Зиярат әдебі және Шығыс монша

Зиярат әдебі және Шығыс монша

06.02.2019 Off 281

OQSYZ. “Әзірет Сұлтан” мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қызметкері Ардақ Бейсенова Түркістан қаласындағы С.Сейфуллин атындағы мектеп-лицейі және Ататүрік атындағы мектеп-гимназиясында “Зиярат әдебі және Шығыс монша” атты лекция өткізді.


Дәріс барысында оқушылар сауалдарын қойып, қорық-музей маманымен пікір алмасты.
Мұсылман баласының туған-туысқаны мен әулиелердің қабіріне зиярат етіп баруы Құран Кәрім мен Хадис шарифтен бастау алып, Ислам дінінде ертеден қалыптасқан ізгі дәстүрлердің бірі. Зиярат сөзі – арнайы көруге бару мағынасын білдіреді. Зиярат барысында бағыштаған Құран аяттарының, тілеген дұға-баталардың сауабынан қабірстанда жатқан момын-мұсылман үшін орасан зор игілік, жақсылық болатынын және жасалған құлшылық, амалдардың сауабы оларға қапысыз жететінін дін ғалымдары бір ауыздан мақұлдаған.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: “Өлген ата – анаңа намаз оқу арқылы, ораза ұстау арқылы жақсылық жасай аласың” деген.Халқымыз ұстанған имам ағзам Әбу Ханифа мазхабына тән әдебиеттерден зияраттың сауабы және зиярат әдебі туралы көптеген деректер кездеседі. Мысалы:”Пайғамбарымыз(с.ғ.с.) екі қошқарды құрбандыққа шалғаны, біреуін өз атынан, екіншісін Аллаға иман келтіріп, өзінің пайғамбарлығын мойындаған барша үмбетінің атынан сойғаны айтылған.
Тағы осындай хадистерде: “Кім қабірстан жанынан өткенде”Ықылас”сүресін он бір рет оқып, сауабын өліктерге бағыштаса, оған көрістанда жатқан адамдардың санынша сауап жазылады” делінген.
Әулие -жақсылар көзі тірісінде халыққа тигізген шарапатымен, үлгі – өнегесімен қаншалықты ғизат-құрметке лайықты болса, қайтыс болғасын да, олардың рухани ықпалы жойылмай жалғаса береді. Қасиетті топырағымызда жатқан сондай Әулиелердің Сұлтаны Қожа Ахмет Ясауи бабамыз Ислам ақиқатын паш етіп, Аллаға махаббаттың үлгісін көрсетіп, халықтың шексіз сүйіспеншілігін иеленген.
Қожа Ахмет Ясауи 1166 жылы дүниеден өткесін, тарихи мәліметтерге қарағанда 12 ғасырдың өзінде-ақ оның қабірінің басына шағын кесене тұрғызылып , 14 ғасырдың соңында Әмір Темірдің бұйрығымен алып кесене салынған. Әулие қабіріне ағылып келіп жататын зиярат етушілер легінің күні бүгінге дейін толастамауы Құдайдың сүйіспеншілігін иеленген досына көрсетілетін құрмет және әулиенің рухани ықпалының мәңгі бақилығының белгісі. Әмір Темірдің Әулиелер Сұлтанына зор құрметпен салған ғажайып ескерткіші әлемдегі теңдессіз жәдігерлердің қатарынан орын алады. Әулие-жақсылардың қабірінің үстіне соғылған күмбезді ғимаратты кесене деп атайды.
Кесене жанында жерленген қастерлі хан-сұлтандар, қадірлі билер мен батыр бабаларымыз да халқымыздың ел болып қалыптасуына зор ықпал еткен тарихи тұлғалар. Олар әулиелердің қабірде және қияметте тигізер шарапатынан үміт еткен, сондай-ақ, Ясауиді пір тұтып, кең байтақ даламыздың рухани тұтастығының кепілі деп білген.Сондықтан Әзірет Сұлтанның маңына жерленуін өзінің бақұлдасар тілегі қылған тұлғалар оның жанында мәңгілік жай тапқан.
“Кемеңгер ғұламаның қабірі басына Әмір Темір тұрғызған кесене Орта Азия мен Қазақстандағы ең қастерлі мінажат орнына айналды. Еділден Ауғанға дейінгі, Қап тауынан Қашқарға дейінгі ұланғайыр қеңістіктегі мұсылмандар Қожа Ахмет Ясауи қабіріне тәуіп етіп қайтуды дәстүр тұтты”деген Елбасы Н.Назарбаевтың сөзі де Әзірет Сұлтан қабіріне зиярат жасаудың мән-маңызын аша түседі.
Зиярат амалы адамның жүрегі жұмсарып, бір сәт болса да ақыретті еске алып, сапарынан мол ғибратпен оралуына себеп болады.
Осы орайда, зиярат ету барысында сақтауға тиісті әдеп- тәртіптерді білгеніміз жөн.
Ең бірінші ниет тазалығы. Ниет тазалығы- Алла ризалығы үшін Әулие мазарын зиярат ету, әулиеге және оның маңайына жерленген игі-жақсыларға, дүниеден өткен ата-ана, бабаларымызға,туыстарымызға Құран оқып, дұға бағыштап, одан соң дүниеден өткендер үшін, Құдайдан рахым- шапағат, кешірім мен жарылқау тілеу.
Екінші тән тазалығы. Тән тазалығы- жан тазалығы және тән тазалығы үшін дәрет алу, жүрген жерлеріңіздің, қоршаған ортаның тазалығын сақтау, темекі шекпеу, киіміңіз ашық-шашық болмауы міндетті. Әсіресе, әйелдер үшін шашыңыздың көрінбегені, басыңыздың жабық болғаны дұрыс.
Ертеректе зияратшылар кесенеге бармас бұрын, ең әуелі кесенеге жақын орналасқан “Шығыс моншасына” кіргенді жөн санаған. Зерттеушілердің пікірінше, монша 1580-1590 жылдары кесенеге келетін зияратшылардың арнайы дәрет, ғұсыл алып кіруі үшін салынған. Түркістандағы “Шығыс моншасы” ортағасырлардағы халқы тығыз қоныстанған Ескі Түркістан қаласының ортасында, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің оңтүстік шығысында 80 метр қашықтықта орналасқан. Халыққа төрт ғасырдай (16-20ғ.) қызмет етіп тұрған.