Абайдың музейі – Қазақстандағы іргелі танымдық зерде орталығы

Абайдың музейі – Қазақстандағы іргелі танымдық зерде орталығы

14.01.2019 Off 155

OQSYZ.Сексен жылға жуық тарихы бар Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі – Қазақстандағы іргелі танымдық зерде орталығы ретінде айрықша орны бар.

Музей ұлы ақынның 95 жылдығы қарсаңында Қазақ ССР Халық Комиссарлары Кеңесінің 1940 жылғы 1 сәуірдегі қаулысы бойынша ұйымдастырылып, сол жылғы 16 қазанда ашылған.
Қорық-музей құрамына кіретін Семейдегі Бас музей мен «Алаш арыстары – М. Әуезов» музейі, Жидебайдағы Абайдың музей-үйі мен «Шәкәрімнің саят қорасы» экспозициясы, Бөрілідегі Мұхтар Әуезов музей-үйі және Құндыздыдағы халық ақыны Шәкір Әбенұлының музей-үйі, Тақырдағы Көкбай Жанатайұлының музейі мен Мақаншыдағы Әсет Найманбайұлының музейі тарих тереңінен тамыр тартады. Музейдің жеті бөлімінің бір шеті орталықтан 600 шақырым, екінші қиыры 270 шақырым шалғай орналасқан.
Ұлылар елі – киелі Жидебай (қорық алқабы – 6400 га) мен Бөріліде, Семей қаласында төл мәдениетімізді танытатын 31 тарихи ескерткіш шоғырланған. Абайдың музей-үйі, «Абай-Шәкәрім» кесенелер кешені, Би-ата мазары, Ақшоқыдағы Құнанбай әулетінің қорымы мен Бөрілідегі Мұхтар Әуезовтің музей-үйі көпшілік ерекше қастер тұтып, тағзым ететін киелі орындар.


Қорық-музейдің негізгі қызметі – Абай өмірі мен шығармашылығына, оның ақындық-өнер және туыстық айналасына, сол замандағы тарихи, қоғамдық, мәдени үрдістерге және соған қатысты заттық, құжаттық жәдігерлерді жинақтау, сақтау, зерттеу, насихаттау.
Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі қорына алынған экспонаттар саны мен сапасы, құрамы мен құндылығы жағынан қолжазбалар, құжаттар, ескі басылымдар, этнографиялық заттар, бейнелеу өнері туындылары және фотосуреттер болып табылады. Қазір мұнда 20 791 жәдігер сақтаулы, оның 11 797-і негізгі қорды құрайды. Ғылыми кітапхана қоры – 13 897 кітаптан тұрады. Атап айтқанда, ұлы ақын Семейдің өлкетану музейіне тапсырған тұрмыстық заттары -17 дана, ұрпақтары сыйлаған дүниелер, Абайдың тұңғыш жинағы, ақынның ұлдары Ақылбай, Тұрағұлмен 1896 жылы Семейде және 1903 жылы отбасымен Жидебайда түскен суреттерінің түпнұсқалары, ұлы ақын білім алған Ахмет Риза медресесінің 252 кітабы, қолжазбалар мен естеліктер, сирек кітаптар, Абайдың ұлы Мағауияға жазған хаты – ақынның көзіндей сақталған ұлттық құндылықтар.

Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінде 2018 жылы ғылыми-зерттеу жұмыстардың негізгі арнасы Шәкәрім жылына бағытталды.

Абайдың рухани інісі, қазақ әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан ақын, аудармашы, сазгер, тарихшы, философ Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 160 жыл толуына орай «Шәкәрім» виртуалды көрмесі ашылған. Көрменің ерекшелігі – Шәкәрім шығармалары мен шәкәрімтанудағы ғалымдарымыздың еңбектері және музей қорындағы деректер жыл бойына толықтырылып келеді.
Музейде жасалған көрмелерді көпшілікке кеңінен таныстыру мақсатында жыл басталысымен-ақ «Shakarim.kz» сайты ашылып, кез-келген оқырман жыл бойына өзіне қызықты деректермен танысуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, музей қорындағы бейнелеу өнер туындыларын және Шәкәрім әндерін осы көрмеден тамашалауға болады.