Иірім. Мен. Мейірім

Иірім. Мен. Мейірім

03.01.2019 Off 219

OQSYZ.Жаңа жылдағы жазба
Өнегемен өрнектелген өсиет,
Ұлағатқа ұрпақ түгел бас иед(і).
Тірі жүру ісі емес пе пенденің?!
Тұлға болу – ол ірілік, қасиет.
…«Айналайын, Ақсұңқар! – сен адал азамат болып өсуің керек! Алашқа атың мәшһүр болуға тиісті. Сен аманатсың! Жалғызымның артындағы шырағысың! Менің бар өмірімнің мәнісің, құлыным!» – деп арайлы таңның атысынан кештің батысына дейін бар тілеу осы баланың үстінде. Таңертең оқуына жіберген апасы, әдеттегідей Ақсұңқардың келетін уақытының алдында көшеге шықты. Қос жанары жолдың басында жалтақтауда. Алдынан кім өтсе де, амандасқаннан ақ-адал ниетіменен ақтарыла бақыт тілейді. Басындағы ақ кимешегі, үстіндегі қазақша нақышталған жейдешесі биік болмысына ерекше көрік беріп тұрғандай. Бетіндегі әжім-қыртыстары тағдырдың тарамысты жолдары секілді. Бәрін ұғыну қиын емес. Жүзіндегі жылулық, жүрегіндегі мейірім кез-келген жанды ерітпей қоймайды. Сарыла күткен сары балапаны да аяулы апасына қарай асықты. Күре жолдың үстінде, жүрісін жылдамдатып келеді. Келді де құшағына алып, маңдайынан иіскеді.
-Апа, Апоу мен бар ғой ия, кешке дейін зорға шыдадым?) Білесіз бе ? Сізді со-о-ондай сағынып кеттім. Жүріңізші үйге, отырып шай ішейікші! Құлыным-ау, жүр, жүр – деген ишарамен үйге енді. Дастарқан басында, Ақсұңқар: -Әже десем қартайып қалған сияқты көрінесіз! Сондықтан апа деймін. Неше жасқа келсеңіз де мен үшін жассыз! Жүрегіңіз жас қой, апа! Ана жолы өмір дегенді түсіндіріп, тарқытып айттыңыз. Түсінемін, білемін. Ал, өмір сүру деген не? Әркім әрқалай өмір сүріп келеді? Мысалы, ғалымдардың пікіріне сүйенсек, адам баласына Алла тағала әртүрлі жануралардың ғұмырын береді екен. Мәселенки, бірі қыран құстай қасиетті болса, екіншісі құзғын қарғадай шірік пен өлексеге құмар болады емес пе? Ешуақытта қарға қыранның деңгейінде ұша алмайды! Осыған келгенде, филосософиям жетпейді… Қа-а-ап. Қанеки, апа не дейсіз? Құлағым сізде?
– Балам, өмір сүру үшін де өміріңді қиюға тура келеді. Осыны есіңнен шығармағайсың! Адамдар өнер үйренуге құмар-ақ. Бірақ, өнердің үлкені – өмір сүру өнері. Тағдыр шоқтағы қызыл темір емес, июіңе көнбейді. Керісінше тосынсыйлар арқылы өзіне бағындырады. Атыңды да тектен-текке Ақсұңқар атағаным жоқ. Басыңа қандай күн туса да, бір Алладан күдеріңді үзбе. Жаныңда жүрген жандардан тек адамдық пен адалдық іздегейсің! Сонда ғана, өмірдің күзгі дауылына көп кезікпейсің! – деп баласының жалын оттай лапылдаған жүзіне ұзақ қарап отырды. Үй ішін қалың тұман жапқандай, тыныштық орнады. Кенет, Ақсұңқар апасына жалт қарады да:
– Апа тағы бір сұрағым бар?!
– Айта ғой, айналайын! Сенің сұрақтарың қызық болып барады.. Көп ойлануға тура келеді екен, жарығым менің!
– Әппақ айым, апатайым, айтыңызшы! Біреулер бақыттымын дейді. Кей кісі бақытсызбын деп мұң шағады. Бақыт деген не нәрсе? Сіз бақыттысыз ба?!
– Жарқыраған жұлдызым менің, орамды ойың санаға сілкініс сыйлады. Ия, бақыт деген – өмірге келуің. Әрбір атқан таңын – саған Алланың берген ризығы деп қабылда. Бақыт – биік мансап пен мол байлықта емес. Деннің саулығында, жүректің тыныштығында деп ұғын. Адам ғұмыр бойы бақытты болуы мүмкін емес. Қуанышы мен қайғысы қатар келетін замана да сәтсіздіктердің де болуы ақиқат. Сондықтан, басыңа келген қиындық сынақтарында бақытты сәттеріңді ұмытпай, сабақ алуға тырыс. Кез-келген қиыншылықтың қайыры барын жүрегіңмен ұқ, шырағым! Бақыттың кілті – Қасиетті Құранда екенін ұмытпа, жарқыным! «Кез-келген саналы адамның соңғы табан тірейтіні – Ислам» – деген Л.Толстойдың шырылы шындық. Хақ жолынан тайма! Болмысыңдағы адамдықтың шырағданын сөндірме! Сонда ғана бақытты боласың! Әрине, құлыным, мен бақытты пендемін! – деді де алдындағы оюлы кеседегі шайың аз-маз ішті де, сәл кідіріп ақтарыла сөйледі. Өткен өмірінің эпизодтары көз лентасына орала берді. Жүзін бірде жасқа бояды. Біресе, қуаныштың отына алаулатты. Жүрек толқынысын баса алмаған тебіренісі төмендегідей өрнектелді:
– Өмір сүре берсең, көре береді екенсің! Көре берсең – көне береді екенсің! Апыр-ааай осы сәтке жетер ме екен көп ойландым. Шүкір. Сенің барыңа шүкір. Атаң екеуміз танысқанда, ғұмыр бойы бір боламыз деп серттесіп ек. Адамның емес, Алланың айтқаны болады екен. Атаң жетімдер үйінде тәрбиеленген азамат еді. Екеуміз шаңырақ көтердік. Тойымыз болған жоқ. Біраз уақыт атаң ыңғайсызданып жүрді. Екеуміздің тойымыз болмаса да, алда ұлымыздың сүндет тойын бірге өткіземіз. Мен сол кезде-ақ ақ көйлек киіп шығамын деп қолдау беруге тырыстым. Келе, құрсақ көтеріп ем, тірі күйінде босана алмадым. Бұл да бір сынақ деп араға 6 ай салып Құдай тағала перзент көтеруді нәсіп етті. Жеті ай етіп дүниеге әкелдім. Алайда, аурухана да шетінеп кетті. Қалай да тағдырдың суық дауылана қарсы тұрамыз деп бекіндік. Тәуіп аралағанымыз жоқ, Тәңірден тіледік. Араға 3 жыл 4 ай 5күн салып сенің әкең дүние есігін ашты. Мен перзентханаға кеткеннен атаң-жарықтық үй астындағы намаз бөлмеде құлшылықта болыпты. Атын – Тәңірберген деп атадық. Сол мезеттегі қуанышымызды білсең ғой, шіркін… Асқар тау атаң – алтын адам еді. Мен өмірдегі ең жақсы әке боламын деп армандайтын. Қырқынан шығарып, елді жиып ас берелік деген оймен, базарға азық-түлікке аттанып еді. Ауыр жол апатына ұшырап табытпен оралды. Бүгінде темір деген аждаһа шықты, қайтейін? Қолымда құлыным, көкірегімде батпан ауыр мұң. Ол күнді еске алайын дегеннен талықсып қалам(ын). Қуанып-ақ, маңдайымнан иіскеп, ұлын құшырлана сүйіп кеткен. Өлерің сезді ме, қайдам? Қуаныштың асына емес, қазаның басына келді, туыстар. Сәтсіз кадрларда өз жолымен өте берді. Тәңірбергенді елінен бөлмеймін. Әкесінің қара шаңырағының отын өшірмеймін деп, ешқайда бас сауғаламадым. Жетеледім. Жеткіздім. Бойына ана жылуын төгіп, әке мінезін қалыптастыруға зор күш сарп еттім. Тәубә! Әкесінен аумаған апталдай азамат болды. Оқуды үздік тәмамдады. Сүйгеніне үйленді. Негізі сенің әкең де анаң да өте сұлу болатын. Бірақ атаңа жету қайда оларға? – деді де бір күліп алды. Самаурындағы ыстық шайдан кесеге құйып, әңгімесін жалғастырған әженің көңіл көкжиегіне қара бұлт төнді. Даусы дірілдеп: әкең – Тәңірбергенім кісі қолынан қаза тапты. Ерімнің дүние салғаны бөлек күйзеліс. Ұлымның қазасы жанымды жегедей жеді. Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Менің күнімді ешкімге бермесін! Жалғандағы ең қиыны перзентімнің өлімі.
Жалғызға біткен жар тұяқ,
Жер жабыстырып алды ғой… – деп ғұмыр бойы іштей күңіреніп келдім. Келінім Айбала құрсағындағы 8 айлық баламен жесір қалды. Қатты күйзелді. Шаранаданда айырылып қаламын ба деп қорықтым. Аллаға мың мадақ. Көрер күнің бар екен, жарық ғаламға есен-сау жеттің! Күйзелістің әсері болар, сені босанып болған соң, аяулы келінім перзентхана бөлмесінде бақи мекеніне аттанып кете барды. Арпалыста жүріп көп қан жоғалтып алған екен. Маңдайыма жетім бағу жазылған ба білмеймін. Елдегі 7 әжені жинап, қой сойып, екі санының ортасынан айқастыра өткізіп, бауырымен қандап «сатып алды» ырымын жасап, бауырыма бастым. Келінімді де жер қойнауына табыстадым. Сені ешкінің сүтімен өсірдім. Мына көз не көрмеді. Басымнан көп қайғы кешірдім. Сен бәрін ұмыттырып, жаралы жаныма сәуле төктің, жарығым. Міне, бүгінде ер жетіп келесің! Сен егер білсең, Менің бақытым – бір сен! – деп Ақсұңқарды құшағына алып, мейірімі қанғанша құшырлана ұзақ сүйді.
Басымнан талай өткен іс,
Боздатып кейде аймалап!
Жолдарың балам теп-тегіс
Теп-тегіс, бірақ тайғанақ! – Сен, Тәңірбергеннің Ақсұңқарысың – Алаштың азат аспанында еркін самға! Адамдықтың заңғарына шықта,адалдықтың ақ туын жықпа! Өмір жолың ақ болсын, алтыным! Аумин! Осымен сұрақтарың аяқталса, мен дастарханды жинайын. Сен реттеліп, жата ғой! Жақсы демал, құлыным!
Жүрегінде жұмбақ сұрақтың жауабы табылғанына қуанып, жата қалды. Ия, расыменде біз оқымысты болып, мамандық таңдауға құмармыз,ә?
Ерек ағыс, өмірімнің арнасы,
Бөрі намыс, болмысымның таңбасы.
Мен екенмін ата-әкемнің бүгінде
Медет қылған, ғұмырының жалғасы! – Өмірдегі кез-келген тағдыр иірімін – мейірім ғана жеңе алады екен. Әжемнің әңгімесінен соны ұғындым. Сондықтан тек өзім үшін емес, атамның, әке-шешемнің үмітін үздірмей, ұрпақтар сабақтастығында көркейтуім қажет. Жоғарғы білімі болмаса да, апам қандай қажырлы. Даладай кең білімді данышпан! Әжем – менің мақтанышым! Мен әжемнің, әлемнің мақтанышы болуға тиіспін!
Көңілдегі күдік кірбііңін сейілтіп, сәуле шашқан кешкі әңгіме үлкен сабақ болғандай.

Бекзат Сатыбалдыұлы