Қошқар бейнелі шырағданда қандай сыр бар?

Қошқар бейнелі шырағданда қандай сыр бар?

07.12.2018 Off 39

OQSYZ.Қошқар бейнелі шырағдан – «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі қорындағы археологиялық материалдардың ішінде өзіндік орны бар керамикалық заттардың бірі.

Ескі Түркістан қаласындағы «Тоған» қазбасының жоғарғы құрылыс қабатынан табылған ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырларға тән шырағдан қалпына келтіру нәтижесі бойынша биіктігі-20см, ұзындығы-21см, ені-8см. Шырағданда қошқардың басы бейнеленсе, маңдайында май құятын ойығы, арқа тұсында үш дөңгелек қазаншадан шығарылған мұржасы бар. Мұржалардың ұшына үш жайпақ табақша орнатылып, ортасынан білтелер шығып тұрған. Сыртын әрлеуде ақ, көк, қоңыр бояулар қолданылған. Шырағданның сыртына көк түсті шыңылтырмен дөңгелек шимай түрінде шеңберлі өрнек үш орама ретінде түсірілген. Ең негізгі өрнектер қара қоңыр бояумен боялған. Шырағдандағы бұл ою-өрнектер көк жүзі, күн-ай, жұлдыз, дөңгелек кеңістік сипатын білдіреді. Қошқар бейнелі шырағданды жасаған шебер сол кездегі өзінің өмір сүрген ортасының әлеуметтік–экономикалық жағдайы, талғамы мен қалыптасқан әдет–ғұрып, салт-дәстүр негізіне сүйенген деуге болады.
Шырағдан жасалу барысында ең алдымен жарық беретін құрал ретінде қолдануға арналса, екіншіден, ежелден келе жатқан наным-сенімдерді негізге алған. Шырағданның сыртын өрнектеуде де, осы аталған негізге сүйенді деуге болады. Жануарлар бейнесінде жасалған қыш бұйымдар, мейрамдар кезінде кейбіреулері күнделікті өмірдегі рәсімдерде тазарту, сақтау т.б. қолданылған. Оңтүстік Қазақстанда ІV-VІғғ. мерзімделген қала, қоныстардан табылған керамика кешендерінде табылған қойдың зооморофтық бейнесін сақтаушы, жаман нәрседен қорғаушы ретінде қабылдаған. Ерте ортағасырлық керамикалардан қойдың, қошқардың бастары мүйіздері бейнеленген су таситын құмыралар, саптыаяқтар жиі кездеседі. VІ-ІХ ғасырлардағы керамикалақ ыдыстардағы нақыштардың зооморофтық сарындары жануарлар мүйізі ретінде түсірілген және құмыраның сыртын тұтас жауып тұрған. Отырар оазисіндегі қалаларды қазу барысында археологтар қой бейнеленген бұйымдарды Отырар, Құйрықтөбе, Көкмардан қалаларының қабаттарынан көп тапты. Екі мыңға жуық бұл бейне Сырдария тұрғындарының бұйымдарында кең бейнеленген. Зерттеу нәтижелеріне сүйенсек қой, қошқар бейнелері заттарда үш түрлі сипатта түсірілген. Бірінші- жануардың шынайы бейнесін жасап түсіру, екінші түрі- жануардың стильденген бейнелері; үшінші түрі- қошқардың мүйіздері түріндегі жапсырмалар. Халық нанымында қошқардың басы, мүйізі сақтаушы күш ретінде қабылданған, жаман көзден сақтайды деп сенген. Қошқардың мүйіздерін үйге кірер тұсқа ілген, нан пісіретін ошақтарға сазбен бейнелеп түсіріп отырған киіз, кілем, алаша, кестелерде кең түрде бейнеленіп, қазіргі кезге дейін сақталып келеді. Оңтүстік Қазақстанда тұрақты қалыптасқан рухани және материалдақ мәдениеттің дәстүрі бар. Керамикалық бұйымдарда ХV-ХVІ ғасырларға қарағанда ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда бояу сапасы нашарлаған. Көбіне толқынды сызықтар, шимайлар болып келген өрнектер кездеседі. Ескі Түркістанның «Тоған» қазбасынан табылған шырағдан ХІІ-ХVғғ. және оның алдыңғы кезеңдердегі қой, қошқар бейнесін қайталағандай. Бұл қошқар бейнелі шырағдан басқа да, қол өнер бұйымдары тәрізді – ата-бабаларымыздың рухани әлемін, кәсібін, өмірді танып, қабылдауын көрсететін, сонымен бірге, бір кезеңде ұмыт болып, келесі уақытта қайта жаңғырған көне тарихты бейнелейтін жәдігерлердің бірі болып саналады.