Әкім Ысқақтың “Махаббат хаттары” жинағынан үзінді

Әкім Ысқақтың “Махаббат хаттары” жинағынан үзінді

29.03.2019 Off 343

Әкім ЫСҚАҚ

Махаббат хаттары
лирика

«Махаббат хаттары» атты бұл жазбаны ақын Әкім Ысқақ поэзиясынан мәңгілік өлмес тақырып – махаббат лирикалары іріктеліп алынды.
Бұрындары түрлі басылымдарда жарияланған және кейбірі жарияланбаған осынау тілге жеңіл, өрнегі әрлі жастық шақ жырлары нәзік иірімдермен бейнеленген сезімнің сыршыл әлеміне жетелейді.

Адамшылдықтың алды – махаббат, ғаделет сезім.
Абай
Хаттар, хаттар, кешікпеңдер, самгаңдар,
Жүректерге жүректерді жалғаңдар…
Қосжан Мүсірепов

Армысың оқырманым!

Махаббат – кіршіксіз сезім, ізгілікке толы ойлар, мұң ұялатқан сырлар. Ол ешкімге айтыла бермейтін, тек көңіл сандығында ғана сақталатын ғажайып дүниелер екені белгілі. Өйткені шынайы махаббат қана адам баласын тебірентіп, толқытып, қуандырып, қайғырта алмақ. Осынау сезімді бастан өткерген әрбір жанның өлмес өлеңіне, таусылмас жыр-дастанына айналған хаттардың қашанда орны бөлек. Айналамызды қаптап кеткен алып-ұшпа смс-тердей емес, ақ қағазға бар мұңын шағып, ақ арманына жол салған сағынышқа толы сыршыл хаттардың көтерер жүгі де салмақты, айтар ойы да айрықша.
Жүрек кімді қаласа сол сұлу. Жақұтқа толы ізгілікті ұғынып, бір-біріне деген шынайы ғашық сезімін арнаған, дүрсіл қаққан жүрек үнімен үндесіп қағаз бетіне түскен дүниелер кім-кімге де болса қымбат.Оның қаншама айлар, тіпті жылжып бірнеше жылдар өтсе де ескірмей, қайта көңілдерге ыстық көрінетіні анық. Өмірде сезімі сергек, көңілі ояу жандардың әрбір қолға алған ісінде береке болатынына сенімім мол. Себебі, асы адал, аяғы таза дастарханнан шыбын-шіркейдің алыс болатыны тәрізді, кіршіксіз сезім болған жерде де тек ырыс-құт болады деп ойлаймын. Меніңше, жүрегіндегі махаббат оты сөнбеген, көңіліне көркем ойларды жинап жүретін адам – ол өзін құрметтейтін, сезімін аялайтын жан деп білемін.
Сондықтан да аяулы сезім, адал махаббат, періште пейілдерден төгілген нұр сәулені әрбір бұлқынған жүрек сезінсе екен деген ниетпен «Махаббат хаттарын» өз оқырманыма ұсынып отырмын.
Жазбагер

* * *
Құныға тыңдап бар дала,
Құстардың әсем сазды үнін.
Тербейді самал жай ғана
Қырмызы гүлдер мәз бүгін.

Кеудемде лаулап от-демім,
Көктедім бірге көктеммен.
Қуанышым да көп менің
Көктемім талай өткенмен…

Сезімге нұрын сепкендей,
Еккендей шабыт жүрекке.
Бетіңнен бейне өпкендей,
Самал жел кәусар, лүп етпе.

Ызғары қыстың кеткенде,
Шаттығым бүгін жеткен бе?
Кеудемде лаулап от демде,
Оянды көңіл – көктем де!

Сыр ұқтым мөлдір көзіңнен,
Ерекше жайнар кезім бе ең?!
Көктемім келіп кездестім,
Құлпырған гүлдей өзіңмен.

* * *
Сырғуда күндер, сырғуда,
Күн өткен сайын гүлдедің.
Бөленіп жүрсем бір мұңға,
Білмедің оны, білмедің.

Мазалап мені бір тылсым,
Қинадың жаным, қинадың.
Құлшындым, әрі күрсіндім
Махаббат дертін сыйладың.

Сезімді оймен саралап,
Оңаша бізді шығарған.
Жүрегім сені қаламақ,
Жеткізу оны – бір арман!

Мұндайын оның кім білер,
Жынды етер мына ғашықтық.
Табылмай бойдан бір жігер,
Қоя ма деймін жасық қып.

Сан сұрақ басып еңсені,
Қалайша жаным жай табам?
Шығарып салып мен сені,
Іздеймін сосын қайтадан…

* * *
Арайлап таң атқанда,
Арман қанат қаққанда,
Ақ қар басып жатқанда,
Борандатқан ақпанда,
Үмітімді үзбедім,
Сені, сені іздедім.

Қыс қаһары кеткенде,
Бүршік жарған көктемде,
Жаңбыр жауып өткенде,
Жазғы самал өпкенде,
Үмітімді үзбедім,
Сені, сені іздедім.

Айтатындай бір хабар,
Көктен ұшса тырналар,
Сыңғырласа жылғалар,
Жаным менің нұрланар,
Үмітімді үзбедім,
Сені, сені іздедім.

Қайда сол бір, гүл – көктем,
Күндерім- ай, бірге өткен,
Жауар деумен нұр көктен,
Саған деген құрметпен,
Үмітімді үзбедім,
Сені, сені іздедім.

Көңілдегі шырақты,
Өмірдегі сұрақты,
Ойлай берсем тұрақты,
Жауабы өзің сияқты,
Үмітімді үзбедім,
Сені,сені іздедім

Белесі ме тағдырдың,
Сенсіз өткен әрбір күн,
Ақыл-есті алдырдың,
Жүрегімді жандырдың,
Үмітімді үзбедің,
Сені, сені іздедім.

Айналсаң да сағымға,
Жүректегі жалынға,
Бақытым да,бағым да,
Сені іздеген шағымда
Үмітімді үзбедім,
Сені, сені іздедім.

Саған жазылған хаттардан

Сен менің көңіл түпкірімде құпия ұстаған кіршіксіз таза сезімнің! Сен менің аялаған, ардақтаған асыл арманымсың! Өткенде би алаңында көріп танысқаннан бері менде маза кетті. Шындығында бір сиқырлы сезімнің тұтқыны болып қалғанымды енді аңғарғандаймын. Себебі отты мөлдір жанарың көз алдымнан кетпей қойды. Себебі сені сағат сайын, минут сайын ойлай түсемін. Онсыз мүмкін емес! Дәл осылай сезімге тұтқын болғаныма өкінбеймін. Өйткені айналадан әдемілікті, жанымнан жақсылықты, тек сұлулықтан көремін. Осы сұлулықтың бәрі сенің әлеміңнен басталады. Сенің жылы жимиысың, қарақат мөлдір көзің маған нәр береді, осы уақытқа дейін көрмей, сезінбей келген жұмбақ, белгісіз дүниеге сәуле шамын, жарықтандыра түсуде.
…Жанымызға жақын 316 аудитория.Қатал мінезді оқытушымыз дәріс оқуда. Ағайдың дауысынан басқа ешқандай дыбыс естілмейді.Ал мен әдеттегідей көзім тақтада болғанмен сені дамылсыз ойлау үстіндемін. «Сенің көзің түпсіз терең тұңғиықтан жаралған, сонда жатыр менде жүрген орындалмас бар арман» деген ақын Мұқағалидың осынау өлең жолдарын іштей қайталай беремін. Сенің өзіңді, сөзіңді, мөлдіреген көзіңді ойлаудан бас тарта алар емеспін. Кейде осының барлығынан баз кешіп, сезім атаулыны мойындамай, қасқайып қарсы тұрғым келеді. Талай талпынып та көрдім, бірақ, дәрменім жетпеді…Ұмыту мүмкін емес! Сөйтсем сезім деген сенің де, менің де, жалпы тіршілік атаулының еркінен әлдеқайда үстем дүние екен. Оны жеңу мүмкін емес.
Бүгін де таңымды өзіңді ойлаумен атырдым. Ертең де дәл осылай боларын білемін. Осы күнге дейін өмірдің мәнін адамдардың бір-біріне деген байланыстырушы сезімінен іздемеп едім. Өмірдің бар мән-мағынасы қандай жағдайда да адамдық қалпыңнан танбай, артыңда сондай пейіліңмен із қалдыру деп ойлағанмын. Иә, дәл солай…бірақ, ғашық адам тек шынайы сезіммен өмір сүреді екен. Бұл – заңдылық. Қаласаң да, қаламасаң да, ішіңдегі әміршіңнің тағдырына жазылған жазулар осылай екен.
Алғаш, Ләйлі мен Мәжнүннің махаббаты жайлы дастанды оқығанымда маған ондағы барлық нәрселер керемет бір ертегі ұқсап көрінген-ді. Адам табиғатында ондай құбылыстар тек аңыздарда, кітаптағы дүниелерде ғана болады деп ойлағам. Сөйтсем, сол бір нәзік сәуледей болып көрінген дүние – біздің еркімізге бағынбайтын, алапат тылсым күш екен. Оның қуаты әлемдегі жер сілкінісінен де, топан судан да, ыстық лава қайнары мен қойнауына сыймай атқылаған жанартаудан да әлдеқайда басым екен. Өзіңді тағатсыз ойлай беру – менің ең қымбат бақытым. Мен осыны түсіндім…
* * *
«…Қыз құйған шай!
Одан тәтті не болады білмедім?»
Жұмекен Нәжімеденов
Түрде отырмын.
Түсіне алмас жандай тым.
Бүгін осы,
бас айналар қандай күн?
Шырын сезім шырқ үйірсе қайтерсің,
Сиқыр ма едің әлде мені арбайтын.

Ертегі ме,
елес пе екен көргенім,
Нәзік қылды шертіп жатқан сен бе едің?
Еліктірген бұл жанарға еліттім,
Сусынға, әлде…
Сұлуға мен шөлдедім?!

Терлетеді,
Тапа тал түс,
Аптап күн.
Тербетеді,
жаныңды бір аппақ гүл.
Ыстық көңіл қатқан ыстық шайыңды,
Еріп кетпей, қалай ғана татпақпын.

Ұғар екен,
бұл жүректің жайын кім,
Жанарыңды жарқ еткізер айың кім?!
Не сиқыры бар екенін білмедім,
Сүйкімдім-ау, сүт қосылған шайыңның?!

Айналғандай өрт сезімге шартарап,
Бойда жалын,
Қайтіп, қалай тарқамақ?
Ақ білегің,
алтын сырғаң жарқ етіп,
– Алыңызшы,-деп отырсың – мархабат!

Неге бұлай?
Түсіне алмас жандаймын.
Бүгін осы,
Бас айналар қандай күн?
Елік қыздың салған мынау дертінен,
Бәлкім, мәңгі мен айыға алмаймын..

Қиналамын, қимағасын мен сені…

Ғашықтық жолы- ауыр жол.
Шын сүйгеннен барлық азабына көнесің…
Күнделіктегі жазу

Қиналамын қимағасын мен сені,
Сағынышым езеді кеп еңсені.

Махаббатқа тұтқын болса өз басың,
Көлге айналып мөлдірейді-ау көз жасың…

Амалсыздан сынатармын төзімді,
Қиналсам да күтем жалғыз өзіңді.

Қиындықсыз жете ме адам мұратқа,
Айтарым тек: махаббатта тұрақта!

Үмітім боп жанған отым сенсің деп.
Сол үмітім бақыт болып келсін тек.

Жүрек шіркін жар салғысы келеді,
Шын сүйгеннен бәріне де көнеді.

Қиналамын қимағасын мен сені,
Сағынышым езеді кеп еңсені…

Беймаза түн
Ғашықпын.
Қайтіп оны жасыра алам,
Бір алтын оның әр тал шашы маған.
Сағынайын, таусыла сағынайын,
Сағынышқа жаралған ғашық адам.
Мұқағали

Көңілімнен япырым-ау, жай атты ма-ау?!
Беймезгіл түн.
Сығалап Ай.
Ақ қылау.
Тіршіліктің бұл да бір тылсымы ма,
Маза бермей ұйқымнан ояттың-ау.

Оранғандай әсте бір өрт-жалынға,
Күйіп-жанып барады – дерт жанымда.
О, дүние, сиқыр ма, елес пе едің,
Түн ұйқымды төрт бөлдім «төрт жарымда».

Мазалаған жанымды жегі жеді,
Мазасыздық өлең боп өріледі.
Білмейсің ғой, өзіңсіз мұңды жаным,
Қалай ғана табылар көңіл емі?

Тастағандай ұйқымды сезім байлап,
Салқар-салқар ой есер төзімді айдап.
Еркімді алған ерке түн.
Мен отырмын,
Жүрегімнен күй төгіп, өзіңді ойлап.

Қыр гүліндей қалпыңмен табындырып,
Ой-арманды алдың ғой бағындырып.
Әлеміне қиялдың енсем болды,
Отырасың қасымда жаным, күліп.

Өзіңменен тең қойып тағдырымды,
Тағдырымды – алдағы бар күнімді.
Әлі отырмын, сәулешім, кірпік ілмей,
Қаламыммен қарсы алып, таңды нұрлы.

Ұмыттырып шырайың шат күнімді,
Сәл жымиып жолдайсың пәк нұрыңды.
Әппақ жүзің әлемнің шуағындай,
Әлдиімен тербейді ақ түнімді.

Шарқ ұрғанмен алқынып көңіл-дөнен,
Бір сыр жатыр кеудемде төгілмеген.
Марғаулықтан уайымсыз, сақта құдай,
Мазасыздық екен ғой, өмір деген!

Саған жазылған хаттардан

…Далада жауын жауып тұр. Тарсылдаған тамшы ішке кіруге талпынғандай терезені ұрғылауда. Тура менің аласұрған, мазасызданған журегім тәрізді.
Далада жауын жауып тұр. Шаң басып айналаның бәрін жуып жатқандай. Мендегі кіршіксіз сезім жамандық атаулының бәрін ұмыттырып, тек ізгілікке, шапағатқа, махаббатқа жол ашқандай. Даладағы жауын менің алай-дүлей сезімімді аңғартып тұрғандай.
…Сүю деген – алапат сағыныш екен. Сүю деген сені күтуім, күні-түні ойлауым, іздеуім, қызғануым, қайғыруым, өзгеге қия алмауым екен…Иә, қия алмайтын адамыңның болғаны қандай керемет! Сенімен жолыққан шақтың бәрінде жанымды бір нәзік сезім орап, шалқар шабыт сыйлауда. Жүрегім аузыма тығылып, беймәлім дүние, жандүниеңді түрлендіріп, әншейінде салмақты қалпыңды өзгертіп бейне бір ток ұрғандай күй кешесің..!
…Бүгін радиодан бір ән тыңдадым. Көбелек пен адам сезімі жайлы екен. Сонда көбелектің махаббатын сипаттайтын мына бір жол тура адамзат атаулыға тән сөздердей көрінді:
«Отты күн деп сүйген ол да бізге ұқсайды»
Иә, «күнім» деп сүйген адамыңның бір күні қалайша отқа айналатынын немесе жаныңа сөнбейтін өрт сыйлап кететінін біз білеміз бе? Өкінішке орай, сезімнің болашағының көлеңке жақтарын ойлағымыз келе бермейді. Тек жақсы, жарқын дүниелерге ынтықпыз. Өйткені ғашықтық тек ізгіліктен тұрады. Кеудеңде жанған махаббат оты жамандық атаулыны көрмейді, көргісі келмейді. Сондықтан да бұл махаббат аппақ арман, ізгілікті үміт, шыдам мен төзімнен, сену мен күтуден ғана жаралған. Ішкі дүниедегі от қанша күйдірсе де саған деген ынтықтығым одан сайын арта түседі…
Шын жақсы көрген жаннан ұйқы да қашып кетеді екен. Тыныштық орнаған ғажайып әлем түнмен де сырласқандай күй кешесің. Серігің қолыңдағы қалам мен ақ парақ дәптер. Жүрегіңді тулатқан сезім жайлы өлең мен хат жаза бергің келетіні анық. Ойларым таусылар емес.
Білесің бе, өмір деген адамдар әлемі болса, бақыт деген өзгеге шынайы ғашық болу дер едім…

Жансусар
(әні автордікі)
Жаныңа жақын мұңдарың,
Толғарсың терең сондайда!
Көңілдің нәзік сырларын,
Ұғынар,
шіркін, жан қайда?

Сырласып жүрек түнгі үнмен,
Сыбыры желдің естіліп.
Ойлана қарап тұрмын мен,
Шетінде көлдің кешкілік.

Көктегі жұлдыз төкті енді,
Қиялдың қызыл шарабын.
Жалғыздық атты шекпенді.
Жамылып тағы аламын.

Арнадым айға тіл қатып,
Адамға айтпас мұңымды,
Алқара түнге тыңдатып,
Ашамын жұмбақ сырымды.

Кеудеме бүгін толды өлең,
Шарықта,
қиял, алып ұш.
Осының бәрі шөл менен
Өртенген оттай сағыныш.

* * *
Дала қарға оранған,
Құрсауланып мұз әлем.
Аппақ түтек бораннан,
Соғады ызғар ызамен.

Тұрушы еді тамып құт,
Бүгін неге күйінді?!
Зеңгір аспан жарықтық,
Өңі суып, түйілді.

Қайтқан бейне құстарша,
Жылылықты ойлайды.
Соқса да ызғар қыс қанша,
Көктем шықпай қоймайды.

Аязынан даламның,
Жаурамайсың, тоңбайсың,
Ызғарынан адамның,
Салқын тиіп, сорлайсың.

Аялаған арманың,
Тойласыншы жеткенін.
Өміріңнің бар мәні –
Жоғалмасын көктемің!

* * *
Күйін шертсе жыр-жүрек,
Тар кеудеге сыймайды.
Мұңды сарын бұл жүрек,
Езіп жанды қинайды.

Жан-жүрегім жырлайды,
Тербеледі қайғым боп.
Толқиды да тынбайды,
Аласұрып айдын көк.

Тыңда күйін жүректің,
Жиі қаққан дүрсілін.
Онда бар ғой бір екпін,
Ұғына түс күй сырын.

Домбырамен үйлестің,
Кімге ол қалай сезілмек?!
Сарқылмайтын күй кештің,
Тұтандырып сезімге от.

Жүрек, көнгін төзімге,
Шерттің күйді зарлатып.
Бәрі, бәрі өзіңде –
Қайғы менен бар бақыт!

Саған жазылған хаттардан
Жол бұралаң, сезiм тура, ой тура
Жол түскен соң болмас керi қайтуға.
Сүйген адам сезiмi үшін бақытты
Болмайды оны бақытсыз деп айтуға!
Мұхтар Шаханов

…Бақытым да, бағым да, бәрі де өзің екенсің. Күндер өтіп, өзіңді сағынған сайын осыған көзім жете түсуде.
Менің жаным сарғайған сағыныштың шарабын ішуде. Айналамдағының бәрі мұңды. Тіпті ағаш жапырақтары да дәл осындай күйді бастан кешіп тұрған сияқты. Барлығы да менің ішкі дүниеммен үндестік тапқан. Барлығының жанарында мөлдір шық. Құдды бір сағыныштың беймәлім ыстық самалы ешбірін айналып кетпегендей. Тек үнсіз. Тәтті мұң ғана жанымызды әлсін тербетеді. Мүмкін бұл махаббат жалыны жандыра түскен, сезімнің құлына айналған мұң болар. Мұң – менің осынау күндерімнің күйі, сезімімнің симфониясы. Мұң! Сенде өзегімді күйдірген у да, тәттіліктің дәмін берген бал да бар. Мұң – менің әлемімнің ажырамас бөлшегіне айналды.
Бірақ, уақыт та еш көмегін берер емес. «Уақыт – ұлы емші, бәрін де кезегімен емдейді, қалпына түсіреді» деп өз-өзімді жұбататынмын. Сөйтсем, керісінше, сағаттар сырғып өткен сайын жаныма көбірек күйзеліс сыйлайтындай.
Махаббат деген Құдай-ау, шын мәнінде азаптану, қиналу, қайғыру болғаны ма? Тек сенің күлімдеген бейнеңді көріп күннің құдіретті сәулесін сезінгендеймін. Сені көрмесем әлемімді қайта бұлт басқандай, қалың ой құшағынан арыла алмаймын.
…Ескі ғимаратта түстен кейін оқитын сендердің факультеттерің сабақтан бүгін де кеш шықты. Ағаштардың арасындағы аялдамада алаңдап тұрған мен сені тағы да ең соңында көрінетінімді білемін. Бұл да бәлкім менің сені күтіп тұратынымды іштей сезетініңнен шығар. Кездескен сәттен басталған үздіксіз екеуіміз қатар мінген автобуста да жалғасты. Дүрсілдеген жүрек аузыдан шығып кетіп жаздап түрса да, тілім байланып қалғандай. Сені көрген бойда бір тылсым күш мені бидлеп алады да, өзіне бағындырып арбап тастағандай болады. Күндегі әдет бойынша қала шетіндегі үйіңе дейін шығарып салдым. Жол бойы батылым жетпей іштегі буырқанған ой-сезімімді тағы да жеткізе алмадым. Дегенмен, жүректегі сол бүгіліп жатқан сырларымды бәлкім сезерсің деген үмітпен ақын Мұхтар Шахановтың жаңадан шыққан «Сенім патшалығы» атты өлеңдер жинағын тарту еттім өзіңе… Осынау мендегі махаббатты, оттай шарпыған сезімді дөп басқан ақынның жалынды жырлары жеткізер деген ойдамын…

* * *
Сыңғырлаған сезіміңнің сырларын
Көңіліңді көзің айтып тұр бәрін.
Қарадым да албыраған жүзіңе,
Бақыт кезді, жақұт көзді жырладым.

Асықпашы.
Жанымнан сен кетпеші.
Асқақ арым, шырықташы, көктеші
Жүрегіңде айтылмаған наз барін,
Көре қалсам, сезе қаласам сөкпеші.

Бал тіліңнен бал тамады сөйлесең,
Қылығың да, жаның көркем, ой да әсем.
Тілдесуден сенің мөлдір көзіңмен,
Мен ешқашан жалықпас ем,тоймас ем.

Тал тұлғаңның маздап жандым отымен,
Кездеспеген сәттеріме өкінем.
Тәтті мұңы таусылмайтын өмір бұл,
Тәттілікті жоғалтпашы, өтінем.

Өмір-бақыт, көктем барда, гүл барда,
Асыл сезім шақырады шыңдарға,
Сені ойлаймын қызарып күн батқанда,
Сені еске алам
Шолпан жұлдыз туғанда.

Соқсын мейлі, борасын да, ызғар да,
Қақап әлде, қатсын мейлі, мұз, қар да.
Менің жаным махаббаттың мекені-,
Жер бетінде дәл өзіңдей қыз барда!
* * *
Мұңайып тағдыр жалғанға,
Құлазып көңіл қалғанда,
Телмірген сары таңдарға,
Түсінер мені жан бар ма?

Жеткізбес шалқар жолдарда,
Жете алмай жүрген Арманға.
Түңіліп әнге салғанда,
Түсінер мені жан бар ма?

Түсін де, жаным, таңданба,
Тәтті үнің ғажап балдан да.
Сыңарым сен деп жүрмін-ау,
Сырласым болар жалғанда.

* * *
Азапты жолың қаншама,
Сағыныш сезім мұң тұнған.
Жабырқап жаның қалса да,
Жүректе іңкәр бұлқынды ән…

Өмірдің жолы сан тарап,
Атады қашан бақ таңы?
Армандар жүгін арқалап,
Алқынтар сезім аптабы.

Ұйқысыз таңды атырған,
Өткеннің бәрі елес пе?!
Аңсатып алға шақырған,
Өмірің осы емес пе?

Саған жазылған хаттардан

Махаббат – адамның көңіл-күйі, мұңы сағынышы. Өзін толғандырған тебіренткен мұңынан қуаныш іздейді. Тәтті қиялдың жетегіне беріліп, махаббат әлемін шарлай түседі.
Жандүниеңде жанартау боп жанып жатқан махаббаттыңды білдіре алмаудан артық азап жоқ екен. Ал кейде өзіңше батылданып ерлік жасағысы, тым ерекше істер атқарып тастағысы келіп құлшынатының да жасырып емес. Соңында сансыз аурлық та толғатқан ойлар да аз емес! …Еріксіз қолыма қалам алғызып, өзіңе ылғи сыр шерткізетін бұл дүниенің тылсым сиқыры ма, жоқ олай емес пе, мұны білмеймін. Әйтеуір, дүрсілі қатты, тынымсыз нәзік жүрегімді неге қинауға құштар екен? Осының бәрі неліктен? Сенің жүрген жеріңді, басқан ізіңді, жымиған күлкің мен алыстан естілетін үніңді осы жүрек сезбей-ақ қойсайшы… Бірақ, олар тым жақын: сенің жаның мен менің жаным егіз секілді.
Студенттік өмірдің қым-қиғаш, тынымсыз кезеңдерінде әрбір секундын, минутын ұмытпайтын мұндай сәттер боларын кім білген? Сол сәттегі қарағаның, сөйлегенің, қасыңды қаққаның, бәрі-бәрі жүрегіме, жадыма мәңгілік жазылып қалды. Өзіңе мені осыншама ынтықтырған бұл нендей күш екен?… Бірақ, мұны талдап жатудың керегі қанша. Себебі мен жандүниемдегі болып жатқан осынау апаттың құрбаны болуға дайынмын.
Еркін, ерке адам жасқаншаққа айналатын, тып-тыныш жанды мазасыз ететін, бір демде ғайыптан жететін, талай-талай қыл-көпірден өтетін, О, Махаббат неткен құдіретті едің, сен?!

Неге, неге
(әні автордікі)

Көктем жасыл бүршігімен,
Шырқады да шаттық үнін.
Ақ жауынның тырсылымен,
Тереземді қақты бүгін.

Өмір ғажап қиялдасаң,
Қайталанбас сол кездер-ай!
Қандай бақыт қия алмасаң,
Қия алмаса сені өзгеге-ай.

Бұл бір жұмбақ сезім бе еді,
Жаның нендей сыр айтады.
Мөлдір тамшы көзіңдегі,
Жүрегімді мұңайтады.

Өмір осы бәрі қысқа,
Солмаса екен гүлдерің-ай.
Айнала ма сағынышқа,
Кешегі бір күндерің-ай!

Неге сенің жамалыңда,
Өшпес сәуле күлімдейді?!
Неге, неге жанарыңда
Мөлдір моншақ дірілдейді?!

Неге күнім бұл өмірде
Шығады ақын жыры тынбай?
Неге, неге жүрегімде
Қалдың мәңгі ұмытылмай?

Неге әрбір арай күнім,
Сен деп атар ақ арманым?
Қиям сені қалай, гүлім,
Бәрі құрбан саған жаным.

* * *
Мөлт-мөлт еткен тамшы болып тамып кетем…
(Қыз күнделігінен)
Тырсылдап тамшы мұңды,
Беймәлім күй кешеді.
Сезгендей жан сырымды,
Ырғағы үйлеседі.

Тағдыры алмағайып,
Бейнесі бір үміттің.
Таңғы шық-таңғажайып,
Келеді сырын ұққым.

Өзіңді ізде дейді,
Жүрегім жұлқып мені.
Жалғатпай үзген ойды,
Не болды үркіп, тегі?

Тырсылдап тағы бір үн,
Мазамды алды менің.
Санамда сары уайым,
Езіліп жан-жүрегім.

Несіне таусылайын,
Күндерге салмақ артып.
Одан да тамшыдайын,
Мөлт етіп тамған артық…

Іздеймін

Әні Сәрсен Бәкірдікі
орындайтын «Нұр-Мұқасан» тобы

Іздедім Сені,
Іздей де беру арман ба,
Іздеуден артық
Жол таппай келем жалғанда?!
Сағымға бөлеп,
Жанымды менің тербейді
Тәп – тәтті арман
өзіммен-өзім қалғанда.

Іздеймін Сені,
Іздемей әсте тұра алман,
Бұл өмір жолы
Іздеуден ғана құралған.
Тағатсыз дүние
Тылсым сырларды қоздатып,
Тамызық сәуле –
Жаныма жағар шырағдан!

Іздеймін Сені,
дүрсілдей соғар жүрегім,
тапсам ба деймін,
көңілдің мынау бір емін.
Сағыныш мұңды
тартамын алға тағатсыз,
Жанымда мәңгі
тұлғалы бейне тірегім!

Іздеймін Сені,
сезіммен қарап елеңдеп,
төзіммен қарап,
қай жақтан хабар келер деп.
Іздей беремін,
Тоқтамай бір сәт табам деп,
Сағыныштардан
жүрегім нұрға бөленбек.

Іздедім Сені,
бозала таңым атқанша,
Іздедім Сені,
қызарған күнім батқанша.
Жалықпас едім,
қорықпас едім іздеуден,
Іздей беремін,
жүрегім сені тапқанша!

Жолданбай қалған хаттардан

…Жаз айында жарқылы көп көңіл, күз басталғалы салмақтана түскендей ме, қалай? Шынымен-ақ өзгермелі табиғат маусымының адам жанына әсері болғаны ма?
Қауашағынан ашылып тұрған ақ ұлпа мақта бейне бір жаныңа жылылық сепкендей. Көздің жауын алар, кіршіксіз тазалықтың белгісіндей болған «ақ алтыннан» қуаныш нұры төгілгендей.
Төбеден үшбұрыштана тыраулап тырналар өткенде ән шырқалды. Ән болғанда кәдімгі сол құстарға арналған сазды әуенді «тырналар» ғой. Мұны бастаған ашық дауысты Хабибулла да, қоштағандар Қалыбек, Гүлипан, Құрбанайлар:
– Етене өскен бауырлар,
Бағытың қай жақ айтыңдар!
Сендерді күткен қауым бар,
Кешікпей кері қайтыңдар! –
деп сызылта жөнелді. Артынша тынымсыз тірлік етіп жатқан жандарды елең еткізер назды әуенді «Мен сені сағындым» әні естілді.
…Өзіңдей елестеп бар сағым,
Жұлдызды санаудан шаршадым.
Сынамақ ойың бар қанша күн,
Мен сені сағындым-м…
Осы бір қоңыр даусыңмен тәтті мұңға бөлер әнді тыңдай бергім келетін. Сондықтан да сенің қатарыңдағы жүйекке түсуге тырысатынмын. Алғаш рет қолымдағы фартугім мақтаға толған сәтте сенің нөміріңе апарып өткізгенмін. Сол кезде сен ыңғайсызданған жымиысыңмен екі бетің қызара езу тартып едің-ау.
– Арман, оның не? Өзім де тере аламын ғой, – деп сүйріктей саусақтарыңды соза түсіп, жылдам қимылмен ақ мақтаны фартугіне сала бергенсің.
Мақталы алқапта ертелі-кеш бірге болсақ та көрген сайын қарай бергім келеді. Тұла бойың тұнған сұлулық боп, сөздерің де, қимылдарың да өзгелерден ерекше көрінеді. Бізді табыстырған, да пәк сезіміміздің ақ таңдай ағарып атуына себеп болған да адамды өзіне тартатын осынау сиқырлығың ғой. Бүкіл жан-жүрегімді жаулап алған менің алтыным да, аппақ періштем де сенсің…

Сені ойладым

Ұясына қимастан күн батқанда,
Тылсым сыр боп түндерің тіл қатқанда.
Санам сансыз жұлдызбен сырласқанда,
Сені ойладым.

Арайланып ататын таң нұрында,
Әр тамшысы сыр бүккен жаңбырында.
Ерекше орын алатын тағдырымда,
Сені ойладым.

Болса дағы жабыққан жаным қырау,
Асқақтаған әуелеп, ар үнім ау.
Қараңғыны серпитін жарығым-ау,
Сені ойладым.

Тірлік жолы қым қиғаш, әрі ұзын ғой,
Өмір-өзің. Адамдық парызың ғой.
Бойға қуат, жүрекке әр ізің ой,
Сені ойладым!

Өткізгенмін өзіңсіз талай түнді,
Бүгін міне тағы да жаңа ай туды!
Бар әлемге жан сырым тағы айтылды,
Сені ойладым!

Қайырмасы:
Сені ойладым,
Сені ойладым жан сәулем,
Армандадым,
Ақ жүзіңді аңсаумен!

Сен маған таң қалма
(әні автордікі)

Ақ сезім санамда,
Көңілім алаң ба?!
Тәтті мұң тербетіп,
Жас тұнды жанарға!

Албырт шақ аңғал ма?
Аяулы таңдарда,
Ұйқыңнан оятсам,
Сен маған таң қалма!

Еркімді ұрлатып,
Арбаса нұр-жақұт.
Арманға қол созып,
Аңсау да бір бақыт.

Ұқсайтын гүлдерге,
Көркіңді нұр дер ме?!
Таң қалма, тұнығым,
Іздесем түндерде.

* * *
Тағдыр – тауым құлатпа,
Төзе білген жеңеді.
Жүректегі сұраққа,
Жауап болғым келеді.

Күрсінесің толғана,
Көп қой оның себебі.
Жалғыз қалған жанға да,
Серік болғым келеді.

Кімге сабақ жай мына,
Қасіретті білмес кім?
Қапастағы қайғыға,
Қуаныш боп тілдестім.

Келгеннен соң өмірге,
Гүлдей ғажап ашылсаң.
Шөліркеген көңілге,
Зәмзам болып шашылсаң.

Жар боп жалғыз, құдайым,
Жығылғанға жетермін.
Жабыққанға, ылайым,
Сырлас болып өтермін.

Талмай тағдыр- қанатым
Өмір сүрсем өлместей!
Жүректерде жанатын,
Шырақ болсам сөнбестей!

Тағдыр – тауым құлатпа,
Төзе білген жеңеді.
Жүректегі сұраққа,
Жауап болғым келеді.

Жолданбай қалған хаттардан

Есіңде ме, қатар келе жатып өзіңе ғана тән сүйкімді жымиыспен (осы бір құдіретті сүйкімді жымиысың ғой көңілімде мәңгі сақталып қалған):
– Арман, сен жылдың қай мезгілін ұнатасың? – дегенің.
Мен:
– Көктемді! – дедім.
– Неге?
– Себебі, көктем көңіліңе қуаныш әкеледі. Айнала жап-жасыл болып көгереді. Дүние біткен қайта жасарады. Ал, сен ше?
– Мен күзді ұнатамын.
– Неге?
– Себебі, күз – сағынтады, ойлантады. Адам сағынғанда көп нәрсенің қадірін білгендей болады…
Сен тоқтай қалып, маған қарадың. Үздіге, ынтыға қарадың.
– Ар-ман!
– Не?
Сол көзіңді алмаған күйі:
– Мақтаға келгелі бері жан дүниемді өзгеріске ұшыратқан бір сағыныш сезім билеп жүр. Білесің бе, қазіргі екеуміз бірге жүрген күндеріміздің өзін сағынамын – демеп пе едің?
«Достық пен махаббат екі ұлы сезім, адамды мүлде өзгертіп жібереді»
деген екен бір ғұлама. Соның айтқаны дәл келген сияқты. Қазіргі кезде мен мүлде өзге адамға айналғандаймын. Өйткені жүрегім тек жақсылықтан, ізгіліктен жаралған сияқты. Адам бойындағы игі қасиеттердің бәрі менің жүрегіме тоғысқандай-ау … Ешқашан да, осы бір бақытты күндер мәңгілік болып тұра бермейді ғой.. Бәрі-бәрі өткен күндердей сырғып жоғалып кете береді ме екен?
Махаббат – адам жанында лаулап тұрған алау от екені белгілі. Әйтсе де сол оттың түбі бір сөнуі, ыстық көңілдің сууы мүмкін бе? Мүмкін бе? Осыны ойлағанда жаным ауырып, жүрегім жанши түседі. «Бақыт мәңгілік емес», дегенді курстастарым жиі айтады.

Көктем. Махаббат және Сен
– Махаббатты неге көктемге теңейді?
(Бір бойжеткеннің сұрағы)
Өлеңіне өзек етіп көп пенде,
Өр сезімді жыр ғып төгіп өткенде
Махаббатты қысқа, күзге … баламай,
Теңестіріп қойған неге көктемге?

Көктен Күннің нұры жауып көк белге,
Көбелектер би құрғанда бөктерде,
Жастық шақтың жауқазыны жайқалып,
Қыр гүлдері құлпырмай ма көктемде?!

Таңмен бірге көзін ашса гүл бағың,
Ұғынасың сұлулықтың сырлы әнін.
Жастық шақ пен Көктем деген қос ұғым,
Мен де осындай үйлестікті жырладым.

Жанарың – ай, аумай мөлдір бұлақтан,
Толқи түсті, жүрегім де шуақтан.
Гүл – көктемде кездестіріп сол қызды,
Көңіл құрғыр аласұрып ұнатқан.

Содан бері жазатын боп күнде өлең,
Мазасызбын, жеткізе алмай тілменен.
Қиялымда жұпар шашып гүл-денең.
Кірпік ілмей, елес қуам түнде мен.

Көңілімнен қыран да ұшқан, кептер де,
Тағдырыма жазылмаған беттер ме?
Ұмыта алмай, жолыға алмай келемін,
Сезімім – ау, сарқылмағын, шектелме.

Сүйгеннен соң өртенеді от кеуде,
Күйгеннен соң жыр іздейді көп пенде.
…Өмір қанша өзгерсе де өшпейтін,
Қарыздармыз Махаббатқа, Көктемге!

Күрсінбеші

Аманында жарқыраған Күн – Айдың,
Күрсінбеші,
Неге сонша мұңайдың?
Шық түспесін көңіліңе жауқазын,
Жанарыңа шаттық толсын, шырайлым.

Күрсініспен өтпесінші ақ таңың,
Қайта айналып келмес жарқын
шақтарың.
Жаз дидарың жапырақтай жайқалып,
Жазиралы гүлге айналсын бақтарың.

Күрсініспен өтпесінші күндерің,
Мұңаймасын, солмасыншы гүлдерің.
Қайғы уы жайламасын жаныңды,
Керек маған қуанғаның, күлгенің.

Күсініспен өтпесінші сағатың,
Таусылмасын төзім – қуат, тағатың.
Өмір – толқын қанша қатты соқса да,
Қайрылмасын, қатайсыншы қанатың.

Ғұмыр кешкен күнге қарап құлшынып,
Адам жасар ақ арманға құлшылық.
Ойдағыңды ойран етіп кететін,
Оңай емес, оңай емес тіршілік!

Азап меңдеп, қалса дағы құр сүлде.
Ғазиз жүрек, жалындай бер, дүрсілде
Тауқыметі көп болса да тағдырдың,
Өрлігіңді өксітпе сен, күрсінбе!

* * *
Жанарыңның, жарығым, тереңі мұң,
Өрімталым, өзгеден ерек үнің.
Көздеріңде жан сырың дірілдейді,
Айтшы, жаным,
Ренжідің неге бүгін?

Қара түнек сел екен
Бұзған бәрін,
Еріксізден
Қиналып сыздар жаның.
Көңіліңе қаяу мұң ораныпты,
Белгісі ме бұл әлде қызғанғанның?

Өтсе күндер,
Жылжып бір арман – ағын,
Көкіректе өзіңсің – салған әнім.
Пендемін ғой,
Қателік болған шығар,
Жүрегімді мен бірақ алдамадым.

Қуанышым,
Көктемім – қызғалдағым,
Шуақ сепкен жаныма ізгі арманым.
Үміт деген
нәзік қой үлбіреген,
Үзіп алма,
Бұлайша қызғанбағын.

Қызғанбағын,
қылықтым, жыламағын,
Сені қалай жылатып жүре аламын!
Іште қалар қызғаныш – тамшы емес пе,
Көз жасыңды көл қылма, сұранамын.

Іңірде айтып көңілдің ізгі арманын,
Сағымдарша сырғанап жүзді алға Күн
Көтерейік сенімнің ақ желкенін,
Сенші жаным,
өтінем, қызғанбағын!

Сен жазған хаттардан

…Сол күннен бастап сіз қиялымнан кетпейтін болдыңыз. Сізді көргенде балаша қуанатынмын. Жүздесуді аңсайтынмын. Бұл тек досқа тән асығу емес, жүректе оянған әлдебір ыстық сезім еді. Сіз жаныма келгенде төбем көкке жеткендей болған күндерімді ұмыта алар ма екем?!
Арада біршама уақыт өткен соң сізбен қайта жолықтым. Сағынып жүрген адамыңа жолығудан артық бақыт бар ма?! Адамды ынтық еткен жылы жүзіңіз, өмір туралы, адамдар туралы ойларыңыз өзіңізге қарай жақындата түскендей. Бәрінен де қолыңызға домбыра алып шерткеніңізде сол бір алғашқы кездескен айлы түн жаңғырық бергендей болды. «Жүрек сырын» қайта-қайта айтқызып, тыңдай бердім. Қоңыр дауысты әдемі үніңіз құлағымнан әсте кетер емес.
….Ұғысар мезгіліміз
Айтсаңшы жетпеді ме?
А-а-а-а-а-а-у-у
Кейде мұңайып, кейде жарқырай нұрланатын жанарыңыз-ай сіздің!
Көңілімнің түкпіріндегі қауызын жаңа ашқан нәзік гүл сезімімді тұңғыш рет сізге сыйлағанымды білер ме екенсіз, аға!…

Іздерсің, мені

Іздерсің, мені сағынып,
Көгілдір сағым күндерден.
Іздерсің мені сабылып,
Айға мұң шыққан түндерден.

Сарғайтса ізде күз демі,
Сағыныш күйі сыймастан.
Тырнаның сонау тізбегі,
Тыраулап ұшса қимастан…

Іздесең мені қалғыма,
Теңіз – ой қуат, бер ескек.
Шыңдарды еске ал мына,
Қыранды көкте елестет!

Іздерсің мені, әр күннен,
Мазалай түссе жан сырың.
Тербеліп жаның жаңбырмен
Оятса үні тамшының.

Іздегін мені, сабылып,
өзіңмен- өзің қалғанда.
Көңілмен таза сағынып,
Жүргенің керек жалғанда.

Іздеші, албырт сезіммен,
Ізгілік гүлін ап келген.
Балдәурен, жастық сезілген,
Күнделік болған – дәптерден.

Іздерсің, мені тұңғиық –
Жанарда жасың тұнған шақ.
Жаныңа қоңыр мұң құйып,
Жазылған осы жырды аңсап.

Бір сәтке таппай жай – тыным,
Айнала берші жалынға.
Әйнектен түскен Ай нұрын,
Жаным – ау, мен деп қабылда.

Іздерсің, мені білсін деп,
Ада боп қалшы күнәдан.
Сенеді жүрек дүрсілдеп,
Іздейтініне бір адам.

* * *
Іздеуге шықсаң шынымен,
Естуге ақын дауысын.
Жаңғыртам күні-түнімен
Тылсымға тұнған тау ішін.

Іздесең адал арыңмен,
Нұрыма менің қанарсың.
Іздесең егер жаныңмен,
Жанымды іздеп табарсың.

Іздесең ізде, жалын дем
Алаулап жанға салар мұң.
Тамшыдай тамған нәріммен,
Жаныңда сыр боп қалармын.

Іздеумен мен де жүр едім-
Сөзімде осы жалған жоқ.
Тірегің болсам, бір емің,
Менде онда, жаным, арман жоқ!

Іздей бер, ізде, тынбағын,
Іздеумен өтсін ақ таңың.
Алдыңнан шықса жырларым,
Мені іздеп онда тапқаның.

* * *
Жанарың сенің ұқты ма,
Мұңайған жүрек үндерін
Бұлтты серпіп шықтың да,
Көктемдей жайнап гүлдедің.

Көңілің сенің сезді ме,
Құпия жүрек сырларын.
Жабырқау шақтан бездім бе,
Өзіңді күнім жырладым.

Өзіңді күнім жырладым,
Зарыға күткен көктемдей.
Үніңді әсем тыңдадым,
Шуағын күндей төккендей.

Жаңғырды бір ой жадымда,
Толқындап қара шаштарың.
Өзіңе жақындадам да,
Ерекше толқи бастадым.

Үздігіп шыққан деміңмен,
Сен мені демей бастадың.
Қарадың маған сеніммен,
Қиылып қара қастарың..

Саған жазған хаттардан

…Бүгін сабақтан соң тағы саябаққа бардым.
Жазда жайқалып тұратын жапырақтар, күздің күрең кешінде сап сары сағыныштың кейпінде аяқ астында жарыса сытыр-сытыр етеді. Адымдай түскен сайын мен де осы бір жапырақтардың сыбдырын олардың жан айқайындай сезіндім. Сол-ақ екен, бойымды бір тебіреніс билеп ала жөнелді.
Иә. Менің де саған деген көңілім дәл қазір осындай күйде. Тіпті, мына жалаңаштанған ағаштар мен желге ұшқан жапырақтар да менің бұл күйімді жақсы түсінгендей еді. Дәл қазір мен мына жарық дүние түгелдей менің жүректегі сезімімді айнытпай көріп тұрғандай күйдемін. Бірақ… Бірақ, осы әлемнің барлығы көріп тұрған менің сезімімді сен байқадың ба, жаным? Жан сырымды жапырақша ұғынгып, көңілімді көк аспандай түсіндің бе? Арманымды ағаштардай байқап, бұлқынған жүрек сырын бұлттардай сезіне алдың ба, жаным?….
Қайдан білейін… Әйтеуір, екеуміздің арамыздағы жол тоғыса беріп, жалт бұрылатын бұралаңды соқпақтай көрінеді. Мен бүгін осыны сезіндім. Мен бүгін өз аяғымның астындағы жапырақтың әлемін түсінгендей болдым…Оны да ұғындырған сен…
Жазда жайқалып тұратын жапырақтар, күздің күрең кешінде сап сары сағыныштың кейпінде аяқ астында жарыса сытыр-сытыр етеді.
Саған деген махаббат мені осындай ойлар мен сезімдердің арпалысына алып келді…

* * *
Тұман да болса жан-жағым,
Жүрегім, жаным, егілме.
Салғанда тірлік салмағын,
Жалғыздық дерті жеңіл ме?

Жалғыздық дерті жеңіл ме,
Оранса жүрек жалынға.
Осынау фәни өмірде,
Мүмкін бе, мұңға малынбау?!

Аялап өтер ардағым –
Айтылмай қалған сырларым.
Сездірмей жүрген зардабын,
Аяулы, тәтті мұңдарым!

Бәрін де, бәрін жасырдым,
Ақ сандық – алтын кеудеме.
Бір туар дедім асыл күн,
Шуағын төкпес ол неге?!

Ойлардың бітпес ағысы,
Табамын деумен бір емін.
Жүректің дүрсіл – қағысы,
Жанымнан іздер тірегін.

Ұмтылам ізгі арманға,
Жүргем жоқ босқа жер басып.
Іңкәрлік артып әр таңға
Ынтызар болған мен ғашық!

Шөліркеп сені аңсадым,
Намысқа сүйреп жалын дем.
Қанша күн болсын, қанша мұң,
Өмірді сүйем,
Өзіңді сүйем жаныммен!

* * *
Астанада ғажап-ақ қой түн мүлдем,
Дүниенің дидарына нұр кірген.
Самаладай жарқыраған даңғылда
Сеніменен серуен құрып жүрдім мен.

Жаңбырменен жүзімізді жудық та,
Көп қарадық көктен жауған бұл құтқа!
Әдемі бір әлемге еніп кеттік біз,
Тамшылардың сырын ұғып тұрдық та…

Қандай ғажап сиқырлы әлем бұл деген,
Көкірегімде аппақ сезім гүлдеген…
Түннің-дағы мұнша сұлу боларын,
Шыныменен бұрын қалай білмегем?!

Бір тал гүл

Қалыпты мына даламда,
Қамығып жалғыз қызғалдақ.
Аймалап соқса самал да,
Ақырын ғана ырғалмақ.

Келер ме көктем тағы да,
Еңсесін басар екінді.
Жабырқар, бәлкім, жаны да,
Сыңарсыз аққу секілді.

Жалғыздық құшақ жайған ба,
Жабырқау үнсіз тұрасың.
Көктегі Күннен, Айдан да,
Жалғыздық сырын ұғасың.

Бұйырар бәлкім бір жанға,
Іңкәрлік оны келеді ап.
Сарғайып, солмай тұрғанда,
Аялар біреу керек-ақ.

Саған жазған хаттардан

…Жаным! Мен бүгін түсімде сені көрдім.
Көргенде де, күлімдеген жүзіңді жасыра алмай, ұяңдықтан мойныма асыла алмай алқызыл жүзің, әлемнің ең әдемі ең таза сезімін жасырып тұрғандығын көрдім… Қолым қолыңа тигенде, өне бойыма тараған оттың құдіретін сезіндім… Түсім болса да, осы бір қас қаққандай сәт мен дәл бүгінге дейін сезінген ең бір бақытты шақ дер едім…
Оянған бетте, жаңағы тәтті сәттің тек қана қиялдағы дүние екендігін ұғынып, дәл бүгінгі ең ғажап түнімнің сәл де болса ұзағырақ болмағанына қынжылдым… Мен кейде адамның қиялдаған нәрселерінің барлығының орындалатынына қатты сенемін.. Бәлкім бұл да менің ішкі даусымның берген бір белгісі болар…
Әйтеуір, сен жайлы ойласам болды, әлемдегі таңғажайыптардың барлығына сене кеткім келеді… Себебі, сенің өзің маған жер көкте жоқ сұлулықтың жалғыз иесі сияқты көрінесің… Бұл мені Сендей ару жаратқан табиғаттың ғажайыбына таң қалдырмай, тамсандырмай қоймайды…

* * *
Тарта түсіп табиғаттың назары,
Көкіректе бір сиқырлы күй тынды.
Естілгендей алыстағы жаз әні,
Ынтықтырар шайдай ашып ұйқымды.

Серпілсеңші, шуағыңды шашып бір,
Құбылтады жаныңды әркез мың сан ой.
Күн нұрына бөленгендей ғашық гүл,
Көңіл шіркін тазарып бір тұрса ғой…

Ізгі менен әдеміге асықпын,
Жүрегімде – мәңгі жасыл көктемім.
Сұлу дүние, саған ғана ғашықпын,
Одан басқа, ешбір ойым жоқ менің
* * *
Болған кезде шерменде,
Жүрегімді тыңдадым,
Үміт деген сөнген бе,
Күресуден тынбадым.

Жүрегімді тыңдадым,
Болмас, сірә, басқаша.
Өзімді-өзім шыңдадым,
Мойымауға ешқашан.

Өтті талай нұрлы күн,
Әлі тағы өткерем.
Жазаласа шындығым,
Жасығанды жек көрем!

Көрсем де өмір мұңдарын,
Жақсылықты ойлағам.
Ұмытпастан Күн барын,
Нұр-шуаққа тоймағам!

* * *

Түсін, жаным

Түсін, жаным,
Ұғыншы сен де мені,
Сені ойласам бұл жүрек сенделеді.

Өмір сүру түсінбей – азап тегі,
Ұмытайық,
аяулым, наз өкпені.

Бір толқынмен жүзбейді уақыт-кемең,
Бір қуаныш,
бір мұң ғой бақыт деген.

Шық түсетін кез шығар, сірә, бауға
Асықпашы,
асықпа кінәлауға.

Елес болып кетсе де сағым-мұнар,
Жан емес пе ең,
жайқалған жанымды ұғар.

Өн бойымды өртейді жалын-демің.
Кешір,
кінәм бар болса, жаным менің.

Күрсінісің көңілге гүл екпеді,
Кешір жаным,
кеше біл бір өкпені.

Бұл дертіңе не шара жүректегі,
Жанарың-ай,
еріксіз дір еткені.

Үміт оты емес пе ем
ақ таңыңда
Сеніміңді жауқазын таптадым ба?!

Жапырағын сарғайтпа көктеректің,
Кешір, жаным,
жазықсыз өкпелеттім.

Балқытады бойыңды ар-қорғасын,
Кешіретін жаныңда
жан болғасын.

Өткен сәттер кетпейді есімдегі,
Өкпелетсем, өтінем,
Кешір, мені.

Жолданбай қалған хаттардан…

…Бүгін сенен тағы бір хат алдым. Өзіңнің жасаған албырт түсінбестігіңе кешірім сұрап жазыпсың. Үздіге, ынтыға жауап күтіп отырған боларсың. Көз жасыңның осынау парақтарға тамғаны да байқалып тұр. Бәрін сезіп отырмын. Жыла жүрек. Себебі дер кезінде асыл сезімді елемедің, білмедің, ұғынбадың! Жыла жүрек! Қайтейі-і-і-н, от боп жанған жүректі көрмедің, күндіз-түні өзіңді ойлаған, сағынған жанға шынайы көңіл бөлмедің. Жыла жүрек! Енді бәрі кеш сияқты.
Адамдар әлемі қызықпыз ғой. Бір нәрсенің қайта орындалмасын біле тұра үмітімізді үзгіміз келмейді. Сенің де осынша уақыттан кейін бәрі қайта қалпына келер деген ниетпен жасап отырған осы дүниең тым ессіз тірлік сияқты көрінбей ме? Кешір, арадан айтарлықтай ұзақ жылдар өтпегенімен, көңіл отының сөнуі үшін бір минут та жетеді екен. Кім біледі, бір кездері өзің маздатқан сол жүректің жалыны бәсеңдемесе де ақылға бағынуға тура келді. Бірақ, не шара? Бәріне тым кеш. Екеумізді осынау өмірдің ғажайып күндерінде тербеген әсем әуезді ән енді қайта шырқалмайды. Себебі, өміріміздің ноталары өзгерді. Өзге ноталарды кезінде өзің де қалап едің ғой…
Кешір, мен саған басқа ештеңе айта алмаймын. Қолымнан ешнәрсе келер емес.
Сау бол! Енді сенің бір ғұмыр тек бақытыңды тілеуші жан болып қана қала беремін…

Қоштасу

Жүрегіңнен маған деген,
Көрмей сенім шапағатын,
Кетіп барам, санамда – өлең…
Қош бол, менің махаббатым.

Көңілімде өзің салған,
Тұрса-дағы қаяу мұңым,
Қарай-қарай көзім талған,
Мен үшін Сен – аяулы ұғым.

Өртенген бұл жүрегімде,
Табы қалды мол күйіктің,
Арманым да, тілегім де –
Мәңгі қош бол, сүйіктім.

Қарс айрылып көкірегім,
Кеудемде өрт басталады.
Өткен күнге…өкінемін,
Жанарымнан жас тамады.

Жүрегіңнен маған деген,
Көрмей сенім шапағатын,
Кетіп барам, санамда – өлең…
Қош бол, менің махаббатым.

* * *
Әлемге сыйлап күн нұрын,
Әуелде қатар тараған,
Шуаққа көміп бір-бірін,
Түсінсе деймін бар адам.

Жылылық кетпей өңінен,
Жан болса сырды ұғатын.
Кетпесін аққу көлінен,
Сұлулық сыйлап тұратын.

Ашыла түссе пейілің,
Өмірің болса тәттілеу.
Жүректі жаулап мейірім,
Арналсын дәйім ақ тілеу.

Ақ көңіл – адам байлығы,
Бар сырын ашып ақтарған.
Қасірет пенен қайғыны,
Көрмесек екен ақ таңнан.

Ізгілік гүлін жайғандай,
Ұмытып барлық өкпені.
Ақ қырау қысқа айналмай,
Кетпеші, көңіл көктемі

* * *
Құйды нөсер,
сілкіп бір,
Мынау әсем бақтарға.
Қара торғай үркіп тұр,
Діріл қаққан ақ талда.

Құйшы, нөсер,
шақта бұл,
Тұрған кезде тыңдап ән…
О, шабытым,
ақтарыл,
Мен несіне мұңданам!

Құйшы жаңбыр,
төкпелеп,
Қалыспашы уақыттан.
Сенің иісің тым бөлек,
Кейбір арзан бақыттан.

Мөлдірліктен сыр құрап,
Естідің бе, бар үнді.
Тамшы біткен сыңғырап,
Жырға бөлер жаныңды.

Тебірендім, сілкіндім,
Қарап босқа байланба.
Сұлу тамшым, сүйкімдім,
Көз жасына айналма!

Сен жазған хаттардан

Өмір-ай десеңізші. Бірде бір орыныңнан тұрғызбастан алып-ұшқызып қойса, енді бірде күйбеңімен сабырлы да, салқынқанды етіп байлап-матап тастайды-ау.
Зарығып аңсап жүрген сізден хат келді. Тағатсыздана күткен көңіл «ем іздеген аурудай» еді. Хатыңызды оқығанша асыққаным соншалық, шөл даладағы су қысқан адамға тамшы тамғандай еді.
Хатта «Туылған күніңмен! Өміріңе бақыт, көңіліңе шаттық тілеймін. Дүниедегі ақ жүректі, адамдық қасиеті мол асыл жандардың бәріне тілерім осы. Ақ махаббат сапарында жолдары оң болсын, сүйгендерінің сүйіктісі бола берсін!» – депсіз. Осы сөзбен жүрегімді ауыртып алған жоқсыз ба? Өзіңізге сондай құштар адамға «Сүйгеніңнің сүйіктісі бол» – дейсіз.
Өзіңізге қарап жәудіреп жүрген жанарды неге көрмейсіз? Неге көңіл бөлмейсіз? Неге білмейсіз?
Неге? Неге? Осы сұрақ мені мазалағаны қашан? Сұрақ қоям да жауап таппай қиналам.

Наз
Дүниеде үш нәрсе ғана: атқан оқ,
айтылға сөз, өткен күн-қайтып оралмайды.
Қойын дәптердегі сөз

Кейде қызық,
Мына өмір бір түрлі,
Зіл батпан боп арқалайды жаның мұң.
Жоғалтасың жүзіңдегі күлкіңді,
Жалғызсызсырап сонарында сағымның.

Кейбір сәттер еске түсе бересің,
Уакыттың сезгенімде уытын.
Көз алдымда, қимас кезең елесің-
Келер күнге артылғанмен үмітім.

Алтын Уақыт!
Қайда заулап барасың.
Бүлкілдеген жиі соғар тамырлар.
Жазатұғын адамдар жан жарасын-
Жүрегіңде емдейтін сыр – сабыр бар!

Ей, Адамдар!
Бақытың бар, бағың бар.
Нөсердейін құятұғын көктемде.
Іздегенді өздеріңнен табыңдар,
Бүршік атқан сезімдерің – өткенде.

Ей, Адамдар!
Өткеніңе қараңдар,
Өмір деген қайталанбас, қас-қағым,
Тағдырыңа, айтшы қандай амал бар,
Оралмаса-жас шағың да, достарың.

Алдағы күн,
Ашылмаған беттейсің.
Көктеміңмен тіршілікті көркемдеп.
Сәулелі шақ, сен естен бір кетпейсің,
Ал, жүрегім сағыныштан өртенбек!

* * *
«Мен кеткен соң оқышы жасқанамын»
Дедің де жалт бұрылдың, асқақ әнім.
Жанарыңа дір еткен қарадым да,
Бір күрсіндім болмастан басқа амалым.

…Бір жапырақ қағазды ұсындың да,
От боп кеттің қарғам-ау, қысылдың ба?
Жүректегі сырыңды оқып қойып,
Менің-дағы құбылды түсім мыңға.

Сен боп кеттің сонан соң елестерім,
Шын сезіндім іңкәрлік лебі ескенін.
Жалт еткенде жоқ болған жарығым сен,
Сиқыр қызы перінің емес пе едің?

Үміт құсым қиянға шарықтады,
Тағдырыма күн түсті тамұқтағы.
Сәттен-сәтке ғажайып күйге орандым,
Күйбеңімнің күндегі қалып бәрі.

Тәтті мұңға осылай тұншығамын,
(Өмір деген бәріне сыншы, жаным)
Періштедей жүректен шын берілген.
Білем, білем осындай жыр шығарын.

Сүймей тұра алмайды бүршік күнді.
Пәк сезімің үнімді тұншықтырды,
…Жүректі езіп жіберер үзілгенде,
Жанарыңда мөлдіреп бір шық тұнды…

Сен кінәлі емессің

Іште қалып тылсым әнім,
Қанша жетер бұл шыдамым.
Күйіп-жанып түсінбестен,
От сезімге тұншығамын.

Арайым таңым,
Алауым бағым
Кел, кел гүл-әнім,
Сен, сен кінәлі емессің, жаным…

Дер кезінде байқадым ба,
Көп қой саған айтарым да
Қызбалықпен кетіп қалып,
Бөлендім-ау қайта мұңға.

Сағындырды сол арманым.
Салмайықшы жанарға мұң.
Кінә артып неғылайын.
Үнсіз тағы қала алмадым.

Арайым таңым,
Алауым бағым
Кел, кел гүл-әнім,
Сен, сен кінәлі емессің, жаным…

Сен жазған хаттардан

…Иә, нағыз ақын деп Мұқағалиді айтса болады. Қайран ақын ақындықтың атына өртеніп кеткен есіл ер десейші. Қазақ поэзиясының маңдайына біткен жарқыраған жұлдыз еді ғой. Көңілім алауыртқан сәтте демеуім Мұқағали ғана.
Сарғайған сағынышты басып толық,
Бар үміт, бар сезімді шашып болып,
Өтермін сірә де мен бұл өмірден,
Мәңгілік қалармын мен ғашық болып.
Өмір неткен күрделі десеңізші! Кейде мен өзімді жүгіріп, асығып станцияға жеткенде поезы құрғыр қарамай кеткен жолаушыдай сезінем. Келесі поезд болмайтыны (болса да менікі емес) ақиқат. Ал, менің жүрегім ышқына гудок берген, вагонын жүйтки ала жөнелген поезбен бірге кеткендей. Бірақ, бұған өкінбеймін-ау. Өмірде жаны жарқын, көңілі көктем сіздей адамды кездестірдім. Сізбен сөйлескен, жүздескен сәттің бәрі маған қымбат. Сіз менің өміріме шынымен-ақ арман болып қаласыз ба, қайдам? Сіз қол жетпейтін шың тәріздісіз мен үшін. Арамызда қосылмайтын рельстей жол жатыр ғой. Әттең, әттең…
Кітапта, кинода көп айтылатын махаббат деген осы шығар бәлкім? Иә, махаббаттан қастерлі ештеңе жоқ-ау! Десек те, адамгершілік пен адамдық парызыңды мен одан да жоғары қояр едім.
Қандай өкінішті, сүйгенің бола тұрып, сүйгеніңмен бір бола алмайсың. Мен сізді жолықтырып, өмірді ұғындым. Өмірге құштарлығым да сіздей жанның бұл дүниеде бар болуынан оянды. Иә, сізді ойлап талай таңдарды ұйқысыз қарсы алдым. Жүрегімнің жалғыз «сіз» деп соғатынын, сарғайған сағынышымның, іштегі мұңым мен қуанышымның тек сіз екендігін білсеңіз болғаны. Шын сағына алатын адамыңның болғаны да бақыт екен ғой. Сізді өмір бойы сағынумен өтермін. Тек, тек менің айтарым, сіз бақытты болыңызшы, аға! Менің жүрегімнің сыры осы.

* * *
Күндер қайда шұғылалы,
Ұқпадым-ау сырын әлі.
Біз кездескен сол бір күндер,
Елес болды бүгін бәрі.

Жанымның бұл шырылы,
Жүрегімнің дірілі,
Өткен күндер шырыны,
Таба алмастан тұрақ боп,
Көңілімде сұрақ көп.

Жанарыңда көл тіреген,
Сенің жасың мөлдіреген.
Кетпей қойды көз алдымнан,
Жүрек қайда елжіреген?

Шынымен-ақ кеткенің бе,
Саған жаным жетпедім бе?
Тағдыр сыйы осы ма екен,
Өмірдің бұл өткелінде?

* * *
Іздедім мен сені,
Бұл сезім тылсым ба?
Шынарым еңселі,
Айналдың бір шыңға!

Көркіңе тамсанам,
Өртіңе жанамын.
Арманым аңсаған,
Қайда бір хабарың!?

Бұлақтай мөлдірім,
Сағындым күлкіңді.
Жанарға толды мұң,
Жүрегім бұлқынды.

Үмітті жалғаған,
Қайда сол сәттерім.
Шырқаған арман ән,
Сен маған жат па едің?

Көңілім көнбеді,
Ұйқысыз көз ілмей.
Сен жүрсің мендегі,
Бір сырды сезінбей.

* * *
Үмітімді үзбеген,
Үлбір сезім емес пе?
Тағат таппай іздеген,
Түсесің тек сен еске.

Бір арнада бірге едік,
Қос аққудай самғаған.
Кетер еді түрленіп,
Өзің барда бар ғалам.

Асқақ еді арман да,
Аспанда еді бақ үміт.
Жаза басып жалғанда,
Жүрмейікші жаңылып.

Сағыныш боп күз деген,
Неге жаным мұңайды?
Сағат сайын іздеген,
Қайда жаным шырайлы?

Мазалайды жыр мені
Өз сезімім жақын-ақ…
Неге – неге білмедім,
Діріл қақты жапырақ?

Сенсіз өткен бір күнім,
Салмақ болды жүрекке,
Қызғаныш боп құрғырың,
Жетті міне бір өкпе…

Жолданбай қалған хаттардан

…Иә…Өзің айтпақшы, өмір біз ойлағандай бола бермейді. Ғашықтық оты-жастық шақтың еншісіндегі дүние деу әсте қате пікір. Нағыз шынайы сезімге толы жүрек әрқашан сүйе бермек. Адам баласын ең ұлы істерге жетелейтін де, шынарлы шыңдарға шығаратын да-осы Махаббат! Алайда, өмірдің өз заңдары да бар. Сезім адамды ерітіп, балбыратса, өмірдің қатал заңдары шыңдап, бекіте түседі. Әйтпесе, бал сезімнің ғана жетегіне еріп жүре беру, бұрылыс бұралаңы көп жалғанда ұзаққа апармайды. О бастан тым нәзіктігімен ерекшеленген екеуміздің арамыздағы сезім болашаққа деген үмітті жалғай алды ма? Көзсіз сезім біздің ертеңгі күнге бір көзбен қарауымызға ықпал ете алды ма? Білмеймін… Бәлкім, бір болу біздің маңдайымызға жазылмаған шығар. Әрине, жазылмаған… Есесіне хат бар. Иә, есесіне сол бір ғажап шақтардың үні болып мәңгі өлмейтін хаттар қалды. Ол-осы махаббат хаттары!

* * *
Өткенің кейде салар мұң,
Өмірді тұрсаң сағына.
Бақыт деген адамның
Қуаныш сыйлау жанына.

Жабыға берме, жабыға,
Мазаламасын бөтен ой.
Бақыт деген арыңа
Дақ түсірмеу екен ғой.

Жылылық енсе тас жібіп,
Үзілер жас боп жанардан.
Мейірім толған жақсылық,
Арай боп атар таң алдан.

Шуақты сыйлап көңілге,
Өзіндік үнді тыңдатып.
Осынау ғажап өмірде,
Адам боп жүрген бір бақыт!
* * *
Сындарлы сәтте тағдырдың,
Сынағы келді бетпе-бет.
Өткінші мына жаңбырдың,
Тұрғаны ай тағы төкпелеп.

Айнала бәрі мұң басым,
Азаптың бұлты қаптап тұр.
Бәріне даяр бір басың,
Сары алтын – сабыр сақтап тұр.

Құйындай қашқан сағымды,
Жүрмін бе қуып, күрсініп.
Алайда нәзік жанымды,
Түсінер, бәлкім, тіршілік?

Ойыңды тағы тербеген,
Ызғарға мұңды тоңармын.
Келемін соқпақ жолменен,
Өмірден сабақ көп алдым…

Сындарлы сәтте тағдырдың,
Сынағы келді бетпе-бет.
Өткінші мына жаңбырдың,
Тұрғаны ай тағы төкпелеп.

* * *
Жаңбыр тұр тағы себелеп,
Айнала қайта жаңарсын.
Жабыққан жанға не керек –
Дауаны қайдан табарсың?

Сайраған бүгін құс қайда,
Тығылып қалды-ау, сол ғаріп.
Жаңбырда мынау ұшпай ма,
Көрінбей кетті ол неғып?

Әйнекті қаққан тамшылар,
Жан сырын маған тыңдатты.
Жанымды менің қамшылап,
Тынымсыз талмай тіл қатты!

Құдірет көктен жететін,
Нұрсың ғой тылсым, беймәлім.
Жанымды тербеп өтетін,
Әлдидей еді кейде әнің…

Бусанып жатыр гүл өңір,
Кешкендей сырды бар маңай.
Тамшыдай нәзік бұл көңіл,
Үзіліп барып тамғаны-ай…

Шырқай да алмай әніңді,
Егілдің бе екен жаңбыр жас.
Түсіндім сенің халіңді,
Екенбіз біздер тағдырлас.

Сен жазған хаттардан.

..Ееех, жалған ай десеңші. Кеше сені көрген сәтім көз алдымнан бұлдырап әлі де кетер емес. «Сен бақытты болшы….» дейсің… Түсінбедім.Қалайша? Менің бақытым сенің қолыңда тұр емес пе? Және мен сенсіз қалайша бақытты болмақпын? Екеуміз жайлы сөз қозғасам, әңгімені өзге арнаға бұрып, қашқақтайсың. Неге? Жастық албырттық, аңғалдығымнвн бір рет қателессем, соған бола жанымды мұнша азаптағаның қалай? Әсемдікке құштар, әдемілікке іңкәр, жылылық пен махаббат тұнып тұрған сенің жүрегің алдыңа қанша келсем де жібімей қойды-ау. Бұл сенің жүрек қалауың ба? Әлде, бір айтқан сөзіңнен қайтпайтыдығыңды осылай көрсеткенің бе?
Жаным. Қанша жерден сыр бермесең де, мен сенің жанарыңнан бір ғажап сезім көремін. Ол сенде бар. Сондықтан да, жүрегіңдегі махаббат сезімін сен қанша тырыссаң да жасыра алмайсың. Иә.. Мен сенің бір сәт болса да өз жүргіңнің түкпіріне үңілуіңді сұраймын. Әлемді сыйдырардай сенің кең жүрегіңде менің де орнымның бар екенін сезіп, білсем де сенің бұл әрекетіңді шынымен де түсіне алмай қойдым мен. Жаным, көзді ашып жұмғанша өте шығатын аз ғана ғұмырда сүйіктіңмен бір болғаннан артық қандай бақыт бар? Ойланшы… Бәрі де сенің қолыңда!

* * *
Шығындай таңның тұнығым,
Өзіңді жаным сағындым.
Махаббат деген ұлы ұғым,
Құдіретіңе бағындым

Не дейін жаным не дейін,
Ардақтап жүрем атыңды
Жетейін, сыйлап өтейін,
Мазасыз махаббатымды

Көгімнен шыққан күнімсің
Дүрсілдеп соғар жүрегім
Жүректен кетпес нұрымсың
Өзіңе бақыт тіледім.

Бір күнің маған жыл болар,
Сонда да саған сенемін.
Өзіңнен жетсе бір хабар,
Құстай ұшып келемін.

Түсіме ендің қымбаттым,
Кездессек деген тілекпен.
Өлеңмен өріп тіл қаттым,
Өзің деп соққан жүрекпен.

* * *
Үн қатқан бұлақтарға
Іштей бір мұң ақтарғам.
Шаншиды бұл жүрегім,
Өзіңді ұнатқаннан.

Жүректе сұрақ болған,
Жанады тұрақты арман.
Сезімім тыншымады,
Өзіңді ұнатқаннан.

Жарқ етіп қарадың да,
Сен тұрдың жанарымда.
Жаным деп елеңдеймін,
Өзіңді қаладым да.

Сағынып жан самалын,
Өзің деп ән саламын.
Өзіңді ұнатқаннан
Іздеймін аңсағаным.

Есті алып жүрсің жаным,
Мазалар тылсым жалын.
Өзге арман жырақ қалған,
Ұнатқаннан бәрі де ұнатқаннан.

Көзің айтсын сезімді
(әні автордікі)
Құлпырсыншы жайнап өсіп бақта гүл,
Көңіліңді көктем еткен шақта бұл
Маған ғашық екеніңді айтпашы,
Бұлбұл болып әніңменен ақтарыл.

Күйсең де сен, тоңсаң да,
Біз жүретін жол сонда.
Көзін айтсын сезімді,
Маған ғашық болсаң да.

Қара көздім қарай берші жалтармай,
Гүлің сонда қалай тұрар жайқалмай.
Алтын сөзді қайталама бекерге,
Жүрген жақсы сезіміңді айта алмай.

Сағынамын таңғы шықтай сезіммен,
Бірге жүрген кездерімді өзіңмен.
Маған ғашық екеніңді жар салма,
Ұғындыршы үнсіз ғана көзіңмен.

Саған жазған хаттардан

…Мен сенің жылағаныңды қаламаймын. Жанарыңды сығып қалғанда мөлт етіп төмен сырғыған қос тамшы, мен үшін қандай ауыр салмақ болғанын білесің бе? Жүрегіңде тұнған ішкі сырларыңа қанық болсам да, өмірдің өз талаптары бар емес пе…Өзің де бәрін түсінесің ғой. Онсыз да өзегіңді өртеген өкінішке өзіңді енді жегізе бермегенің дұрыс болар.
Ертеңгі күні әлі де бәрі өз орнына келеді. Табиғаттың бұлжымас заңына сәйкес әлі де, күзде жапырақтары желге ұшқан ағаштар да бүршік жарып, мұз құрсауындағы арналармен де мөп мөлдір жылғалар сыңғырлай жүгірер. Қараңғылық құрсауына алып түн келсе де, оның артында таңның тұрғанын да ұмытпашы сен… Ұмытпашы… Жылғасына түсіп алып, жылдар көшімен алға жылжи беретін уақыт деген бәрін де өз орнына қояды әлі.
Мен бұған сенімдімін!

* * *
Көңілімнің үмітін,
Өре бердім өлеңге
Өмірімнің сыры тым,
тартады ылғи тереңге

Өмір өрнек салса да,
Жүгіртесің өткенге ой.
Далада күз болса да,
Көңілдерде көктем ғой…

Әдемісің! Тәттісің!
Арың да аппақ, Арманым!
Самғай берсін бақ құсың,
Атқан таңдай ардағым!

Саған сенім артам ба,
Таңдағаным, тал мүсін.
Бәрі сенің арқаңда!
Осы жырым-алғысым!

Сағынамын

Сағынамын бір сені, сағынамын арайлым,
Бір өзіңді бақытым деп балаймын.
Өміріңнің өзегі – ізгіліктің бақтарында,
Сағынатын, сарғаятын шақтарыңда!

Сыңарындай аққудың,
Іштен шығып гакку үн
Бір өзіңді алтыным, сағынамын

Сағынамын өзіңді, тебіреніп сағындым,
Елжіретті жүрегімді лағыл мұң.
Сағыныш қой, асқақ сезім, арман нұрым көгімдегі
Сағынышпен саялы көңіл лебі.

Шабытыма жыр еккен,
Сені сүйген жүрекпен
Бір өзіңді ойлаймын, сағынамын

Сағынамын өзіңді, сағынамын арайлым,
Бір өзіңді бақытым деп санаймын.
Сағынышсыз, махаббатсыз тіршіліктің мәні бар ма,
Бұл жалғаннан сағынбас жан табылар ма?!

Мөлдір нұрдай тұнықсың,
Мені өзіңдей кім ұқсын?!
Жан арманым өзіңді сағынамын!

Қасымда сен болғанда ақша бұлттар гүл ашқан,
Күлім қағып қарайтындай бұл аспан.
Шаттық сыйлап, түсінетін жалғыз сенсің жанымды ұғар,
Аңсарымсың әрдайым сағындырар.

Төгілгендей Көктен нұр,
Жан жүрегің мөп-мөлдір!
Сезіміңді отпен бір сағынамын!

Саған деген сезімім ешқашанда арылмас,
Сендей адам маған қайта табылмас
Тағат таппай дүрсілдейді, мазасыз ғой жүрек мүлде,
Жаным бірге өзіңменен, тілек бірге

Махаббатқа, ақ сезімге, адалдыққа табындым мен,
Сені ғана бұл өмірде сағындым мен!

* * *
Жанардан жанымды ұқтың ба,
Сездің бе жүрек үндерін.
Алдымнан күліп шықтың да,
Көктемдей жайнап гүлдедің.

Көрдің бе, жаным сездің бе,
Жүректің жұмбақ сырларын.
Жабырқау шақтан бездім де,
Өзіңді күнім жырладым.

Өзіңді жаным жырладым,
Зарыға күткен көктемдей.
Үніңді әсем тыңдадым,
Шуағын көктен төккендей.

Жаңғырды бір ой жадымда,
Толқындап қара шаштарың.
Өзіңе жақындадым да,
Ерекше толқи бастадым.

Үздігіп шыққан деміңмен,
Жанымды тербей бастадың.
Қарадың маған сеніммен,
Қиылып қара қастарың!

Өрімдей өңің сағым ба ед?
Алдымда бейнең биік тым.
Өзіңді ғана жаным деп,
Өзіңді ғана сүйіппін!

Саған жазған хаттардан

Таңғы сағат 6:10.
Кеше қатты мазасыздандым. Таң ерте атты ма, әлде күн кеш батты ма, білмедім. Жаным, егер мен сені кеше бір көрмегенде , онда ұйқы да, маза да болмас еді. Неге сонша өзгергенімді өзім де түсінер емеспін. Жаным, мен тек өзіңді ойлаумен шарықтап, шалқудамын. Күйім ерекше. Қылығыңа тоймаймын…Керемет бір сезім…
Мен жаңа Людвиг ван Бетховеннің «№ 14 до-диез минор фортепианоға арналған сонатасын» ұзақ тыңдадым. Бойды тербер әсем әуеннің алғашқы ноталарынан бастап, менің жүрегімді ерекше бір сезім биледі. Осы бір сәтте мен бұл ғажап туындының қандай сезімнен туғанын дәл сезгендей болдым. Яғни, осындай керемет әуеннің шығуының ар жағында жауапсыз махаббат тұр еді. Жастықтың жалыны мен бозбала арманның бой тербер құдіреті де осы әуенде тұнып тұрған сияқты.

Күт мені
(әні автордікі)
Күткін мені көктемде,
Жаңбыр сеуіп өткенде
Гүлге толып бөктерде,
Құстар ұшып жеткенде

Күт мені,
Өтер көктем,өтер күн.
Күт мені,
Сағыныш боп жетермін

Айналсам да сағымға,
Отты өшірме, жалында
Бақытым да, бағым да,
Сенің күткен шағыңда

Дауыл соққан күзде де,
Үмітіңді үзбе де
Мен жетемін аяулым,
Шарқ ұрып та іздеме

Күткін мені әр күні,
Аяласа таң нұры.
Жетем саған жарқыным,
Жүрегімде ән тұнып.

Күт мені,
Өтер көктем,өтер күн.
Күт мені,
Сағыныш боп жетермін

* * *
Қол созып биік арманға,
Жетелер мені сенімің.
Сарқылмас байлық жалғанда,
Сатылмас сенің – көңілің.

Өзіңсің егіз Ай-Күнім
Тек сені дара көремін
Теңселмес теңіз айдыным
Өзіңе ғана сенемін.

Көргенде тұнық көзіңді
Қиындық бәрін жеңемін.
Тағдыр деп танып өзіңді,
Өзіңе ғана сенемін.

Бұл өмір толған сұраққа
Үмітті үзбей келемін.
Салса да тағдыр сынаққа,
Өзіңе ғана сенемін.

* * *
Теңіз ой теңселе ме,
Толқындап жүрегіңде?!
Елеусіз жанша неге
Егілдің бұл өмірде?!

Қарашы, қайта мына
Өмірге құлшыныспен.
Құлаш ұр шалқарына,
Достаспаса күрсініспен.

Тамшыдай тұнығы бал
Тіршілік жақұт-елес.
Тек кейде сынығы бар,
Бар күнің бақыт емес…

Сен жазған хаттардан

Түн… Елдің бәрі жым-жырт ұйқыда… Терезеден түскен ай сәулесі ғана менің жүрегімдегі мазасыздыққа ынтыға қарап, сағыныш ізін салған ақ жүзімді нұрымен аймалауда. Санамды шуаққа толы сансыз сауалдар билеп алған. Көз алдымда көлбеп өтіп жатқан бақытқа бөлеген бал шақтың көшірмесі өз «дәруменін» ұсынып, Жүрегімде пайда болған бір сенім алға жетелеуде. Бір сиқырлы күш өзіне тарта түседі.Сенің ойлы көзқарасыңнан, салмақты жүзіңнен тұнып тұрған бірсырды сезгендеймін.
Мен сені аға деймін.Екеуміздің жастарымыздың алшақтығы осылай айтуға мәжбүрлейді. Шынында сен қашанда ізгілікті ілтипаттығыңды танытып, тура ағамдай қамқорлығыңды жасап жүресің.Бұл да кең пейіл жүрегіңнің арқасы.
Иә, адамды өткен сәттер елесімен арбайды. Шат-шадыман көңілім сен кеткен соң сағынышты дүниеге айналады. Неге бұлай екен? Неге? Жұдырықтай жүрегім сені көргенде неге аласұрады екен? Шіркін, екеуміздің асқақ арманымызға қанат бітіріп, қиялымызды көкке өрлеткен осынау тылсым сезім тұңғиығына тартып барады…
Түнгі аспанның түндігін түріп, қасиетті Күн шапағымен арқан бойы көтеріліп келеді…

* * *
Шаршайсың-ау, сабылсаң да,
Көңіліңде қалды ма кірбің?
Аңсайсың-ау, сағынасың ба –
Өшкенің оттай жанды ма бір күн?

Құдайдың көзі тура болсын да…
Өмірдің де көп жақсы жақтары.
Жастығым енді ораласың ба –
Алдымнан шыққан ақ шуақ таңым!

Сарқылмайтын тау бұлағындай,
Сіңіп кетермін жер бетіне мен.
Өмірдің жыры – мәңгі бағымдай –
Оятшы, тербетіп өлең!

* * *
Үмітімді үзбеп ем,
Өткен күннің көбі есте.
Мұңға баттым. Мұз денем.
Сен де айналдың елеске.

Бірге едік қой қайықта,
Жан емеспін желіккен.
Бұйырмашы айыпқа,
Түсінбедік неліктен?

Неге біздер білмедік,
Түннен кейін таң барын?
Неге біздер білмедік,
Жүректе өлмес ан барын?

Саған қарай жүзген ем,
Толқын тағдыр сынайды.
Бір сарғайып күзбенен,
Жаным неге жылайды?

Қайран көңіл аһ ұрад,
Ойлар қысып не түрлі.
Сен таптаған жапырақ,
Мендік жүрек сияқты.

Сенсіз өткен бір күнім,
Салмақ болды жүрекке,
Қызғаныш боп құрғырың,
Батырады түнекке.

Желмен бірге желікпей,
Мұңға баттым белесте.
Еркем едің еліктей,
Неге айналдың елеске?!

х х х

Ақ пейілмен жараса қалған,
Сөзіңе жаным, қайранмын
Өзгеден мені дара санаған,
Өзіңнен жаным,айналдым!

Сезімге сен деп бөленгенімде,
Асылдай сөзің жырға азық
Осынау жазған өлеңдерім де,
Өзіңдей сенің тым нәзік…

Саған жазған хаттардан

Жаным…
Сенің тал бойыңа осыншама қасиеттің қалайша сыйып тұрғанына шынымды айтсам, таң қаламын. Әр құлын сүйіп жарататын жаратушының бір саған осынша ақыл мен парасатты, әдемілік пен нәзіктікті аямай бере салғанын қарашы! Мен, өмірің енді-енді өз арнасына түсе бастаған шақта, сенің осынау ағы мен қарасы қатар жүретін жұмбаққа толы дүниенің сырларын қайдан білетініңе таңмын.
Мені қазір екеумізге ортақ нәрсе не деген сұрақ толғандырады. Бірінің ісіне бірі араласқан адамдардың басын қосып тұрған Жер ана ма? Әлде жылуын төгіп, айналамызды нұрландырып тұрған Күн бе? Қалай болғанда да, екеуміз де осы нұрлы Күндей бір-бірімізге жылылық қана сыйлап, түнектерде шуақ бола білсек екен.
Мені сенің болмысыңа қатысты сұрақ көп толғандырады? Менің жан-дүниемді жаулап, жүрегімнің түкпіріндегі жұмбақтың шешуін өзіңде жасырарлықтай қандай құдіретің бар? Сыңғырлаған күлкіңнің әр жағына қаншама сыр жасырған Сенің болмысың маған әлемдегі ең ерекше құпиядай көрінді.
Сен мен үшін ақтық пен пәктік, тазалық пен адалдық тұнған дүниедегі ең таңғажайып жандайсың.
Жаным…Дәл қазір бар сезімім осы сөзге сыйып тұрғандай…

Сүйем сені

Жанардан жақұт теремін,
Бір саған, жаным, сенемін.
Тағдырдың жүгін көтеріп,
Өзіңмен бірге келемін.

Сезіммен мені демедің,
Бұлаққа сені теңедім.
Бұлыңғыр кешке нұр берсең,
Бақ құсым өзің дер едім.

Өлеңмен өрнек өремін,
Өң,түсте өзің көрерім!
Жалғанның салған сындарын,
Өзіңмен бірге жеңемін!

Нәзігім
Әні Дүйсен Бықыбаевтікі
Орындайтын Досымжан Таңатаров
Өтсе де өмір деген,
Сырым көп көңілде кең!
Жүректе бұлқынады,
Мұңды арман төгілмеген!

Қайырмасы:

Дауылдай аласұрып,
Толқимын теңіздейін.
Нәзігім жан асылым,
Тағы да сені іздеймін.

Жанарда жанып ұшқын,
Аңсаумен алып-ұштың.
Жанымды баурағаны,
Сиқырлы сағыныштың.

Дидарың Күн боп күліп,
Жаныңды жырға өптіріп!
Санамды саялайсың,
Мөлт еткен жыр боп тұнып!

* * *
Жанарың жанға нұр құйып,
От демің өпті бетімді.
Көздерің сенің тұңғиық,
Мөп-мөлдір бұлақ секілді.

Құлазып, мұңды күйде едім,
Шуағым болып төгілдің.
Бақытым- сені сүйгенім,
Мәні де осы өмірдің!

Күз келсе сағым атырап,
Сырларын шертер не түрлі.
Сағыныш тұнған жапырақ,
Сендегі жүрек секілді.

Сен менің арман-бағымсың,
Қуаныш-мұңым тек сенде!
Алаулап тұнған жалынсың,
Арман жоқ жанып кетсем де.

Сен барда ән бар, бар сәнім,
Көңілім бейне кең дала.
Өзіңсің жалғыз аңсарым,
Бақытым менің сен ғана!

Сен жазған хаттардан

Мен әрбір атқан ақ таңым үшін қуаныштымын. Өйткені, ақ таң, пәк таң. Ақ сезімім сарқылмай, сағыныштың самалы есіп тұратын таң мезгілінде мен сені сағына еске аламын…Менің таңғы шықтай мөлдіреген тұнық сезімімнің бір өзіңе арналғанын көңіл көзімен көріп, жүрегіңмен сезінгейсің… Сен менің жаймашуақ өміріме «тыныштығы басым» мазасыздық сыйлағаныңды білмейтін де шығарсың…
Фариза ақынның:
Қашанғы енді мен сені ұмытпаймын,
қашанғы іште жатады ұлып қайғым.
қашан, қашан ұшады сағым болып,
жүрегімде ілінген құлыптай мұң…
деген өлең жолдары осындайда есіме түседі, сонда мен өзімнің мазасыздық мұхитында жалғыз емес екенімді түсінемі н. Түсінемін де, тынышсыз сезіміме тағы да ерік беремін.