапағаттылық қылғай.
Және де екі жүзді пәлеқор болудан, оған қоса өсекші жалақорлықтан, сондай-ақ арғы дүние бәлекетінен және зілзала апаттардан аман болғай. Жақсылардың қатарында болғай және ислам үшін шайқасушылардың (ғазилар) сауабын бергей.
Және тағы кім де кім ықыласымен естісе, ең жоғарғы мәртебелі Құдай айтар:
– Оны менен менің арамда ешбір шымылдық перде болмағай, сондай-ақ үш жүз он үш жіберілген пайғамбар (мүрсәл, кітапқа ие болған) елшінің сауабын бергей. Және де жұма түнінде немесе оған қоса дүйсенбі түнінде оқыса, қандай да қалау талабы болса, қабыл болуына лайық болғай.
Және шақырған көтеріңкі дауыс келді:
– Йа Мұхаммед, сенің жолыңды ұстаушы үмбеттерің – менің шын берілген құл пәнделерім. Бұл нұр туралы шығарманы қорғаныш етіп, жүзіне сүртсе, қажеті орындалғай.
Бір риуаятта немесе аңыз әңгіме хабарында тарап келіпті, кім де кім пайғамбардың (онда тыныштық, берекет болсын) сипаттарын оқыса, сондай үлкен шарапат тапқай, екі дүниенің бәлесінен, залалынан аман болғай.
Ыждаһатпен зейіндеріңді қойыңдар, бұл шығарманы өздеріңмен бірге алып жүріңдер. Құдай сақтасын, ажал жетсе, жан тыныс табуы, жан беруі жеңіл болғай. Қайырымдылық періштелері оның күнәларының арылуын тілегей.
Тағы кім де кім оқыса, дін жолында қаза болғандардың және құлды ерікті етудің, жеті мәртебе қажылық жасағанның сауабын бергей. Тағы Тәңірі жеті әулет, үрім ұрпағына қамқоршылық қылғай.
Және тағы хикаят-әңгіме қылар, Һәзірет Әліден (Тәңір оның дарқандығын және абырой-атағын арттырсын) жеткен. Тәңір елшісіне бәрінен жоғары Құдай Һәзірет Жәбірейілді жіберді:
– Бұл нұр жайлы шығарманың сауабы, ол аса көп. Тағы барлық жер жүзіндегі пұл мен малды садақа қылғанның сауабын тапқай. Кім де кім дәрет алып, тазалықпен оқыса, ақыл-парасатты осыған қойса, данагөйлік, кемеңгерлік өлшеусіз арта түсер. Тұтасымен жалпы үмбеттерге берсін.
Һәзірет Жәбірейіл:
– Өте жақсы хабар, жаныммен жеткіземін, – деп жетіп келді: – Йа Мұхаммед, Құдайың сәлем деді, тағы періштелер шексіз мақтау, сәлем айтты: «Достым Мұхаммедке хабар бер, әркім оқыса да, не болмаса оқытып естісе де, ол құл пәндеме қадірлі жақсылардың, ізгілердің сауабын берермін».
Және олардың жайында аят келді, ең жоғарғы мәртебелі Тәңір сөзі: «Фаман таби‘а һуда иафала хауфун ‘алайһим уа ла һум иаҳзануна» («Кім де кім менің нұсқаған тура жолыммен жүретін болса, олар үшін ешқандай қауіп-қатер, уайым-қайғы жоқ болады» [«Бақара» сүресі, 38-аятының соңы]). Және тағы олардың жайында басқа аят келді, бәрінен жоғарғы Тәңір сөзі: «Аллазина иастами‘унал қаула фаиаттаби ‘уна аҳсанаһу» («Сөзге құлақ салып, кейін оның ең жақсысына ілесетіндерге қуанышты хабар жеткіз» [«Зумар» сүресі, 18-аятының басы]).
Жәбірейіл (онда тыныштық, берекет болсын) айтты:
– Йа Тәңір елшісі, бұл нұр жайлы шығарманы тілек еткен түрік және ниет қылған тәжік, сондай-ақ қалаған ғараб және тілек еткен ғажам болса да, оның қалағанын, тілеген ой-ниетін Құдай берер. Сондай-ақ кім де кім дәрет алып, тазалықпен оқыса, төрт жақын жүрген (мұқарраб) періште күнәсын тілеп, қияметке дейін оның һақында күнәдан арылу туралы өтініш айтар.
Тағы ең жоғарғы мәртебелі Құдай ол құл пәндеге Жаһия және Иса, тағы Һарун, оған қоса Жақып, сондай-ақ Ысһақ, Ибраһимнің де, Ысмайылдың да, сонымен бірге Нұһ және Ыдырыс, тағы Шиш, оған қоса Дәуіт, сондай-ақ Айюб, Сүлейменнің де, Жіржистің де, сонымен бірге Қызыр және Ілияс, оған қоса Шұғайып, сондай-ақ ан Һәзірет, сонымен бірге қалған басқа барша пайғамбарлардың (Тәңірінің оларға рақымы мен батасы болсын) сауабын берермін.
Ол құл пәнденің күнәсы шөл даладағы құмдардай сансыз көп болса да, кешірім болғай. Өлген уақытта көрі жарық болғай.
Тағы бұл нұр жайлы шығарманың керемет қасиетінен үйге ұры кірмегей және қарыздар болмағай. Бәлки егер қарыздар болса, ең жоғарғы мәртебелі Құдай құтылу жолын ашып бергей. Оған қоса арамза, залым, ар-ұятсызға ділгер етіп қоймағай. Бұл әлемде және арғы дүниеде ешқашанда жамандық көрмегей.
Сонымен бірге кім де кім бұл шығарманы өзімен жолдасындай серік қылып, ұрысқа алып барса, оқ және қылыш, тағы мылтық, сондай-ақ найза, айбалта, шоқпар, қанжар да өтпегей. Ешқандай бәле және ауырлық көрмегей.
Тағы кім де кім өлер уақытында бұл нұр туралы шығарманы көріне жолдасындай серік қылып қойса, ол үмбетім көр азабынан аман болғай. Мүнкәр мен Нәкір сауалына оңай жауап бергей. Тозақ жаһаннам арқылы салынған қыл көпірінен жасынның жарқ еткеніндей лезде өткей. Амал кітабы оң қолына тигей.
Ей, үмбеттерім, бұл дүниелік өткінші, опасыз нәрселерге алданып жаңылыспаңдар. Арғы дүниелік ақырет ісінен хабарсыз болмаң. Бес күндік ғұмырларыңызға, міндетті түрде, сенімділік қылмаңдар. Алданбаңдар.
Ауызша сақталған аңыз әңгіменің баян етуінше, имам Мұхаммед Ғазалидың (Құдай оны кешірсін, шапағаты болсын) төрт жүз [кітаптан тұратын] кітапханасы бар еді және оған кіріп, кітап оқып, зерделеп қарап еді. Сонда бұл нұр жайындағы шығарма-кітапты көріп, оқыған сайын жанға жағымдылығын жақсы көріп, өте рахаттанып, өлшеусіз разылықпен шат-шадыман, мәз болды. Және де бұл шығарманы Сұлтан Махмұт Ғазнауи үшін алып, жүріп кетті.
Бұл нұр туралы шығарма-кітапты [керемет қасиетімен] біліп, [Сұлтан Махмұт Ғазнауи] он күндік жолға қарсы алуға шықты. Имам [Мұхаммед Ғазали] да он күндік жол жүріп, бір жерде жатты. Ертеменен тұрып, Сұлтан Махмұттың қызметіне жетті. Бір-бірімен көрісті. Сұлтан Махмұт болса, бұл Нұр жөніндегі кітапты көріп, өте масаттанып, ерен шаттанды. Және де бұл нұр жайлы кітаптың құрметіне мың қой, оған қоса мың түйе құрбандық берді. Сондай-ақ барлық ғұлама, тағы діни қауым басшыларын және мұсылман діні үшін өмірін пақырлыққа, сопылыққа берген кісілерді аралап, сыйлы шапан жауып, абырой мен бақытқа бөлендірді. Тағы да өте көп жарылқаушылық, қайырымдылық істер жасады.
Дереу өз ықпалы жүретін қол астындағы жерлерге жүріп кетті. Шаһар менен шаһар, уәлаят пенен уәлаят жүрді. Бір жерде болса, сонда жатып, түс көрді. Түсінде Тәңір елшісі жүз жиырма төрт мың таңбалы елшілік өкілділікті иеленген пайғамбарлармен келді.
– Сұлтан Махмұттың күнәсін кештім және арғы дүниелік ақыретін гүлдендірдім. Жәннат есігін жүзіне аштым. Қайсы есігін қаласа, сол есіктен кірсін, – деді.
Нұр жайлы шығарма-кітаптың керемет қасиетінен Сұлтан лезде ұйқыдан шошып оянды. Бұл көргенінің барлығы болса, түсі екен. Және бұл түсінің құрметіне тоғыз жүз қой, бес жүз түйе құрбандық берді. Оған қоса он мың жалаңашқа, кембағал жанға тон, киім берді. Мың мешіт және мың медресе, оған қоса ат көлікпен тоқтайтын, қонақтарға арналған мың керуен сарай құрылыстарын жүргізіп, ғимараттар салды. Қағба жолында мың құдық қаздырды. Жетім-жесірдің көңілдерін жұбатып, оларға қайырымдылық және мейірімділік істер жасады.
Кім де кімнің ісі қиындап алға жүрмесе, оңға баспаса, бұл шығарманы өзімен алып жүрсе, не болмаса оқыса да, егер сауаты жоқ болса, оқытып естісе, ол құл пәнденің ісі оңтайлы, сәтті жолын табады. Кім де кім сенбей күмән келтірсе, жақсы емес. Ол кәпір болар және бұл сауаптан құр қалар. Соңы (тәммә).

Аса қайырымды, ерекше мейірімді Тәңір атымен

Нұр туралы шығарманың дұға-тілегі осыдүр

Йа Тәңірім, мені жаныңда нұрға айналдыр және жүзімді нұрландыр, оған қоса басымды нұрлы ет, шашымды да нұрға айналдыр, жақын серігімді де нұрландыр және нәпсі құмарлығымды нұрлы ет, оған қоса құлағымды нұрға айналдыр, жанарымды да нұрландыр, ауыз-ерінімді де нұрлы ет, сондай-ақ тілімді нұрға айналдыр, сапа-қасиетімді де нұрландыр, іңкәрлік-махаббатымды да нұрлы ет, тағы жүрегімді нұрға айналдыр және сүйегімді нұрландыр, тән-денемді де нұрлы ет, қолымды да нұрлы ет, тағы теріскей-сол жағымды нұрға айналдыр және ең жоғарғы төбемді нұрландыр, астыңғы төмен жағымды да нұрлы ет, бүйір-қапталымды да нұрлы ет, тағы әділеттілігімді нұрға айналдыр және діндарлығымды нұрландыр, қатерсіз нанған сенімділігімді де нұрлы ет, мойынұсынған мұсылмандығымды да нұрлы ет, тағы ақиқат жолындағы басшылық нұсқауымды нұрға айналдыр және өлім құрығынан құтылмайтын ажалымды нұрландыр, қияметте тірілгенімді де нұрлы ет, Құранды әуезді сарынмен оқығанымды да нұрлы ет, белуарға дейін иіліп, тәжім етуімді де нұрлы ет, басымды иіп, сәжде жасауымды да нұрлы ет, тағы отыруымды нұрға айналдыр және көр-мазарымды нұрландыр, қабірде өтер уақытымды да нұрлы ет, кірер ауыз есігім мен орынымды да нұрлы ет, қияметтегі өлшем дәрежемді де нұрлы ет, тағы ар-ұждан мен ішкі дүние негізімді нұрға айналдыр және ағыл-тегіл ұшан-теңізімді нұрландыр, кешірілген азаттығымды да нұрлы ет, ең соңғы ақтық сәтімді де нұрлы ет, жүрекке қатысты орталығымды да нұрлы ет.
Йа Тәңірім, таңғажайып құдіретіңмен нұрлысың, беретін нәрселеріңді де нұрландыр.
Йа Тәңірім, айрықша құзірет дәргейіңмен нұрлысың, йа көктер мен жердің нұры, тану даналығың мен хабардарлығың да нұрлы, айбындылық пен ұлылығың да нұрлы, кең пейілділік пен жомарттығың да нұрлы!
Ешқандай олқылығы жоқ, барлық нәрседен саф таза Тәңірі, жаратушылық ісің де нұрлы! Әй, жаратқан иеміз! Біздің нұрымызды түгелдендір! Кеңшілік жасап жарылқа! Ақиқатында сен барлық нәрсеге күштісің, құдіреттісің, барлығын билеп-төстеушісің.
Әй, Тәңірі, өзің жаратқан халықтардың абзалы Мұхаммедке және оның барша әулеті мен серіктеріне ізгілік бере гөр! Солай болсын (амин). Ақыры (тәммә), аяқталуы (тәммә), соңы (тәммәт).