Аналар облыс әкімімен бірге би билеп, концерттік бағдарлама тамашалады

Аналар облыс әкімімен бірге би билеп, концерттік бағдарлама тамашалады

06.03.2019 Off 457

OQSYZ.Бүгін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев тыл еңбеккерлері, көп балалы аналар мен түрлі салада еңбек етіп жүрген аналарды 8 наурыз-Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтап, өңіріміздің дамуына өлшеусіз үлестерін косып келе жатқан аяулы жандарға өз алғысын білдірді.

– «Сіздерді көктемнің шуақты мерекесі Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Батыр да, ақын да, алып та анадан туады. Сондықтан жер бетінде ана туралы тебіренбеген адам, ана туралы жыр жазбаған ақын жоқ. Қазақта «Ана алақанының аясы, Ақ шынардың саясы» деген мақал бар. Әрбір перзенттің парызы – алдымен ана сүтін ақтау, ардақты анаға құрмет көрсету. Кезінде заңғар жазушымыз Ғабит Мүсірепов «Әйел ашуланса жеңіледі, еркелесе жеңеді» деген екен. Әлемді, жерді жарық етіп отыратын екі нәрсе бар. Біреуі – Күн, екіншісі – әйел. Ел аузындағы осы қанатты сөз бүгінгі мерекенің ажарын ашып тұрғандай. Егер әр отбасыда ана бақытты болса, онда тұтас ел бақытты болады! Бүгінгі жылы сөздер де, құрмет те тек қана Сіздерге арналады. Барша ақ жаулықты аналарымыз бен қыз-келіншектердің отбасына амандық, жұмыстарына береке тілеймін. Жүздеріңізден күлкі, жүректеріңізден махаббат, көңілдеріңізден шаттық пен қуаныш кетпесін! Мерекелеріңіз құтты болсын!»-деген облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы қоғамның сан түрлі саласында елге қызмет етіп жүрген аналар мен аруларды марапаттады.


Мерекелік шара тарихымызда бір отбасыға ғана емес, тұтас елге үлгі-өнеге көрсеткен ардақты аналарымыз бен батыр аруларымызды дәріптеп, даналықтың белгісіндей Домалақ ана мен ұлы Абайды тәрбиелеген Зере әже секілді текті аналар атын жаңғыртуға арналған «Ана-өмір бастауы» музыкалық хореографиялы-поэтикалық қойылымынан бастау алды.
Концерттік бағдарлама барысында елдің Әнұранына айналған «Менің Қазақстаным» әнінің авторы, өңіріміздің тумасы Шәмші Қалдаяқовтың әндері мен халық шығармаларын ардақты жандар қосыла шырқаса, күйші Нұрсәт Бейсеқожаевтың «Анаға тағзым» композициясын тұңғыш рет «Алаш» аспаптық ансамблі орындады. Мерекелік басқосуда Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткерлері Жұбаныш Жексенұлы, Айжан Тәженова және Әбдіхан Нұрмаханбетов, Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония, облыстық Опера және балет театры, «Түркістан» концерттік орталығының әртістері мен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенттері өнер көрсетті.