Девлет Бахчели Қазақстан Президентінің Түркі әлеміне бағытталған бастамаларын жоғары бағалайды

Девлет Бахчели Қазақстан Президентінің Түркі әлеміне бағытталған бастамаларын жоғары бағалайды

03.12.2018 Off 67

OQSYZ.Девлет Бахчели Қазақстан Президентінің Түркі әлеміне бағытталған бастамаларын жоғары бағалайды. Бұл жөнінде Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі мәлімдеді.

Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы Түркияның Ұлтшыл қозғалыс партиясының басшысы Девлет Бахчелимен кездесті.

Кездесу барысында Елші А. Сапарбекұлы Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Түркі әлеміне, соның ішінде Түркияға беріп отырған ерекше маңызын атап өтті. Елбасының жуырда жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласының Қазақстанның түркілік болмысын айқындай түскенін айтқан Елші Сапарбекұлы мақалада белгіленген нақты қадамдардың еліміздің Түркі әлемімен байланыстарын одан әрі нығайта түсетініне сенім білдірді.

Өз кезегінде, Д. Бахчели Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркі әлемінің ақсақалы және көшбасшысы екенін атап өтіп, оның халықтарымыз бен мемлекеттеріміздің ынтымағын арттыруға бағытталған бастамаларына үлкен ризашылығын білдірді. Түркі кеңесінің іргесін қалау, қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру, Түркістан облысын құру сияқты қадамдар арқылы Елбасының Қазақстанның ғана емес, күллі түркі жұртының дамуына орасан зор үлес қосып отырғанын айтқан Бахчели Түркияның өзінің стратегиялық серіктесі ретінде елімізді қашан да қолдайтынын мәлімдеді.

Кездесу соңында Елші А. Сапарбекұлы Д. Бахчелиге «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының түрікше нұсқасы мен Қазақстан мен Елбасы туралы түрік тіліне аударылған бірқатар кітаптарды тарту етті. Өз кезегінде, Д. Бахчели Қазақстан халқын келе жатқан Тұңғыш Президент күні және Тәуелсіздік күнімен құттықтады.