Гауһар ана – жан мен тән тазалығын жақсы көреді

Гауһар ана – жан мен тән тазалығын жақсы көреді

17.08.2018 Off 289

OQSYZ. Гауһар ана- Қожа Ахмет Ясауидің қызы. Кесенесі – Түркістан қаласынан оңтүстікке қарай 4 шақырым жерде, Түркістан-Шәуілдір автокөлік жолынан солға қарай 400-500 метр қашықтықта орналасқан.

Бұл әулие жан мен тән тазалығын жақсы көреді. Басына зиярат етушілер алдымен жат пиғыл, жаман әдеттерді (темекі шегуді, ішімдікті, т.б.) біржола қойып, бойын адалдап баруы шарт. Әзірет Сұлтан бабамыздың Насабнамасын жазушы, толықтырушы, арабшадан көне түркіге аударушы Маулана сафи-ад-дин Орын Қойлақының жазуынша Әзірет Сұлтан мұса шайықтың қызы Айша хуштаджға үйленіп бір ұл, бір қызды болады. Тұңғышы Биби Гауһар хуштадж кішісі Ибраһим-Наурызқожа, қызын Садыр шайықтың ұлына қосады. Хазіреттің күйеу баласының кесенесі қазір күрделі жөндеуден өткізілген. Ал, Гауһар ананың басына көз тоярлық кесене тұрғызылып, абаттандырылуда. Гауһар ананы пір тұтып келушілердің саны күннен күнге арта түсуде. Гауһар ананың суы – іш құрылысына таптырмас дауа. Біраз жыл бұрын Түркістандық азамат бауырдан жазылмас ауруға ұшырап, ақыр соңында дертіне емді ана суынан тапқан деседі. Қазір сексенді еңсерген ақсақал көлігін айдап, шапқылап жүр. Аттай қырық жыл бұрын өмірмен қоштасқан жанның екінші тынысы ашылғандай. Бұл Гауһар ана кереметінің бірі ғана.

“1987 жылы басталды ғой бәрі де. Алғашында бой алдырмағанымен «церрозым» «осал жау» көрінбеді. Екі жылдай ауруханадан соң аурухана табалдырығын тоздырдым. Қара арғымақ арыса, Қарға адым жер мұң болар, – деген даналар сөзі  рас екен. Айналасы 4-5 айдың ішінде өздігімнен төсектен тұра алмастай халге жеттім.Дәрігерлер қойған қорытынды да көңіл көншітпейді. Ем қонбаған кеселден есі кеткен отбасымның апармаған жері, қаратпаған дәрігері қалмады. Әйелім байғұс көңілімді аулағансиды. Сырт айнала бере боталаған көз жасын сарқып алатынын тағы сезем.  Сондай күндердің бірінде емдеуші дәрігер «Көке, енді бір-екі ай үйде дем алыңыз. Сізді дәрімен улай бергеніміз жарамас» деп алдарқата ақыл айтқан болды. Істер айла жоқ, емханадан үйге шықтым. Көңілімді аулап келушілерде қисап жоқ, бәрі де мүсіркей қарайды. Отырып-отырып бас шайқаса тарасады. Еміс-еміс күңкіл сөздерден ұққаным 2-3 күндік қана ғұмырым қалған секілді. Басқаны қойғанда үй іші де бәріне мойынсұнып, сыпырынып, тазаланып дайындыққа кірісіп те кеткен. Көрер таңды көзіммен атырып жүрген мен сол күні қызық түс көрдім. Түс емес аян ғой.  Ақ шатырдай кимешекті кейуана бір аяқ суды беріп: “Ем болсын, қарағым”,- дейді ықыластана. Қолымды соза бере оянып кеттім. Ауруым жаныма батып жатыр екен. Таңертең ұлдарыма: -Мені Гауһар ананың басына апарыңдар дедім. Әне-міне жүріп кетудің алдында жатыр деп жүрген менің сөзімді сандырақ деп ұқса керек үй ішінің көздері атыздай болысты. Отыруға іштің ісігі иліктірмейді. Қалыңдатып көрпені төсеттіріп, табытқа таңылғандай шалқалай жатқан қалпымда Әулие ананың басына да жеткізді. Жарықтық, ана мазаратының маңы алаңсыз қараусыз қалған екен. 70 жыл құдайсыздарды насихаттаған қызыл империяның ызғарынан қаймыққандар бет сипамақ түгілі маңына жолауды қойған. Ұлдарым ауылдың қозы-лағының жайылымына айналған жерді тазалап, көлеңке болар шайла тікті. Сыздықтап аққан кәусар бұлақ суынан ішкізе бастады. Күн де батуға тақады. Қашанғы отырамыз деп отбасым алып қайтпаққа әрекет етті. Ал, мені бір тылсым күш жібермей тұрғандай.

– Жоқ, мен қайтпаймын, өлсем осында өлемін дегеніме бала-шағам қарсы. Өлшеулі демі түгесілуге жақын ауру әкені қалай мұнда қалдырмақ. Ақыры тайталаста тәуекел етіп осында қондық. Осылай ел шетіндегі моланы күзетумен уақыт өте берді. Бір Алланың құдіреті ғой, бүгін өледі деген жан ертесіне де, аптадан соң да өлмеді. Қызығы сол, не ұрттасам да қайтарып тастап жатқан менің асқа тәбетім шапты. Кәусар бұлақтың суынан басқа ем-дом жасалмады. Сөйтіп жүріп, саумалға көңілім құлады. Қампиған іш, қыңқыл-сыңқыл осылайша жайына қалды”,-дейді Нұрғали Алдабергенұлы да.

 «Бұл күнге жеткерген  Аллаға мың да бір шүкірлік етемін. Егеменді елімнің, байтақ жерімнің тыныштығын берсін. Дендерің сау болсын, қарақтарым!» деп елжіреп батасын берген қариямен қимастықпен қоштастық. Жақсы қартая білудің ерен үлгісін Гауһар ананың шырақшысы да айғақтап тұрғандай көрінді. Ал, ана қасиеті жайлы аңыз-әңгімелер өте көптеп айтылады. Біз бұл жөнінде алдағы уақыттарда да кеңінен тоқталатын боламыз.