Министрлікте Жолдау аясында атқарылатын жұмыстар талқыланды

Министрлікте Жолдау аясында атқарылатын жұмыстар талқыланды

03.09.2019 Off 42

OQSYZ.Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың төрағалығымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” атты Жолдауы аясында селектор кеңесі өтті.


Бейнеконференциялық байланыс режимінде өткен отырысқа министрліктегі департамент басшылары, облыс, қалалардағы әкімдердің идеология жөніндегі орынбасарлары, ведомстволық бағынысты ұйымдардың бірінші басшылары мен өңірлердегі мәдениет басқармасының басшылары және қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.
Жиын барысында министр Актоты Рахметоллақызы Жолдауда айтылған мәдениет, спорт, тіл, туризм саласына қатысты басымдықтарға тоқталып, министрлік тарапынан алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарды атады.
«Президенттің Жолдауы аясында барлық салада қордаланған мәселелерге қатысты бірқатар тапсырмалар берілді. Соның ішінде біздің салаға да едәуір көңіл бөлініп, ондағы мәселелерді шешудің нақты бағыттары белгіленді. Келесі жылы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойлары, ең ұлы мереке – ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеміз.Қасым-Жомарт Кемелұлы мерейтой барысында ысырапшылдыққа жол бермей, ғұлама тұлғаларымыздың еңбектерін халық арасында дәріптеуіміз керектігін тапсырды.
Сонымен қатар, маңызды жаңалықтың бірі Мемлекет басшысы мәдениет саласы қызметкерлеріне лайықты көңіл бөлінбей отырғандығын, ең алдымен кітапхана, музей,театр қызметкерлерінің айлығын көтеру туралы шешімі болды.Енді мәдениет саласы қызметкерлерінің міндетті әлеуметтік жеңілдіктерді алу мүмкіндігі білім беру және денсаулық сақтау саласы қызметкерлерімен теңесетін болды. Бұл еліміздің руханиятына деген ерекше қолдау, бәрімізге артылған үлкен жауапкершілік деп түсінеміз», -деді Ақтоты Райымқұлова.

Отырыс барысында Қызылорда, Көкшетау облысы әкімдерінің орынбасарлары Жолдауда айтылған «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі бағыты» бойынша қолға алынатын жұмыстарға тоқталса, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Арман Жүдебаев мәдениет қызметкерлерінің әлеуметтік мәселесін шешуге бағытталған тапсырмаларға қатысты пікір білдірді. Сондай-ақ, спорт, туризм саласына да қатысты ойлар айтылды.
Жиын соңында министр ең өзекті мәселеге айналған қазақ тілі мәртебесін көтеру, бұқаралық спортты дамыту, туризм саласына басымдық беру, республикалық және жергілікті мәдениет пен өнер ұйымдарының әлеуметтік мәселелерін шешуді қолға алуда белсенді болуға шақырды.