Домалақ ана тарихта көріпкелдік, әулиелік қасиеттерімен танылған

Домалақ ана тарихта көріпкелдік, әулиелік қасиеттерімен танылған

16.09.2018 Off 375

OQSYZ. Шын мәнінде, қазақ тарихы мен мәдениетін зерделесек, сан ғасырлар бойы күресте елдігін ерен ерлігімен, асқан парасатымен, шексіз шыдамдылығымен сақтай білген, ұлттық рухты ұрпағының бойына тіл арқылы сіңіре білген Домалақ ана, Құртқа, Қарашаш тағы да басқа әйел-аналар аз емес. Сондықтан ана тағдырында, бүгіні мен ертеңінде бағзы замандардағыдай аналардың алатын орны, атқаратын рөлін көрсету мен жаңғыртудың мәні ерекше.


Домалақ ана – қазақ даласына VII ғасырда жеткен Араб халифатының әскери өкілдерінен бұрын бейбіт мақсатпен келген, ислам дінін уағыздаушыларының бірі болған араб дегдарының қызы. Өзі де елді имандылыққа шақырып, жас кезінен сәуегейлігімен танылған. Бірде Бәйдібек баба Түркістанға барса, сол жердегі шайық: «Байеке, осында нәзірге бір қыз келді. Сіз некелеп алыңыз. Осы қыздан сіздің әулетіңіз өсіп өнеді»-депті. Сол қызды Бәйдібек ат артына мінгізіп, өз босағасына алып келген. Өзі кішкене бойлы болған соң Домалақ атанған деген аңыз бар.
Сондай бірегей даналығымен танылған Домалақ ананың шын есімі – Нұрила. Есімі ел ұранына айналған абыз аналардың бірі. Домалақ ананың өмірін, ерекше әулиелік қасиеттерін, Бәйдібек би мен Домалақ анамыздан тараған ұрпақтарының таралуын, анамызға тұрғызылған кесененің тұрғызылуын, өмірден өтуі туралы деректерді негізгі нысан етіп алдық.
Домалақ ана жайында қызықты  өзге де деректер өте көп. «Домалақ ана», Нұрила Түркістандық Мақтым ағзамның немересі. Анасы ерте қайтыс болып, атасы Мақтым ағзамның қолында тәрбиеленеді. Атасының түсінде берілген аян бойынша, Бәйдібек биге үшінші әйелі болып тұрмысқа шығады. Шежіреде Нұриланың жалғыз ұлы Жарықшақтың Албан, Суан, Дулат ұлдарынан үлкен тайпалы ру тарайды. Домалақ ана туралы тарихи деректер XVIIғ бастап жазыла бастаған. Текті әулиеттен шыққан Нұрила тарихта көріпкелдік, әулиелік қасиеттерімен танылған. Домалақ анаға(Нұрила) қыз күнінде Яссауи бабасынан аян беріліп, білегінен ұстаған адамға тұрмысқа шығатыны айтылады. Құдыққа құлаған Нұриланы Бәйдібек білегінен тартып шығарады. Бәйдібек биге осылай тұрмысқа шығады. Бәйдібек бидің жылқысын шабуға келген қарақшыларға өз сүтінен қосып илеген шелпек беріп, оларға “Сүт ана” атанады. Бидің жылқыларын да үлкен тапқырлықпен қайтарып алады. Сүт қосылған нанды жеп, перзент болған Ангрендік батыр қарақшы Қара Хайдар кейін Домалақ ананы арнайы іздеп келіп, гауһар тас сыйлаған. Түрікмен батыры атап кеткен «Дихнат-маме» (әулие ана) атауы бүгінгі ұрпақтардың ана рухына тағзым етуімен жалғасуда. Домалақ ананың басқа да мейірімділік, адамгершілік, алдын-ала болжағыштық қасиеттері туралы аңыз-әңгімелер көп тараған. Дүниеден озар алдында денесін інгенге артып, сол шөккен жерге жерлеуді аманаттаған және солай болды да. Кесенеден оңтүстік-батыста орналасқан ананың бұлағы келушілерге емдік қасиетімен қызмет етуде.
Домалақ ана кесенесі қазіргі Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Ақбастау ауылынан 2 шақырым жерде «Балабөген» өзенінің үстінде, қабірі кесене астындағы қылует бөлмеде орналасқан.

Бойына елден ерекше қасиет біткен Домалақтай әулие аналар тумысынан кешірімді, үлкен жүректі, өзгенің қайғы-мұңы мен қуанышына ортақтаса алатын зерек боп келеді. Ол сөзімен де, ісімен де, пейілімен де даналықтың сан түрлі үлгісін танытқан. Ауызы дуалы, айтқаны тегін кетпеген Домалақ ананы ел,жұрт әулие санаған.
2017 жылы Бәйдібек ауданы әкімдігінің №174 қаулысы негізінде мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жанынан «Тарихи-табиғи мұраны қорғау және пайдалану» орталығы ашылып, бүгінде киелі орындармен тиісті жұмыстар жүргізілуде. Ғимаратта түрлі көне қолжазбалар сақталған. Бүгінде және бұған дейін аталған кесене көпшіліктің тәу етер қасиетті орынына айналып отыр. Бұл жерде негізге бұрыннан белгілі формалар мен мотивтерді қиыстыру арқылы жаңа ғимарат салу идеясы емес, ассоциативтік қатарлар түзу жолымен байырғы қазақтың халықтық мұрасын басқа, күрделірек деңгейде тереңінен меңгеру әдісі қолданылған.
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында, Бәйдібек ауданының 90 жылдығына орай көптеген тарихтын қойнауына сыр шертілген кереметтей игі іс-шаралар өткізілуде. Соның бір айғағы бүгінде «Шаян халық театры» Ш. Мұртазаның «Домалақ ана» драмасын аудан жұртшылығына тарту етпек.
Қойылым қазақ халқының белгілі тұлғаларының бірі Бәйдібек және оның үшінші әйелі, ел Домалақ ана атап кеткен Нұрила мен өзге де жарлары туралы аңыздың негізінде алынған.
Бүгінгі таңда «Домалақ ана» кесенесінде жол, жарық, автотұрақ, ауызсу, қонақ жай, дүкен, тамақтану орны және әжетхана жайы орналасқан.
Сондай ақ, «Домалақ-ана» кесенесіндегі қонақ жай 2017 жылы 28 қазанда пайдалануға берілді. Кесене жанындағы қонақжайдың жалпы сыйымдылығы – 50 адам.
Қонақ жайға жаратылған қаржы 40 млн теңге. Қонақжай жеке кәсіпкер Шинибеков Талғат Исабекұлының жеке қаражатына салынған.

Қасиетті ана басына құран бағыштап, Жаратқаннан пана тілеп келушілер саны да мол. Тек қазақстандық зияратшылар ғана емес Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей мен Қытай сынды көптеген шетелдік туристер де жиі ағылады.

Әсіресе, бақ пен бала тілеген әйел-қыздар, отбасылар ана бейіті басына арнайы келіп, қысы-жазы құдық суына да шомылып жатады.

 

СІЛТЕМЕЛЕР:
1. Құралбек Ергөбеков. Бәйдібек баба мен Домалақ ана. Жаңа зерттеу тың деректері.
2. Даниярбек Дүйсенбаев. Домалақ ана. Тарихи-деректі естелік кітабы.

 Жинақтаған: Бәйдібек аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі

НашарҚанағаттанарлықОрташаЖақсыӨте жақсы (12 Баға, Орташа: 5,00 / 5)
Loading...