Астанада Наурыз мерекесін тойлау басталып кетті

Астанада Наурыз мерекесін тойлау басталып кетті

13.03.2019 Off 21

OQSYZ.ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Қазақстан» мемлекеттік концерттік ұйымы наурыз мейрамын атап өтуді жаңа жобалармен бастады.

Жуырда ғана Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Наурыз мейрамын жаңа үлгіде атап өту жөнінде: “Заман талабына сай Наурыздың форматын түбегейлі өзгерту қажет. Наурыздың айрықша тәлім-тәрбие, қадір-қасиет беретін түрлері өте ерекше. Сондықтан, Наурыз мейрамына жаңа реңк беру үшін, адамның ұлтына, діни бағыныштылығына қарамастан, адамгершілік құндылықтарға мән бере отырып, Қазақстан халқы түгел қамтылатындай мазмұнын жасау керек» деп атап өткен болатын.

Осы орайда, “Хабар” агенттігімен бірлескен  «Ұлыстың ұлы күні» жобасының шымылдығы түрілді.

Өнердің озық үлгілерінің халыққа қолжетімдігін қамтамасыз ету мақсатында «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы «Ұлыстың ұлы күні» концертінің 400 билетін қайырымдылық мақсатта әлеуметтік деңгейі төмен көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға, сондай-ақ балалар үйінің тәрбиеленушілеріне тарту етті.


«Ұлыстың ұлы күні» жобасы шеңберінде көрермендер ұлттық салт-дәстүрлер мен спорттық ойындарды, ақындар айтысы  мен халық әуендеріне құрылған ән шашу мен күй тартыс сынды ұлттық мәдениетіміздің озық үлгілерін тамашалады.  «Қазақстан» концерт залының үлкен сахнасы мен фойесі ерекше сән-салтанатпен безендіріліп, киіз үй үлгісі ұсынылды. Көрермендер Ер Төстік, Алдар көсе, Шықбермес Шығайбай, Тазша бала сынды қазақтың аңыз-ертегілеріндегі кейіпкерлердің жаңа бейнелерін театрландырылған көріністер арқылы көрді. Ал, сахна төрінде қазақ эстрадасының белгілі әншілері мен топтары өнер көрсетті. Бұған қоса, концертте «Астана мюзикл» мемлекеттік театры үздік мюзиклдердің үзінділерін ұсынды. «Ұлыстың ұлы күні» концертінде көрермен сүйіп тыңдайтын халық әндері, заманауи сазды әуендер жанды дауыста «Астана сазы» және «Saz&soul» ұжымдарының сүйемелдеуімен орындалды.

Министр Арыстанбек Мұхамедиұлы бұл мерекені балалардың көз қуанышына айналдырып, оқушылардың үшінші тоқсандық демалысын наурыз мерекесіне үйлестіру, Наурыздың атрибуттық белгісі, эмблемасы һәм символикасын бекіту, осы мейрам аясында тал егу, көрісу, тағы да басқа құндылықтарды дәріптеу, мерекені заманауи ұлттық киімдермен қарсы алу сынды бірқатар маңызды жобаларды алға тартқан болатын. Дәстүр озығын дәріптеп, атадан балаға мирас салт-сананы жаңғырта отырып, ұрпақ баласына насихаттауға бағытталған Түркі жұрты түгел тойлайтын ұлық мерекеге арналған бастаманы еліміздің барлық облыс, қалалары жандандырмақ.

 

Мадина САБЫР