Түркістанда «Қожа Ахмет Ясауи мұрасы және Түркістан» халықаралық конференциясы басталды

Түркістанда «Қожа Ахмет Ясауи мұрасы және Түркістан» халықаралық конференциясы басталды

18.10.2019 Off 93

OQSYZ.Түркістанда дәстүрлі «Қожа Ахмет Ясауи мұрасы және Түркістан» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы басталды.

Сегізінші рет ұйымдастырылған конференция Мәдениет және спорт министрлігінің “Әзірет Сұлтан” мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі және Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің бірлесуімен өтуде.

Мәдениет және спорт министрі Райымқұлова Ақтоты Рахметоллақызының «Қожа Ахмет Ясауи мұрасы және Түркістан» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция жұмысына арналған құттықтауын “Әзірет Сұлтан” мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Ахметжанов Нұрболат Қадырұлы оқып берді.

“Құрметті конференцияға қатысушылар! Сіздерді Тұңғыш Президентіміз Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырып отырған дәстүрлі «Қожа Ахмет Ясауи мұрасы және Түркістан» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның ашылу салтанатымен шын жүректен құттықтаймын!
Қазақ халқы мен бүкіл түркі жұрты, күллі мұсылман қауымы үшін киелі Түркістан мен әулиелердің сұлтаны, рухани ілімнің көшбасшысы Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың қадір-қасиеті ерекше. Елбасымыз «Түркістан мен оның ұлы ғимаратын бүгінгі ұрпақ қазақ мемлекеттілігі тағдырымен тығыз бірлікте қарастырады. Ұлттық бостандығымыз бен іргелі елдігіміздің ақ ордасы, асыл көзі ретінде ардақ тұтады»,-деп киелі қалаға өз бағасын берген болатын.
Олай болса, рухани әрі тарихи-мәдени орын болып саналатын өңірде 40 жылдан астам қалтқысыз қызмет етіп отырған музейдің орны ерекше”,- делінген құттықтау хатта.

Басқосу барысында тарих ғылымдарының докторы, профессор Ж.Артықбаевтың 60 жылдық мерейтойына орай Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің алғыс хаты және “Әзірет Сұлтан” мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі мен Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің арнайы сый-сияпаттары табысталды.

Конференцияға филология ғылымдарының докторы, профессор, академик, абайтанушы М.Мырзахметов, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ж.Артықбаев, Қазақстан Республикасы Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Б.Аяған, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ «Ясауитану» ғылыми зерттеу орталығының директоры, философия, теология ғылымдарының докторы, профессор Д.Кенжетай, Түркия Республикасы, Ыстамбул қаласында Мәрмәра университетінің профессоры Н.Тосун, Түркия Республикасы, Ыстамбул қаласындағы «Ясауи ожаклары» журналының бас редакторы, «Ясауи» қорының төрағасы И.Иесеви, Өзбекстан Республикасынан тарих ғылымдарының кандидаты Н.Абдулахатов, Қырғызыстан Республикасынан филология ғылымдарының кандидаты, доцент Т.Айталиева, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер иниститутының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Т.Қыдыр сынды 60 -тан аса қоғам қайраткерлері мен отандық және шетелдік белгілі ғалымдар, музей саласының мамандары қатысуда.

Конференцияның мақсаты – Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұраларының түркі халықтарының рухани-мәдени болмысындағы орнын айқындап, зерделей түсу болып табылады. Өйткені түркі халықтарының рухани дүниесінің өзегі болған Ясауи мұрасы әлі күнге дейін өз дәрежесінде зерттеліп, ғалымдар тарапынан лайықты бағасын алған жоқ. Ясауи мұраларын ғылыми тұрғыдан танып – білу тәуелсіз Қазақстан мемлекеті мен қазақ халқының ұлттық идеясын қалыптастыруда, қазақ халқының рухани тәуелсіздігі мен Қазақстан халықтарының бейбіт қатар өмір сүру принциптерін нығайтуға қызмет етеді. Сонымен бірге, Ясауи ілімін оқып, үйрену ата-бабалардан үзілмей жалғасып келе жатқан дәстүр сабақтастығының ұрпақ санасынан жоғалмауына, соның арқасында рухы мықты ұлт санатында қала беруге ықпал жасайды.

Ясауи тарихын зерттеуші ғалымдар бас қосқан конференция пленарлық және секциялық бағытта өтетін болады.

“Әзірет Сұлтан” мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі