«Тарих – таным,  тағылым

«Тарих – таным, тағылым

21.10.2018 Off 31

OQSYZ. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің 40 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз сөзінде «Тарих – таным,
тағылым, тәрбие, бабалар тәжірибесі, туған топырағыңды танудың
кілті, Отаныңа деген сүйіспеншіліктің ақ бастауы Түркістан – төл тарихымыздың үлкен де күрделі арнасы», – деп киелі мекеннің дәрежесін анықтап берген болатын.
Түркістан қаласы ежелден Ұлы Жібек жолы бойында мәдениеті мен сауда-саттығы дамыған маңызды қала болғаны белгілі. Кейіннен бұл қала
Қазақ хандығының астанасы болып, мұнда қазақ хандары сайланды, шет
елдерден елшілер қабылданды. Осындай қалаға кие берген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі екені анық. Түркістан қаласы мінәжат ететін киелі мекен ғана емес, ортағасырларда діни білім мен ғылымның орталығы да болды.
Сонымен қатар, Түркістан қаласының маңында Күлтөбе, Ясы, Шауғар,
Қарашық сияқты көптеген тарихи шаһарлар да қатар өмір сүрді.
Қазіргі уақытта киелі шаһарымыздағы көне ескерткіштер қайта жаңғырып, қаланың көркі кіргеніне баршамыз куә болудамыз. Елбасымыз Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енуіне, Түркістанда тұңғыш рет Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің ашылуына тікелей мұрындық болып, 2000 жылы Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО деңгейінде атап өтуге барлық жағдайды жасады. Осыған орай, бүгінде Қ.А. Ясауи кесенесін көру үшін Түркістан қаласына әлемнің түкпір -түкпірінен келетін туристердің саны жыл сайын артып келеді.
Үстіміздегі жылы Түркістан қаласы Түркістан облысының әкімшілік
орталығы ретінде бекітіліп, киелі шаһарды еліміздің ең бір шырайлы
қалаларының біріне айналдыруға одан әрі дамытуға бағытталған
маңызды қадамдар жасалды. Бұл шаралардың барлығы тарихымыз
бен мәдениетімізді зерттеуге және жаңғыртуға айрықша көңіл бөлудің
арқасында мүмкін болып отыр. Осы ретте Ұлы Жібек жолын жаңғыртуға
бағытталған шаралардың орны ерекше.
Қорыта айтқанда, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-
музейі» РМҚК Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген бағдарламаларды негізге ала отырып, Мәңгілік Ел идеясын ұстанған ұлтымыздың тарихы мен мәдениетін әлемдік деңгейде насихаттауда талмай еңбек етіп, осы игілікті істі жүзеге асырып отырған музей қызметкерлеріне жеміс тілеймін.

 

Ахметжанов Нұрболат Қадырұлы,

“Әзірет Сұлтан” мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры