Әкім Ысқақтың қарасөздері мен өлеңдері

Әкім Ысқақтың қарасөздері мен өлеңдері

28.03.2019 Off 202

 Өмір, сені сүйемін!

Қиындығыңды да, қызығыңды да, қайғы мен қуанышыңды да, өткелдерің мен көктемдеріңді сыйлай білген саған тағзым етемін, Өмір! Әрбір сәтімді сынға баласам да, маған кейде қырын қарасаң да, ауаңды жұтып, шаттанып, күлгенім үшін, өзгені қуандырып, өзімді ойландыра білгенің үшін, Адам боп өмір сүргенім үшін, қадіріңді ұғып жүргенім үшін ӨМІР, СЕНІ СҮЙЕМІН!
Жаратқанға мына жарық дүниеге алып келгенің үшін, жақсылардың соңынан ергенім үшін, намысты етіп бергенің үшін, мағына мен мәнге толы өрнегің үшін ӨМІР, СЕНІ СҮЙЕМІН!
Бұл өмір жалқауды жарылқамайды, еріншекті ерттеп атқа мінгізбейді, күншілдерді көлеңкеде қалдырады, ұлтын сүймегенді ұлықтамайды…Сондықтан да жалыныңа жарық бер, дарыныңа қамшы бас!
Тірі болсаң ғана, майда емес, ірі болсаң ғана, едәуір тірлік атқара аласың. Бәрінен де іштегі алау, көңілдегі жалау жоғалмасын де. Жо-жоқ! Ол жоғалуға тиісті емес! Ақтық қаным тамып жатса да менімен өмір сүреді.Жүректегі жарқылым бар да сенімім бар, мен барда өлмес өмірім бар…
Сондықтан да, жарық дүние болғаның үшін, ыстығыңа күйіп, суығыңа тонғаным үшін, аяулы асыл таңдарым үшін, өзіңнен сабақ алғаным үшін ӨМІР, СЕНІ СҮЙЕМІН!

Қаным – қазақ, жаным – қазақ!
Қаным – қазақ! Жаным – қазақ! Арым – қазақ!
Тілім – қазақ! Үнім – қазақ! Жырым – қазақ!
Қазағым барда – берекем бар, өлеңім бар!
Қазағым барда – өмірім бар, өнерім бар!
Өйткені, мен шөлдеп келгенге су емес айран, қымызын ұсынған, елінен адасып, шер, шемен боп, бас сауғалап жүрген жанға көңіл төрін ұсынған қарға тамырлы қазақтың ұлымын!
Өйткені, мен Алатаудай асқақпын, Сарыарқадай кеңмін, Каспийдің толқынындай батылмын!
Өйткені, мен қызын қыңыр, ұлын жасық етпеген, дәстүрін ұмытпаған, ұлтын ұлықтаған, бойында намыс оты жалындаған, Алладан басқа ешкімге табынбаған елдің ұрпағымын!
Өйткені, мен сән-салтанат құрған қаласы бар, ырыс-құтқа толы даласы бар, әруағы қолдаған бабасы бар дархан қазақпын! Өйткені, мен әрбір сөзі бойтұмарға айналған Абаймын, мерей ойлы Мағжанмын, айбынды Махамбетпін!
Өйткені, мен елінің тұтастық келбетін сақтап, ғасырға аманаттаған арда мінез Абылаймын!
Өйткені, мен иен даласының кең шекарасы тұлпарының тұяғымен сызылған, алып тарихы маңдай терімен жазылған Қазақпын!
Тілім – асқақ арым, адамдық биігім, ортаймас қазынам!
Қазағым барда, тілім тіріде – мен бармын!
Тілің барда, рухыңды көтерген ұлтжанды ұрпағың барда – Қазақ, сен мәңгі жасайсың!

Мен – қазақпын!
Мен – қазақпын! Жанымда қайсар қазағыма деген махаббат аттай тулап, алпыс екі тамырым «қазақ» деп соғады. Жүрегімде өз ұлтыма деген сүйіспеншіліктің қаны атой салып жатыр. Бұл ұлтым деп өткен ержүрек ата-бабаларымнан келген қасиет деп білемін.
Мен – қазақпын! Жауынан қорықпаған, өліммен бетпе-бетте селт етпеген, бабалар рухы қолдай білген, жерін қасық қаны қалғанша қорғай білген ұлттың ұрпағымын. Мен тәуелсізбін, қырандай еркінмін. Асылдың сынығымын, тектінің тұяғымын. Әрбір қазақта өр рухы найзаның жүзіндей жарқырап, әрбір қазақтың жаны мен жүрегі, бітімі мен болмысы наркескен намыс арқалайтынына сенімдімін.
Қазақ! Осынау сөзді қалай қарай оқысаң да бір сөз шығатыны анық. Әбден қиындықты көріп, небір зұлматты бастан өткерсе де жасымаған Қазақ текті ұлт дер едім. Сан жылдар тентіресе де, тегі мен тілін сатпаған халқы бар, аспанға ұлыған көк бөрісі бар, тасқа қашалып жазылған тарихы бар қазақ ешқашан өшпек емес, ешқашан өлмек емес. Көне араб-қыпшақ сөздігіндегі мағынасы «еркін жүрушілер», «ержүрек, еріктілер» дегенді білдірмесе керек. Еркіндіктің нышанындай қыран мен Күннің жүзі бейнеленген көк байрағымды берік ұстауы, бабалар жолына адал болу әр қазақтың парызы дер едім.
Мен – қазақпын! Қазақ болып туғаныма мақтанамын.

Туған жерім – Бөржарым
Еліңді, туған жеріңді жақсы көрмеу мүмкін емес! Кім-кімді де, алақанына салып ардақтаған, балалығыңның балаң ізі қалған аяулы мекенің жүрегіңді елжіретпей ме? Осынау жерді құрметтемеу, осынау жерді еске алмау, осынау жерді сағынбаудың өзі – сатқындықтың белгісі дер едім.
Таңы ерекше асығып ататын,
Күні қимастықпен бататын,
самалы аялап, бетіңнен сыйпайтын,
жаның рахаттанып нұр жинайтын,
топырағына кіндігіңнің қаны сіңген,
суығына тоңып, ыстығына күйген,
Әрбір тас, жотасын сүйген,
тұла бойыңа күш-қуат беретін,
күні мейірім себетін,
түнінде жұлдыздар жымың қағатын,
өзені еркелеп, бұлағы мөлдіреп ағатын,
даласында жусаны аңқитын,
сағынып жеткенде жаның шалқитын,
балалықпен белді бекем буғызған,
асыр салып, доп тепкізген, қуғызған,
маңыратып қозы, лағын өргізген,
жасыл қырдан қызғалдағын тергізген,
ақсақалы бәтуасын айтатын,
Кешқұрымда малы өрістен қайтатын,
әжелерім сүрдің етін асатын,
Апаларым күліп, киіз басатын,
Көлге түсіп, ойнап, асыр салған жер,
Естен кетпес балалығым қалған жер.
Киесімен бақ жұлдызым жанған жер,
Армысың, туған жерім менің – Бөржарым!!!

Өмір қайта келмейді
Бұл өмір қайта келмейді: Адалдығың мен адамдығың қымбат.
Бұл өмір қайта келмейді: Артыңда жасаған жақсылығың мен жамандығың қалады.
Бұл өмір қайта келмейді: Не істей алдың, не істей алмадың деген екі сұрақ сені мазалай түсетіні хақ.
Бұл өмір қайта келмейді:
Жасай алмаған жақсылығың бір бұрышта жылап тұрады.
Бұл өмір қайта келмейді: Қандай адам болып қалыптастың, сондай адам ретінде халық сені таниды.
Бұл өмір қайта келмейді: Ізгілігің, шуағың адамдар әлеміне шапағат болып тарайды.Қиянатың, біліп тұрып жасаған кесапатың ар алдында өзіңді жазалайды.
Бұл өмір қайта келмейді: Дер кезінде айта алмаған сөздерің, атқара алмаған істерің жаныңды шырылдатып өкіндіреді.
Бұл өмір қайта келмейді:Бұл жалған, достасу мен қоштасудың арасы екенін ұмытпа! Сыйластығың мен қимастығың қымбат.
Бұл өмір қайта келмейді: Адамдық көңіл қымбат.Бір-ақ рет берілетін өмір қадірін, адам қадірін білгенге не жетсін?!

ИЮ – ҚИЮ ТІРШІЛІК
БІРЕУ ЖЫЛАЙДЫ, БІРЕУ КҮЛЕДІ.
Біреу басына іс түсіп, зар қақсайды, біреу мүлдем ойсыз… пісте шаққанына мәз.
Біреуге ой керек, біреуге той керек.
Біреуге адам қымбат, біреуге алтын қымбат.
Біреу тапқырлық жасайды, біреу сатқындық жасайды.
Біреу уақыт жеткізе алмай әуре. Біреу уақыт өткізе алмай әуре.
Біреу бауырын іздейді, біреу «бульдогын» іздейді.
Біреу өледі, біреу оны көмеді.
Біреу дүниеден өтсе, біреу қайғырса, біреу «енді маған жол ашылды» дейді.
Біреуді жерлеп жатып, біреуді қабір басында әзілдескенін көріп, төбе шашың тік тұрады.
Біреу қызметтен тайып тұнжыраса, біреу «енді бастық мен болатын шығармын» деп дәмеленеді.
Біреу аяғын шалыс басып күңіренсе, біреу қайғысына ортақтасқансып сырты жылап, іші күліп «ә, бәлем, өзіңе сол керек» деп тұрады.
Бәлкім, «өмір – жалған» -деген осы шығар?

Өмір сұрағы
Неге адамдар көп, адамдық аз?
Неге жамандар көп, жақсылар аз?
Неге басшы болсам дейтіндер көп,
Адам болғысы келетіндер аз?
Неге өзгені өсектейтіндер көп,өз қадірін білетіндер аз?
Неге ақымақ көп, ақылды аз. Неге? Неге?
Жүректі мазалар сұрақтар көп, жауап аз.
Ғашықтар көп, бақытты болғандар аз.
Неге шын сүйгендер қосылмайды? Алғашқы махаббат неге ұмытылмайды?
Неге? Неге?Қояр сауал көп, бірақ соған жауап табу қиынның қиыны.
Иә, «неге? неге?» деп басталатын сұрақтар әр күнде, әрбір сағатта, әрбір сәтте кездеседі. Пенде ретінде бәріне де жауап іздейсің.
Иә, ойлайтын ойлар көп, нәтиже аз.
Өйткені екі жүзділік көп, өзгермейтіндер аз.
Өйткені ұнататындар көп, шын махаббат аз.
Бақыт туралы ойлайтындар көп, бірақ өз бақыты үшін күресетіндер аз.
«Өмір бір-ақ рет беріледі» дейтіндер көп, бірақ оған жете мән беретіндер аз.
Өйткені дұшпаның сыртта емес, жанында екендігін кеш білетіндер көп…
Өйткені басыңа қара түнек орнағанда ғана адамды шын танисың.
Иә, қойылар өмір сұрағы көп, ал берілген өмір аз.

Бірі кем дүние
Өмірдің қарама-қайшылығы ойыңды сан-саққа жүгіртеді.
Бір адам дүниеден өтсе, бір сәби шырылдап дүниеге келіп жатады.
Біреу бала туып тастап қашса, енді біреу сол бір балаға жете алмай, өмір бойы зәру болып келеді.
Біреу ашық күнде адасып жүреді.
Біреу қараңғы түннен жол таба біледі.
Кейде жаныңдағы жақының алыстап кетеді.
Алыстағы бір жан жақының болып жетеді.
Бір қария жүзден асса да өмірді қимай, көзі жасқа толып барып дүниеден өтті. Ал бір жас өзіне өзі ине қадап, нашақорлықтан уланып, қыршын кетті.
Біреулердің өмір сүріп жүргені біреулердің бар азабы, қайғысы секілді.
Біреу өзге бір жан үшін қиналып, азап шегеді, біреу туған әкесінің өліміне бармайды.
Біреу өзге бір жан үшін жанын қияды, енді біреу туған анасын немесе әкесін қартайған кезінде көзін мөлдіретіп, жүрегін елжіретіп қарттар үйіне табыс етеді.
Біреуде бар, біреуде жоқ, бірі кем дүние осылай өтеді.
Ей, бауырым!
Көліктің қауіпті ақауы бар екенін білсең, онымен жолға шықпайсың ғой.
Ауырдым екен деп кез-келген дәріні іше бермейсің ғой.
Ал онда неге сен, ертеңгі күннің ауыр жүгін біле тұра, бүгінгі тірлігіңе немқұрайлы қарайсың?
Қарның ашып тұрса, алдыңа қойған тамақты жемей тұра алмайсың ғой.
Шөлдеп тұрып бір стакан суды көрсең, ішіп қоймасың ба?
Ал онда неге сен, бүгін атқаратын ісіңді ертеңге қалдырасың?
Жаманнан неге қашпайсың? Жақсымен неге араласпайсың? Әдемілікті, сұлулықты неге сезбейсің?
Тоңған жан жылылықты іздемей ме?
Саған сенген жан бар ғой. Сенен үміт күткен ата-ана арманы алданыш болғаны ма?
Жүректегі қайрат-жігер қайда? Қаныңда елдік пен ерлік, азаматтық пен адамдық атойлап тұрмаса несіне адамсың?
Өзіңді қайра, жігерлендір. Елдің ұлы, намыстың құлы екендігіңді көрсетсейші.
Өміріңді сүйетін болсаң,
Өзіңді сүйетін болсаң, қалғыма, қайыспа, қайғырма!
Қайта қадамыңның қарыштылығымен, қанаттың талмайтындығымен достарыңды сүйіндір, дұшпаныңды күйіндір!
Алмас қылыштай жарқырай білсең, күнге құштар гүлдей жайнай білсең ғана адаммын деп есепте өзіңді!

ЕГЕР АДАММЫН ДЕСЕҢ
ЕГЕР ӘДІЛ БОЛАМЫН ДЕСЕҢ – ешқандай қиянатқа көнбегін, өсек-аяңға сенбегін.
Егер тірлігім өнсін десең – жалқауларға қарама, уақытыңды бағала!
Егер азаматпын десең – адамдыққа құлақ түргін, ар жолымен жүргін!
Егер абыройлы болғың келсе – дер кезінде қателігіңді мойында.
Егер абыройсыз болғың келсе – сараң бол, ала бер, тойынба.
Егер жақсы болғың келсе – сүйей біл, құлағанды.
Егер жаман болғың келсе – білгін тек сұрағанды!
Егер ақылды болғың келсе – сенімдерді ақтағын, дананың сөзін сақтағын!
Егер ақымақ болғың келсе – өзіңді-өзің мақтағын. Егер жалғыз қалғың келмесе – достарыңды сатпағын!
Егер бақытсыз болғың келмесе – күш-жігеріңді аяма, әрбір сәтіңді аяла.
Егер ұрпағыңа сыйлы болғың келсе – ата-анаңды құрметте.
Егер парасатты болғың келсе – көңіліңді кірлетпе.
Егер жау арттырғың келмесе – қызғаншақ болма, күндеме!
Егер сабырлы болғың келсе – ашуланба, көп сөйлеме, кейде тіпті үндеме!
Егер қадірлі болғың келсе – жаман әдеттен жирен, ізгілікке үйрен.
Егер қартайғың келсе – тек жата бер, істемегін ештеңе.
Егер жасарғың келсе – талпына бер, кеш деме!
Егер наданмын десең – өзгенің бәрін бірдей қарала.
Егер адаммын десең – өзіңді, өміріңді бағала.

Өмірге құштарлық
Сіз тау басында мұзды қақ жарып өскен еңлікгүлді көрдіңіз бе? Мен сонау бала кезде көрдім. Алғаш рет тауға шыққанда ғой. Нағыз биіктікті сезіндім. Айнала салқын болса да күнге құштар көңілінің арқасында өмір сүріп тұрғанын, бар екенін сездірген өсімдік бұл! Жан-жағын ызғар басып, суықтық жайласа да қайсарлықпен мойымай, сұлулық пен нәзіктікті паш етіп тұр. Еңлікгүл! Аты да қандай әдемі еді. Ештеңеге қарамай өзіңді дәлелдей білу де ерлік емес пе? Маған қатты әсер еткен сол сәтте іштей «Ерлікгүл» деп атап кеттім. Шынында нәзік гүлдің мына ғажап тірлігі ерлікке пара-пар емес пе!
Тағы да мысал. Мәселен, саңырауқұлақтарды алайықшы. Осы бір табиғаттың сезімтал өсімдігіне саусағыңыз тиіп кетсе сынып қалады. Ал өр рухы өте күшті! Өскен жерін зер салып байқасаңыз 2 см асфальтті де, тіпті кейде тасты да жарып шығады. Міне өмір сүйгіштің белгісі.
Әрине, оңай емес те. Әйтсе де осыларға қарап, мықты екенімізді көрсете білейік. Адамның да өмірге деген құштарлығы осындай болса керек. Қанша ауыр болса да өмірді сүймей болмайды!
Өмір өкінішсіз емес
Біреудің күші – ізгілік пен өмірге құштарлықта.
Біреудің әлсіздігі – күндей беретін іштарлықта.
Біреу өзін де, өзгелерді де сыйлайды.
Біреу ешкімді жақсылыққа қимайды.
Біреу адамдықты, адалдықты сақтайды.
Біреу сыртыңнан сөз айтып, көзіңше мақтайды.
Ізгілікке, өмірге деген құштарлыққа, жақсылыққа ұмтылғанға не жетсін, шіркін?!
Біреу бар, өзгелерді көзге ілмейді, көре алмайды,
Біреу бар, ақыл айтқыш, басқа ештеңе бере алмайды.
Біреу бар, сәл нәрсені бітпес қайғы деп көреді.
Біреу бар, өмір сынына төтеп береді.
Біреу бар, тағдыр тауқыметін көрсе де сыр бермейді.
Біреу бар, өзінен басқа ешкімжді көрмейді.
Иә, өмір өкінішсіз болмайды.
Тілеулестеріңмен сыйласып, дұшпанымен түсінісіп, тағдыр жолында жолыққандарды тани түсіп, артыңа өшпес із қалдырғанға не жетсін?!

Шаттығыңды шарықтат
Бұл кино емес, сырттан қарап қайтатын.
Бұл театр емес, өзгенің сөзін жаттап айтатын,
Бұл дәріхана емес, дәрігер жазған қағазбен баратын,
Бұл – өмір, тынымсыз сәттер, қуану мен мұңаю,
күткенің де, күтпегенің де болатын.
Шаршама! Қайта жарқырай түс, жадырай түс! Мұңайма, қиналма! Қашанда қасыңда досың да, жауың да қатар жүр! Өйткені бірі сынайды, бірі әлсірегеніңді қалайды. Оларға осалдығыңды көрсетсең, шаршағаныңды сездірсең, сыйлағысы келмей қалады. Себебі мына заманда тек мықтыны ғана мойындайды, ал әлсізді таптап кетеді. Қашанда мықты бол, өзіңді дәлелдей түс.
Шаттығыңды шарықтат, жігеріңді жалындат, жылылығыңды жоғалтпа. Ол сенің ізгілігің, жақсылықты іздеуің, парасаттылығың, адамдығың емес пе?! Мұңға берілмей, қашанда шуақты жан екеніңді көрсете білгін. Шуақты болған сайын ғана қуатты боласың! Сонда ғана іштегі жан дүниең жарқырай, жайнай түседі. Дала суық, мұз болғаны ештеңе емес, көңіл суық, мұз болғаннан құдай сақтасын! Әрдайым көңіл гүлі бүр жарып, құлпыра бергенге не жетсін?!

ҚАНАҒАТ ҚАРЫН ТОЙҒЫЗАР
ӨМІРГЕ ДЕГЕН МАХАББАТТЫ ешқашан да өшірме. Қайта лаулата түс.
Өлімге де жиіркенішпен қарау дұрыс емес. Бәріміз де пендеміз… Бәріміз де кетеміз…
Өлім де қасиетті нәрсе. Өлгендерді құрметпен атайтынымыз сондықтан. Тіпті жаман адамның өзі жаһаннамға кеткенде, ол жөнінде жаман сөз айтылмайды.
Тағы бір асуды алмадым деп, от болып қайта жанбадым деп қаймықпа. Жоқпын деп саспа, бармын деп таспа, жақсылықтан қашпа, қателікті көп жіберсең өміріңді қайта баста!
Аман-есен жүргеніңе, жеткен биігіңе тәубе ет. Астамшылық, менменсу, өзгені көзге ілмеу – абырой әкелмейді. Әрбір сатыдан өткеніңе, жаңа белеске жеткеніңе, қиыншылықты сезгеніңе қуануың керек. Өйткені, өмір жолы осылай қалыптасады.
* * *
«Біз өлімнен қорқамыз. Ойлап қараңызшы, мәңгілік өле алмайтын күйге ұшырасақ қайтер едік» – деген Лев Толстойдың сөзін оқығанда қалың ойға берілемін.

КҮЙ ҒҰМЫРЫ … МӘҢГІЛІК

…КҮМБІРЛЕГЕН КҮЙ БӨЛМЕ ішін жаңғыртып жіберді. Көңілің мың құбылып, күймен бірге әуелеп кеткендей.
Шынын айту керек, күйді көбіміз түсінбей жүрміз-ау. Биік қиял да, озық ой да, сәулелі сезім де осында жатқандай. Айтар сырды, іштегі иірімді, жүректің егілген үнін қос перне арқылы жеткізу қандай шеберлік! Радиоқабылдағыштағы сиқырлы әуез өн-бойымызды баурап алды. Шанақтан шыққан саз жан-дүниеңді тербетіп тұр…
Бүлк-бүлк соғылған қан тамырларын елестеткендей.
– Генерал Асқаров! Сүгірдің күйі «Кертолғау» – …Генерал десе – күйдің генералындай екен-ау…
Неткен асқақ, неткен мөлдір еді өнер! Өнерді сүйген жүрек – өмірді сүйеді. Өнердің жүрегі нәзік. Өнерде қатыгездік болуы мүмкін емес!
Жылылықтың алдында суықтық еріксіз жол береді. Естеріңізде ме, қысты күні жылы үйдің есігін ашып қалсаң, сырттан суық ауа жер бауырлай кіреді. Жылылық оны жылытып, жеңілдетіп жібереді емес пе?! Мәселен, Күннің шуақты сәулесі түссе қандай қатты мұз болса да еріп кетеді ғой. Өнер де сондай, қандай қатты жүректің өзін жібітіп жібереді.
… Екі бие бір күнде құлындайды. Біраздан соң биенің біреуі майып болады. Жетім құлынды екінші бие бауырына алмайды. Ауылдастарының амалы құриды. Бұны естіген Сүгір домбырасын қолына алып шерте бастайды. Күй әуені бірте-бірте әуелеп, кең далаға шырқап кетеді. Осқырынып, қос құлағын қайшылап, еліріп тұрған бие күй әуеніне елтігендей момақан күйге түседі. Өзіне бұрын бітпеген мейір пайда болғандай еді. Күй ырғағына тербеліп, еміреніп, жетім құлынның қасына жақындап, бауырына алған екен. Сүгірдің «Телқоңыры» осылай шыққан. Міне, күйдің құдіреті!
Өнерлі жанның өзіне тән мінезі, болмысы болады. Сүгір көзі тірісінде не себепті күйлерін өзге бір жанға үйретуден қашты екен. Әлде шын өнер қызғаншақтықты қажет етеді ме? Солай болған күннің өзінде қаншама туындылары халық жүрегіне жетпей қалды емес пе? Хас өнерді түсіну қиын.
Әйтсе де, өзіңнің білгеніңді өзгеге үйреткенге не жетсін? Білгеніңді үйретуден, білмегеніңді үйренуден жалықпа.

Бақыт деген немене?
Демалыс күн болатын. Үй-ішімізбен таңертеңгілік шай ішіп, көңілді әңгіме жалғасып жатқан. Қашанда сұрағы таусылмайтын Алтынай атты немерем ойламаған жерден:
– Ата! Бақыт деген немене? – дегені.
– Алтынай! Ол – бәріміз осылай отбасымызбен түгел бір дастарханда қуанышта шай ішуіміз!
– Ата! Шын жауап беріңізші.?
– Бұл шын сөзім. Жаңағыға қосып саған айтарым, бақыт деген – өзгеге көмектесе білуің,- дедім.
Кешке өз бөлмемде жұмыс істеп отырғанмын. Жымиып кірген Алтынай:
– Ата! Сізді бақытты болуға шақырамын,- дегені.
Түсінбедім. Ол мені ас үйге ертіп келді. Дастархан басында үйдегілердің бәрі бар.
– Ата! Мына шайды дайындауға мен әжеме көмектестім. Менің әкем де, анам да келді. Мен енді бақыттымын ба?
Еріксіз күліп жібердім.
– Алтынай! Әрине сен бақыттысың!
– Ата! Сіз ше?
– Мен де бақыттымын, алтыным!
Сол сәт немерем әжесіне қолғабыс жасағанына, ата-анасын шақырғанына қуанып тұрды. Шынында жақындарыңмен бірге болған шақ – нағыз бақыт емес пе?

“Көңіл қымбат”
1
“Көңіл қымбат” атты әнім әлеуметтік желіде кең таралды. Көптеген пікірлер келіп түсті. Кейбіреулері телефонмен хабарласты, енді бірі ешкімге айта бермес сырларын да ақтарыпты. Соның бірнешеуімен ғана өз оқырмандарыммен ой бөлісуді жөн деп таптым.
«Әніңізді он рет қайталап тыңдадым. Менің өміріме арналған сияқты. Кезінде кәсіпкер болып, талай биіктікті бағындырып едім. Қазір қауіпті дертке шалдығып, ауруханада жатырмын. Бар болсаң – нар болады екенсің. Жоқ болсаң – бір ауыз жылы сөзге зар болады екенсің. Өткен әрі қимас шақтың бәрі кино лентасындай лезде зырғып өтті. Қай жерден қателік жібердім десеңізші?! Бәлкім байлықтың арқасында тым астамшылдық жасадым ба? Адамдарды ренжіткен кездерім аз емес, мойындаймын. Айй, жалған – ай… Осы әндей өмір мәнін неге ұғына алмадым деген өкініш өзегімді өртейді. Рас айтасыз, «байлығыңнан, дүние, бәрінен де көңіл қымбат» екен ғой.»
Ия, өмірдегі ең үлкен жеңіліс – өзіңді жеңе алмау!
2
Сексеннің сеңгіріне шыққан, кемпірі қайтыс болған Байбол ақсақалдың соңғы уақытта денсаулығы төмендеп, сыртқа кіріп-шығуы қиындап кетті. Бұған дейін кенже баласының қолында тұрған-ды. Қамқорлық танытып жүрген кіші келіні қапылыста аяғын сындырып алып, ауруханаға түсті. Енді қашан шығатыны белгісіз. Ойламаған жерден бір мәселе туындады. “Қарияға енді кім қарайды, енді қай үйде болу керек?”. Осы сұраққа бес ағайынды бүгін жиналып, бес сағат бойы бас қатырды. Айтар әңгіме өте көп. Тек мәселенің шешілуі оңай емес сияқты. Неге екенін қайдам, ұзақ талқыланып жатса да ешқайсысы батылы барып “әкей біздің үйде болсын” дегенді айта алмауда. Қайта бәрінің сылтауы мен себептері жетерлік. Дәл осы сәтте Қазақ радиосынан “Көңіл қымбат” әні шырқалып жатты. Ата тағдырына алаңдаған немересі Айбар радиоқабылдағыштың дауысын әдейі көтеріп қойды. Атырау облысындағы бес ағайынды әкелерінің сексен жылдығына арнап өзі ерекше ұнататын осы әуенді сұраған екен. Содан соң ғана әрқайсысы әкелерін екі айдан өз үйлерінде қарайтын болып келісті. Әйтсе де ағайындылар артық жүкті артып алғандай тарасты.
Ал егер ертеңгі күні осы сәт өз бастарына түспесіне кім кепіл? Шын сыйластық жоқ жерде – өмір көңілсіз, көңіл – сенімсіз.

«Тірі болғым келеді»
Мұрағатымнан сарғайған студенттік дәптерімді тауып алдым. Сабақ үстінде ойға беріліп, дәріс дәптерінің артқы парағына өзімше шумақтар жазып қоятын әдетім болатын. Жылы да, күні де белгіленбеген, көзге тым ыстық көрінген сол жазбам төмендегідей екен:
«Өлі емес, тірі болғым келеді.
Жақсылардың бірі болғым келеді.
Арайлы таң, тазалыққа ұмтылып,
Адамдықтың үні болғым келеді.
Өлі емес, тірі болғым келеді,
Ұсақ емес, ірі болғым келеді.
Биіктікке, армандарға ұмтылып,
Ізгіліктің шыңы болғым келеді.
Пенделіктің құлы болғым келмейді,
Надандықтың сыры болғым келмейді.
Күйкі тірлік шеңберінде сенделген,
Көп пенденің бірі болғым келмейді.
Жасықтықтың құлы болғым келмейді,
Қуыс кеуде, мұңсыз болғым келмейді.
Тіршілік ол – шексіз жырдың мекені,
Сол мекенде тірі өлгім келмейді!
Өлі емес, тірі болғым келеді.
Жақсылардың бірі болғым келеді.
Арайлы таң, тазалыққа ұмтылып,
Адамдықтың үні болғым келеді.»

Сен бақытты қалай түсінесің?
Мен өзім бақыт дегенді мынадай жеті жағдайда түсінемін:
1.Жарық дүниеде өмір сүріп Адам екеніңді сезіну.
2. Қабілетіңді, бойыңдағы дарынды, азаматтығыңды дәлелдеу.
3. Адамдарға қуаныш сыйлай білу.
4. Сені іздейтін, сағынатын адамыңның бар екенін ұғыну.
5. Адамдардың сеніміне ие болу.
6. Борыш пен парызға адал болу.
7. Артыңда өшпейтін ізгілікті із қалдыра білу.
Мұның бәріне жету үшін ең алдымен ақыл-парасатың мен денсаулығың керек! Ал бір сөзбен айтсам, өмірге адам боп келіп, Адам боп қалу.

Иттің қасиеті
Әріптесім Абай Тоқсаба бірде иті туралы айтқан мынадай әңгімесі есімде қалыпты. Оның Құттыаяқ атты иті соңғы кезде босатса болды, қай-қайдағы қоқыстарды тістеп, үйдің маңайына алып келуін әдетке айналдырады. Жұбайы: «Мына, ит өзгере бастаған сияқты», – дейді. Содан отағасы әлгі итті көлікке салып алып, қаладан 30-40 шақырым жерге апарып, босатып жібереді, қимастықпен бір-біріне қарап біраз тұрады да, иесі итті тастап, көлігіне мініп кетіп қалады. Сол-ақ екен әлгі ит соңынан жүгіре жөнеледі. 20 шақырымдай ұзаса да, жүйткіген көлік соңынан бір елі қалмайды. Жүрегі елжіреген Абай «қой, мұным жарамас» деп көлікті тоқтатып, сыртқа шығады. Сол сәтте ит жүгіріп келіп иесінің мойнына асылып, бетінен, қолынан жалап, қыңсылайды, “мені тастап кетпе” деген сыңай танытады. Содан итті тастамауға бел буып, үйіне қайта алып келеді.
Таңертең ұйқыдан тұрып, есік алдына шықса, Ақтөс көрінбейді, маңайды, қора-қопсыны шарлап итін еш жерден таба алмайды. Сол кеткеннен мол кетті. Сөйтсе, өзін керек етпегенін сезген ол өз еркімен үйден кетіп қалған екен. Бұл да жеті қазынаның бірі саналатын иттің тектілік қасиетінің бір қыры шығар… Керек еместігін сезіну хайуанатқа да оңай тимеген секілді.
Мұратқа жазған хаттан
Сол сағыныш… менің қолыма қалам алдырған да, сол сағыныш… жанымды өрт қып жандырған да, сол сағыныш… селт еткізбес жасынды жаңбырдан да, сол сағыныш… шаршатпаған сан қилы тағдырдан да… Сене білсең, сол сағыныш… бұлағы болды көңілімнің, сол сағыныш… тұрағы болды өмірімнің, сол сағыныш… шырағы болды сенімімнің! Екеуміздің арамызды жалғаған сол сағыныш өшпейтін жалын берген достығымыздың белгісі, ар-намысымыздың айғағы. Алыс шақырымдарды жақындатқан пейіл кеңдігі. Өмір, өлең сыйлаған сол сағынышымыз тоқтамасын, сарқылмасын, мейлі біреулер күндесін, қарғалар мейлі қарқылдасын, біздің сезіміміз өлмесін, сағынышымыз мәңгілік жарқылдасын!

Адамдық от
Адамдар қызық. Біреу шам жағады, біреу оны өшіреді. Біреу өзгенің сенімін жағады, ал біреу сенім отын күлге айналдырады. Біреу ізгілік отын алаулатады, ал енді біреу тоңазытқыштан жаңа шыққандай аяздай шарпып,мұз боп қатып қалады. Біреу қараптан қарап тоңады, қанша от жақса да, қанша пеш қосса да жылына алмайды. Өйткені жылылықтың не екенін ұғына алмайды.Ал біреу адамдық ықыластан, шынайы көңілден,сезім гүлінен жылылықты сезінеді. Жылылықты сезіну – адамдықты сезіну емес пе? Ия,бәрінен де адам жүрегіндегі жарықты жаға білгенге, көңіліңдегі отты таба білгенге не жетсін, шіркін?

Не маңызды?
Адаммен қалай танысқаның маңызды емес, қалай араласқаның маңызды. Шен-шекпенің, қызметің маңызды емес, адамдық ізетің маңызды. Доспыз деп жар салғаның маңызды емес, нағыз достығың маңызды. Қымбат көлігің маңызды емес, қымбат та адал көңілің маңызды. Қай жерде туғаның маңызды емес, перзенттік парызың маңызды. Алыста жүргенің маңызды емес, қай жерде жүрсең де еліңді, жеріңді ұмытпағаның маңызды. Қанша оқу орнын бітіргенің маңызды емес, қандай тірлік бітіргенің маңызды. Әйтеуір тірі боп бос жүргенің маңызды емес, жарқырап, жайнап, өкінбейтіндей өмір сүргенің маңызды.

Өмір құндылығы
Түсіне білгенге, саналы жанға шексіз мүмкіндік берілмеген. Тыраштанып «көтере алмас шоқпарды белге байлау» кімге керек? Жүректе сақталға ынсап пен қанағат жақсылыққа, иманға жолдас бола біледі. Мәселен, көлік сатып аларсың, бірақ жүрер жолыңды сатып ала алмайсың ғой. Тіпті кеме де сатып аларсың, бірақ бүкіл теңізді сатып ала алмайсың ғой. Қанша мықты болсаң да оралмасқа кеткен өткеніңді бүгінгі күнге алып келе алмайсың. Қанша құдіретті болсаң да, кезінде қадірін түсінбеген ата-анаңды о дүниеден қайтарып ала алмайсың. Қанша ақшаң көп болса да, адал достық пен шынайы махаббатты сатып ала алмайсың. Ал арсыз жан күнде сатылуы мүмкін. Бірақ арлыны сатып ала алмайсың. Сол қимас, аяулы, ардақ қасиеттерімен адам да ғажап, жарық дүние де керемет! Есіңде болсын, мына өмір осындай сатылмайтын дүниелерімен құнды емес пе?!

Тағы бір күн өтті…
Таң атуын қоймайды. Күн батуын қоймайды. Бұл тіршілік. Бұл жалған. Сенің өмірің қолыңдағы зырылдаған сағаттай өтіп жатады. Мән бермейміз. Тек анаған, одан мынаған үлгеру керек деп шапқылаймыз, жанталасамыз. Күнделікті тірлігің осылай қайталанса да өзіне тән естелігі бар, қайта келмес сәттері өтуде.
Таңның атқаны жаз сияқты, шаттық сыйлайды. Күннің батқаны күз сияқты, мұң сыйлайды. Міне, тағы да күн қимастан өз ұясына аттанып барады.
Адамға деген сенімім
Толқыған терең теңізсің, жылытқан жанды лебізсің, ізгілікпенен егізсің, адамға деген сенімім! Жаныңды кейде жылатқан, жасыңды сүрткен жұбатқан, бақыт боп жеткен жырақтан, адамға деген сенімім! Кеудеме жарық бересің, үмітті жағып келесің, сүйреген өмір кемесін, адамға деген сенімім! Сенімсіз өмір жоқ мәні, сәулелі шақтың ақ таңы, көңілдің сенсің оттары, адамға деген сенімім!
Өзіңе сен
Күнім шықты деп қуанба, оның батуы да бар екенін ойлағын.
Жарығым жанды деп қуанба, оның сөнетін кезі де болатынын ұмытпа.
Есігім ашылды деп мәз болма, ол есіктің жабылып қалатын да сәті бар.
Досым көп деп мақтанба, мына жалғанда доссыз қалатын да күн болуы мүмкін.
Асылың, гаухарың, алтының көп болса да пайдаға аспайтын сәттері бар.
Қара түнекке кіріп кеттім деп қапаланба, күте білсең қара бұлт ыдырап, күн шығады.
Саған қиянат жасады деп қайғырма, бұл да өмірдің бір сабағы деп біл.
Өзгеге арқа сүйей берме, бәрібір өзіңе қажеттіні өзің шешесің.
Аспаныңды бұлт басты деп қамықпа, көңіл-аспаныңның күнін жарқырата білу өз қолыңда!
Дүние – алма кезек
Қайда жүрсең де, нені бастан өткерсең де, өзіңді өзің жоғалтпа. Басқа түскен істі қара нардай қайыспай көтере білген жөн. Жіберген кемшілігіңді қайта-қайта еске алып, мезі етудің қажеті жоқ. Еңсеңді түсірме. Өзіңді қайта қамшылай түс.
Келген қуаныш пен кенелген байлыққа да құл болып кетудің қажеті жоқ.
Бүгін бар нәрсе ертең жоқ.
Бүгін жоқ нәрсе ертең бар.
Бүгін сенде бар байлық ертең өзгеде болады.
Дүние қашан да алма кезек емес пе?
Бәріне жауапкершілікпен қара. Қолыңа билік тисе де мәңгілік деп есептеме. Одан да айырылатын кезің болады. Тауға шықсаң таудаймын деп есептеме. Көтерілер жолың барда төмен түсер жолың барын ұмытпа. Кейде судың да сұрауы болатынын естен шығарма.

АЛТЫНЫМ
1
Сен үшін ең қымбат сөз “ӨМІР. СЕНІМ. АРМАН. ” болуға тиісті. Күш беретін де, жігер боп демейтін де, сәуле боп жарқырататын да осылар. Өмірді сүю арқылы Сенімді берік ұстанумен, Арман биігін бағындыратының сөзсіз…
Алтыным! Қиындыққа кезіккен жалғыз сен емессің! Бұл өмір заңы. Барлық адамға үнемі керемет болуы мүмкін емес.Сондықтан сабырлы бол. Айналаңа, табиғатқа қарашы, үнемі Күн шығып тұрған жоқ қой: бұлтты, жауынды, дауылды сәттер кездеспей қоймайды. Бәрібір қыстан соң көктем шығатынына сену керек. Басыңды көтер, алтыным!
Алтыным! Әр күнімді жақсы күн деп қабылдаймын. Мұң сыйласа да ол менің күнім, менің өмірімнің бір сәті. Еш уақытта қайта келмейтіні ақиқат.Сондықтанда мен үшін қымбат.
Өмір – керемет! Өмірге деген сүйіспеншілігің артқан сайын әр сәтіңнен бақыт табасың, әр сәтіңнің қадірін ұғасың.
2
Алтыным! Әрбір сәтің өзіңе байланысты. Сен айқайласаң, ол да айқайлайды.Сен оны жақтырмасаң, ол да жақтырмайды. Сен күлсең, айналаң да күледі. Күле білсең жұрттың өкпе-назын да ұмыттырып жібересің. Қабағыңды түйгеннен пайда жоқ, сондықтан да үнемі күліп жүруді дағдыға айналдыршы.
* * *
Адам мен домбыра бір-бірімен байланысты. Дарынды адам домбыраны қолға алса, керемет әуен шығып, өзгелер қол шапалақтап, қуанады. Ал дарынсыз адам қолға алса, төбесін тесердей жағымсыз дыбыс шығып, өзгелер қаша жөнеледі. Иә, жақсы адамдар бір-бірімен жолықса, дарындыдай шаттық сыйлайды. Ал жаманмен жолықсаңыз дарынсызғатап болғандайсыз.
Достық деген жолға шыққан көлік сияқты. Нашар көлік нашар достық сияқты тек асфальтталған дайын жолмен ғана жүреді. Жақсы көлік, жақсы дос жол таңдамайды. Нашар көлік тез сынып қалады. Жақсы көлік қай жолда да тынбайды. Жақсы дос қандай сында да сынбайды.
Жарқырап, жайнап, жасай берші, жақсы Адам! Сен барда айнала керемет, мынау дүние сұлу, Өмір ғажап!

* * *
Тағдыр – тауым құлатпа,
Төзе білген жеңеді.
Жүректегі сұраққа,
Жауап болғым келеді.

Күрсінесің толғана,
Көп қой оның себебі.
Жалғыз қалған жанға да,
Серік болғым келеді.

Кімге сабақ жай мына,
Қасіретті білмес кім?
Қапастағы қайғыға,
Қуаныш боп тілдестім.

Келгеннен соң өмірге,
Гүлдей ғажап ашылсаң.
Шөліркеген көңілге,
Зәмзам болып шашылсаң.

Жар боп жалғыз, Құдайым,
Жығылғанға жетермін.
Жабыққанға, ылайым,
Сырлас болып өтермін.

Талмай тағдыр – қанатым
Өмір сүрсем өлместей!
Жүректерде жанатын,
Шырақ болсам сөнбестей!

Тағдыр – тауым құлатпа,
Төзе білген жеңеді.
Жүректегі сұраққа,
Жауап болғым келеді.

Қадір-қасиет
Таңдай кепкен аптапта,
Көл қадірін сезерсің.
Тар жол тайғақ қатқақта,
Ер қадірін сезесің.

Үйренген бе жұрт оған,
Біреу сені шымшылар.
Іші сырқат,сырты аман,
Қиянатқа кім шыдар?!

Топ бәйгеге қосылмай,
Жүйрікті кім танымақ?
Бәрі саған досыңдай,
Намысты кім жанымақ?

Суығына тоңбасаң,
Ыстығына күйер ме ең.
Туған жерің болмаса,
Отаныңды сүйер ме ең.

Сапарға ұзақ шықпасаң,
Жол қадірін білмес ең.
Өзгені шын ұқпасаң,
Бірге дос боп жүрмес ең.

Дақ салады көңілге.
Көре алмаған, күндеген.
Азамат па өмірде,
Өз қадірін білмеген.

Таңдай кепкен аптапта,
Көл қадірін сезерсің.
Тар жол тайғақ қатқақта,
Ер қадірін сезесің.
Іздерсің, мені
Іздерсің, мені сағынып,
Көгілдір сағым күндерден.
Іздерсің мені сабылып,
Айға мұң шыққан түндерден.

Сарғайтса ізде күз демі,
Сағыныш күйі сыймастан.
Тырнаның сонау тізбегі,
Тыраулап ұшса қимастан…

Іздерсің мені, әр күннен,
Мазалай түссе жан сырың.
Тербеліп жаның жаңбырмен
Оятса үні тамшының.

Іздегін мені, сабылып,
өзіңмен- өзің қалғанда.
Көңілмен таза сағынып,
Жүргенің керек жалғанда.

Іздеші, албырт сезіммен,
Ізгілік гүлін ап келген.
Балдәурен, жастық сезілген,
Күнделік болған – дәптерден.

Іздерсің, мені тұңғиық –
Жанарда жасың тұнған шақ.
Жаныңа қоңыр мұң құйып,
Жазылған осы жырды аңсап.

Бір сәтке таппай жай – тыным,
Айнала берші жалынға.
Әйнектен түскен Ай нұрын,
Жаным – ау, мен деп қабылда.

Іздерсің, мені білсін деп,
Ада боп қалшы күнәдан.
Сенеді жүрек дүрсілдеп,
Іздейтініне бір адам.
* * *
Іздеуге шықсаң шынымен,
Естуге ақын дауысын.
Жаңғыртам күні-түнімен
Тылсымға тұнған тау ішін.

Іздесең адал арыңмен,
Нұрыма менің қанарсың.
Іздесең егер жаныңмен,
Жанымды іздеп табарсың.

Іздесең ізде, жалын дем
Алаулап жанға салар мұң.
Тамшыдай тамған нәріммен,
Жаныңда сыр боп қалармын.

Іздеумен мен де жүр едім-
Сөзімде осы жалған жоқ.
Тірегің болсам, бір емің,
Менде онда, жаным, арман жоқ!

Іздей бер, ізде, тынбағын,
Іздеумен өтсін ақ таңың.
Алдыңнан шықса жырларым,
Мені іздеп онда тапқаның!
Күрсінбеші
Аманында жарқыраған Күн – Айдың,
Күрсінбеші,
Неге сонша мұңайдың?
Шық түспесін көңіліңе жауқазын,
Жанарыңа шаттық толсын, шырайлым.

Күрсініспен өтпесінші ақ таңың,
Қайта айналып келмес жарқын
шақтарың.
Жаз дидарың жапырақтай жайқалып,
Жазиралы гүлге айналсын бақтарың.

Күрсініспен өтпесінші күндерің,
Мұңаймасын, солмасыншы гүлдерің.
Қайғы уы жайламасын жаныңды,
Керек маған қуанғаның, күлгенің.

Күсініспен өтпесінші сағатың,
Таусылмасын төзім – қуат, тағатың.
Өмір – толқын қанша қатты соқса да,
Қайрылмасын, қатайсыншы қанатың.

Ғұмыр кешкен күнге қарап құлшынып,
Адам жасар ақ арманға құлшылық.
Ойдағыңды ойран етіп кететін,
Оңай емес, оңай емес тіршілік!

Азап меңдеп, қалса дағы құр сүлде.
Ғазиз жүрек, жалындай бер, дүрсілде
Тауқыметі көп болса да тағдырдың,
Өрлігіңді өксітпе сен, күрсінбе!
* * *
* * *
Тұман да болса жан-жағым,
Жүрегім, жаным, егілме.
Салғанда тірлік салмағын,
Жалғыздық дерті жеңіл ме?

Жалғыздық дерті жеңіл ме,
Оранса жүрек жалынға.
Осынау фәни өмірде,
Мүмкін бе, мұңға малынбау?!

Аялап өтер ардағым –
Айтылмай қалған сырларым.
Сездірмей жүрген зардабын,
Аяулы, тәтті мұңдарым!

Бәрін де, бәрін жасырдым,
Ақ сандық – алтын кеудеме.
Бір туар дедім асыл күн,
Шуағын төкпес ол неге?!

Ойлардың бітпес ағысы,
Табамын деумен бір емін.
Жүректің дүрсіл – қағысы,
Жанымнан іздер тірегін.

Ұмтылам ізгі арманға,
Жүргем жоқ босқа жер басып.
Іңкәрлік артып әр таңға
Ынтызар болған мен ғашық!

Шөліркеп сені аңсадым,
Намысқа сүйреп жалын дем.
Қанша күн болсын, қанша мұң,
Өмірді сүйем, жаныммен!
*****

ҚАЗАҒЫМ
Қазағым – ұлы елім, Қазағым – тағдырым,
Қазақ деп өтеді әр минут, әр күнім!
Ұрпақтық парызым – айбынды айбарым,
Арымдай қымбатты көк туым – байрағым.
Қазағым қорғаным – айнымас тірегім,
Қазақ деп соғады намысты жүрегім!
Сөнбейтін сәуленің өшпейтін нұрымын!
Талмайтын қанаты текті ұрпақ ұлымын!
Бір-ақ рет өлемін, өлмеймін жүз рет,
Қазағым мен үшін мәңгілік құдірет.
Жігерлі жанымды от болып өртеген,
Қазағым мен үшін тым биік мәртебең.
Домбыра үніңнен сиқырлы саз ұғам,
Қазағым сатылмас ең құнды қазынам!
Рухыңа бас иіп, отыңа күйемін,
Ардақтап атыңды, анамдай сүйемін!
Қазағым – өмірім, Қазағым – тағдырым,
Өзіңмен өтеді әр минут, әр күнім!
Қазаққа жаны ашып, қазақты ойлаған,
Сүйемін адамның барлығын!

Бір-ақ рет

Арналсын әнің асыл,
Көңіліңнің төрін ұсын.
Беріліп сағынасың,
Бір-ақ рет көру үшін

Болмасын көңіл-сынық,
Бас алға жеңу үшін.
Жүрсің сен өмір сүріп,
Бір-ақ рет өлу үшін

Әйтеуір жеңіл деме,
Мазалар сұрағым көп
Келесің өмірге де,
Ұғыншы бір-ақ рет!

Әр кезің тәберіктей,
Есіңде қалса бір күн
Жіберген қателікте,
Бір-ақ рет болса, шіркін?!

Адами шапағатты
Қабыл ап жүрегіммен
Бір ғана махаббатты,
Өзіңе тіледім мен.

Әйтеуір жеңіл деме,
Мазалар сұрағым көп
Келесің өмірге де,
Ұғыншы бір-ақ рет!

*****
Күштімін деп мақтанба,
Құздан бір күн құларсың.
Құр бекерге шаттанба,
Көп күлсең бір жыларсың.

Болса бойда сабырың
Шыңға биік шығарсың
Тәтті өмірдің қадірін
Қиналғанда ұғарсың.

Баз кештім деп жасыма,
Бақыт бір күн жетеді.
Баймын деп те тасыма,
Дәулет бастан өтеді.

Дақ түсірмей көңілге,
Сыйласа біл тірлікте.
Ұмытпағын өмірге,
Қойылады бір нүкте.