Ұлы ақын кісе белбеуін музейге өз қолымен табыстаған

Ұлы ақын кісе белбеуін музейге өз қолымен табыстаған

04.01.2019 Off 182

OQSYZ. Белбеу – қазақтың ұлттық киімінің өте ертеден келе жатқан дәстүрлі құрамы. Халқымыздың ұлттық сырт киімдеріне түйме қадамай-ақ шалғайларын айқара қаусырынып, белге белбеу (белдік) буынып алады. Белбеулердің: күдері белбеу, былғары белбеу, кісе белбеу, қаралы белбеу, кемер белбеу, өрмелі белбеу сияқты көптеген түрлері бар.

Осылардың ішінде халық арасына кең тарағандары: ерлердің кісе белбеуі және қыздар мен әйел адамдар буынатын кемер белбеу екен.

Кісе белбеудің буынғанда оң жақ мықынының тұсында әшекейлі салпыншақ қалтасы болады. Осы қалтасы «кісе» деп аталады. Халық даналығы:

«Кісі болмас кісіні мүшесінен танимын,

Кісі болар кісіні кісесінен танимын»,- деп бекер айтпаған.

  Абайдың өлкетану музейіне тапсырған заттарының бірі – қазақ шеберлерінің қолынан шыққан осындай кісе белбеу, – деп жазады «Абайдың мемлекеттік «Жидебай-Бөрілі» тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық  қорық-музейі».

Ұлы ақын тапсырған заттар туралы өлкетану музейінің ескі кіріс кітаптарында осы кісе белбеуді кім берген деген жолдарында: «Дар Ибрагима Кунанбаева. Чингизская волость, Семипалатинского уезда» – деп жазылған екен. Белбеудің ұзындығы 110 см, бір кісе, екі оқшантайы бар делінген.

Белбеудің өзінде металдан жасалған 17 әшекей бар. Олар әртүрлі пішінде жасалған: төртбұрышты, тармақты жұлдызша тәрізді. Ұзындығы – 110см.

Кісе белбеуге ұзындығы 11 см үш қайыспен жалғанған, олардың кісе мен белбеуді жалғастырып тұрған ұштары күмістелген темірмен бекітілген. Осы үш қайыстың оң жақ шеткісі кезінде үзіліп, кейіннен басқа қайыспен жалғап, жөнделгені көзге түседі. Басқа екі қайыстың орта тұсында кіші бес тармақты жұлдызшалар орнатылған.

Кісенің биіктігі 18 см жарты шеңбер пішінде жасалған. Кісенің жоғарғы екі бұрышында шеттері ирек төртбұрышты күмістелген металл әшекейлері бар. Ортасында он тармақты, диаметрі 6 см үлкен жұлдызша және кісенің өн бойына симметриялы түрде тоғыз кіші жұлдызшалар орнатылған. Кіші жұлдызшалардағы тармақтар саны әртүрлі. Кісе жасалған терінің бетінде салынған өрнек бар. Теріге түскен қазақи оюлар мен металл нақыштары әдемі үйлесім тапқан. Белбеуді жасаған шебердің теріні де, металды да өңдеуді жоғары деңгейде меңгергені көрініп тұр.

Оқшантайлар да кісе сияқты белбеуге қайыспен жалғанған және жалғастырып тұрған ұштары күмістелген темірмен бекітілген. Әр оқшантайдың ортасында бір үлкен жеті тармақты және шеттерінде бес кіші жұлдызшалары бар. Бұларда да терінің бетіне бедерленген өрнектер бар.

Екі оқшантай бір-бірімен шеттеріндегі әшекей жұлдызшаларының бір тармағы шығыршық ретінде жасалып, солар арқылы темір сақинамен қосылған.